» » Кимешектен коллекция жинаған әже

Кимешектен коллекция жинаған әже

qarmaqshy-tany.kz КЕЙІНГІ ҰРПАҚ КИМЕШЕКТІ ӘЖЕЛЕР ҒАНА КИЕДІ ДЕП ҰҒЫНАДЫ. ӨЙТКЕНІ ОЛАР КИЕЛІ КИМЕШЕКТІ МУЗЕЙ СӨРЕСІ МЕН ҚАЗАҚТЫҢ САЛТДӘСТҮРІ ЖАЙЛЫ КІТАПТАРДАН ҒАНА ОҚЫП-БІЛІП ЖҮР. ОҒАН БІЗ ОЛАРДЫ КІНӘЛАЙ ДА АЛМАЙТЫН СЕКІЛДІМІЗ. КИМЕШЕК КИЮ ӘДЕБІ ҚОЛДАНЫСТАН 1970 ЖЫЛДАРЫ ШЫҒЫП ҚАЛҒАН. КҮЙІП ТҰРҒАН ҚЫЗЫЛ КЕЗЕҢДЕ ДЕ МҰСЫЛМАНШЫЛЫҒЫН ҰСТАНҒАН АНА-ӘЖЕЛЕРІМІЗ КИМЕШЕКПЕН ЖҮРІП, ОНЫ ҚАСТЕРЛЕЙ БІЛГЕНІ КӨРІНЕДІ. БІЗ СӨЗ ЕТКЕЛІ ОТЫРҒАН АРДАГЕР-ҰСТАЗ, АУДАНДЫҚ «ӘЖЕЛЕР АНСАМБЛІНІҢ» КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ ТАЛМАШ ЖҰМАБАЕВА АСЫЛ АНАЛАРДЫҢ КИЕЛІ КИІМІН ҚАСТЕР ТҰТЫП, КОЛЛЕКЦИЯ ЖИНАП ЖҮРГЕН ЖАН.
Апамыздың айтуы бойынша басында коллекция жинау ойында болмаған. Ауданда «Әжелер ансамблі» құрылғаннан бастап жинауды қолға алыпты. Коллекцияның ерекше түрі біздерді де қызықтырды.
– 1973 жылы енемнің анасы қайтыс болды. Сол кісі басынан тастамай кимешек киетін. Қазақта кимешек киелі саналатынын бұрыннан білемін. Кимесек те, әжеміздің көзі деп жуып, тазалап, сандықта сақтап ұстадым. 1986 жылы Мұртазинаның кезінде сахнаға әртүрлі қойылымдар қоя бастадық. Сонда кимешекті бірер мәрте кигенім бар. Ол кезде ансамбль құрылмаған. 1988 жылы «Әжелер ансамблі» құрылды. Құрамында бармын. Ансамбльге киім тігу керек болды. Үйдегі кимешекті үлгі болсын деп ательеге алып бардым. Соған қарап алғашқы кимешегімізді тіктірдік. Содан кейін сахнаға шыққанда әртүрлі кимешек керек болды. Ізденуге тура келді. Кітапханаға барып зерттей түстік. «Ұлттық киімдер», «Қазақтың салт-дәстүрлері» атты кітаптарды ақтарып қарап, кимешектің неше түрін зерделедік. Сөйтіп, әжелердің әндеріне түрлі кимешек тіктірдік. Бір киімімізді Сәбира Майханованың бәйбішелер, ел билеген аналардың, әжелердің образын көрсетіп тұрған суретін көріп, соның эскизіне салып, арқалығын салалы ұзын қылып тіктіргенбіз, – дейді ардагер ана өткенді есіне түсіріп.

«Әжелер ансамблі» өзінің бай репертуарымен облыс, республикаға кеңінен танымал болып келеді. Әнші әжелердің де сахналық киімдері көздің жауын алып, кереметтей көңілге бөлейді. 35 жылдан бері үзбей өнер көрсетіп келе жатқан әжелеріміздің киім үлгілері де әдемілігімен, жоғары талғаммен ерекшеленеді. Киім таңдау ісінде де аналарымыздың көп ізденгені байқалады.
– Кейін киім тіктіргенде үлгісін энциклопедиядан қарадық. 1920-жылдары кимешек кию үрдіске айналған. Соған қарап отырып, кимешек жасқа қарай 3 топқа бөлінетінін білдік. Осы жайттарды ескере келе басқа да кимешектер дайындаттық. Біз секілді әжелер бет пішінін ойған ойынтының айналасын ақ түспен көмкерсе, белорта жастағылар сары, жас келіншектер қызыл түспен жиектетіп, өңірлігіне қызыл-жасыл жіппен кестелеп оюлар тігетін болған. Біз жас кезден өтіп кеткендіктен бір рет айналасын сарымен көмкеруге тапсырыс бердік. Кейін әже болғанда оны ақ түс еттік. Кимешектің сыртында қарқара және күндік деген болады. Оның екеуі де – ақжаулық. Кимешектің сыртынан ақтықтан енжарым қылып қарқара дайындайды. Күндіктің маңдайшасы болады, артқы жағы ұзынша болып төгіліп тұрады. Тарихымызда ақжаулықтың атқаратын рөлі күшті болған. Көшпенді қазағымыз түйенің қомында, аттың жалында көшіп-қонып өмір сүрген ғой. Сондай сәтте қарқараның бір ұшын жыртып алып, түйенің қомында босанып қалған әйелдің нәрестесін орайтын жаялық қылған. Шетінеп кеткенде жерлеу рәсімінде кебін ретінде пайдаланған. Жаугершілікте екі жақ бітісе алмағанда ел билеген аналар басындағы қарқарасын шешіп, жерге ақжаулық тастау арқылы келісімге, қан төкпеуге шақырған. Қазіргі «Ақ орамал» акциясының астары сонау ғасырдан тін тартады деуге толық негіз бар, – дейді анамыз.

Ардагердің отбасында бүгінде кимешектің 5-6 түрі жинақталған. Оның ішінде әсіресе құндысы және қадірлісі болып тұрған жәдігер 1973 жылы енесінің анасы тұтынған ескі кимешек. Бір қызығы, апамыздың сол кимешекті сары майдай сақтап келе жатқанының өзіне 50 жылдан асыпты. Оның алдында қанша жыл пайдаланғанынан бейхабар. Бәлки, 60 жыл, бәлки одан көп. Қалған кимешектер «Әжелер ансамблінің» құрамында өнер көрсеткен кездерінен әдемі естеліктер. «Бұйырса мұнымен тоқтап қалмаймын, әлі де жинай бермекпін» дейді ол коллекцияларымен таныстыру барысында.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (сурет)
28 қараша 2023 ж. 653 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 420

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 495

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930