Әсем әнмен тербеген әз аналар
qarmaqshy-tany.kz Қоғамның рухани және мәдени қорының, қымбат қазынасының бірі – халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы. Қазақ халқы қашанда өзінің қазақи салт-дәстүрін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. 1988 жылы жасы мен қариясы жарысып, киелі өнердің тұнған өлкесі – қасиетті Қармақшы елінде бір топ ұстаз бас қосты. Мақсат – қазақ халқының ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрін өскелең ұрпаққа жеткізу. Ең маңыздысы ансамбль мүшелері ел бірлігі, үлкенді сыйлау, ізеттілік сияқты қазақ халқына тән қасиетті көрсетуге тырысты. Алғашқыда ансамбль құрамы 13 кісіден тұрды.
Ансамбль мүшелері алғаш рет 1990 жылы Қызылорда қаласында «Ән салайық, анашым» атты фестивальге қатысып жүлделі оралса, сол жылы Қызылорда қаласында өткен облыстық шопандар слетінде өнерімен қала тұрғындарын таң қалдырды. 1991 жылы Байқоңыр қаласында ғарыштың 30 жылдығына байланысты өткен дүбірлі тойда халқымыздың абыройын асқақтатса, 1992 жылы Базар жыраудың 150 жылдық мерейтойында республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қонақтар алдында концерт беріп, қармақшылықтардың абыройын асқақтатты. Сол тойда ғалым Мардан Байділдаев сол кездегі аудан басшысы Әлібековке: «Көктен іздегенімізді осы жерден тапқандаймын, ансамбльге жақсы киім тіктір, әлде де құрамын көбейтіп, бұларды мен Алматыға шақыртамын» деген еді.
Содан соң ауданымыздың мақтанышына айналған «Әжелер» ансамблі 1993 жылы облыстық өнер додасына қатысып, жүлделі орыннан көрінсе, 1995 жылы Тереңөзек ауданына қарасты Нәлібаев ауылында өнер көрсетті. Сонымен қатар, Ақтөбе, Тұрмағамбет, Жосалы, Қармақшы елді мекендерінде концерттер қойды. Сөйтіп, «Әжелер» ансамблі аудан, облыс республика көлеміне белгілі бола бастайды.
Өздерінің өнегелі өмірімен елге танылған әжелер кейін келе білім қызметкерлерінің ІІ республикалық семинарында өнер көрсетеді.
«Семинарда сол кездегі қоғам және мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев қармақшылық «Әжелер» ансамблінің мүшелеріне бір айлық көлемінде сыйақы бергізді және автобус көлігін бөлуге уәде берді. Ол кезде біразымыз мектепте ұстаздық етуші едік, сонда да біз бас қосып, дайындық жүргізуге уақыт табатын едік», – дейді ансамбльдің қазіргі көркемдік жетекшісі Талмаш Жұмабаева.
Сол уақыттары ансамбль мүшелерінің жоғары музыкалық сауаты болмаса да олар екі дауысты әндерді шығарды. Ансамбльді «Сәулем-ай», «Құрбым-ай» деп атауға болатын еді, бірақ біз бірауыздан «Әжелер» деп атадық. Себебі, ұжым мүшелері ел алдында «келін-абысын-ене» деген үш ұрпақ өкілдерінің бірлігін көрсете білді. Орталарындағы 70-80 жасқа келген аналарды әже деп сыйлады. Ансамбль ауданда өткізілген сабантой, наурыз той сияқты мереке-мейрамдардан, облыстық, аудандық мәдени-шаралардан тыс қалған жоқ. Оған айғақ, 2000 жылы Венгриядан Қармақшыға бір топ өнер зерттеушілер арнайы атбасын бұрып келгенде оларды қарсы алған «Әжелер» ансамблінің бағдарламасындағы ұлттық әдет-ғұрып пен салтдәстүрін бейнетаспаға жазып алып кетті. Бұл туралы 2000 жылдың сәуірінде «Егеменді Қазақстан» газетінде «Әжелер ансамблі Мадияр еліне де мәлім деген тақырыппен жарияланды. Сондай-ақ, ансамбль 1996 жылы облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткізілетін «Наурыз шапағаты» фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Содан бері олар бірнеше мәрте лауреат болды.
Ансамбль мүшелері үшін тарихи кезең болатын да жылдар болды. 2006 жылы «Қорқыт – ұлы Дала сазы» фестивалінде сазгер Оңталап Нұрмахановтың әнімен қонақтарды шашу шашып қарсы алса, 2006 жылы Қызылорда қаласында өткен Қармақшы ауданының мәдениеті мен өнер күндерінде М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде «Ауылдың ән салғанда әжелері» деген атпен қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттайтын лекция-концерт өткізді. Ал, содан кейінгі жылдарда олар облыстық «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты байқауда жүлделі І орынды жеңіп алса, «Әжелер» ансамблінің 20 жылдығына орай Қызылорда облысы әкімінің қабылдауында болып құрметтелді. 2009 жылы Қызылорда қаласының 190 жылдығы мен Қызылорда облысының 70 жылдық мерейтойына қатысып, қаладағы «Қарттар» үйінде концерт берді. 2010 жылы «Әжелер» ансамбліне 20 жыл толуына орай, облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен және демеушілігімен Астанаға саяхаттап, «Бейбітшілік және келісім» сарайында 1357 көрермендік концерттік залда көпшіліктің сұрауымен халық әні «Келіншекті» орындады. Осы жылы Қызылордада өткен «Ұлағатты әже» облыстық байқауында бас жүлдені иемденіп, мерейлері үстем болды.
Міне, тарихы тереңді бойлаған «Әжелер» ансамблі ел алдындағы елеулі еңбегі үшін көптеген марапатқа ие болды. Облыстық, республикалық деңгейдегі өнер байқауларына қатысып, аудан мерейін тасытты.
Қазір ансамбльдің құрылғанына да отыз бес жылдың жүзі болып қалыпты. Бүгінде Талмаш Жұмабаева (қазіргі жетекшісі) басқаратын өнер ұжымы, құрамында ардагер ұстаздар – Үрліхан Қожахметова (бұрынғы жетекшісі), Рыскүл Садықова, Сара Тілегенова, Әлия Тойбазарова, Балкүл Жалғасбаева, Сәрсен Мешітбаева, Жаухар Бае- кеева, Гүлсім Қошретова, Тұрсын Түркешова сынды өнерпаз әжелер ел алдында өнер көрсетіп келеді.
«Өмір бар жерде, өлмек бар» дегендей, ұжымның алғашқы құрамында өнер көрсетіп, көптің қошеметіне бөленген, бүгінде көзі жоқ апаларымыздың да есімін атап өту біз үшін парыз. Яғни, Ақорын Арзанбекова, Тұрсынкүл Наурызбаева, Тынымша Боханова, Рахима Нұрмышева, Жамал Илиясова, Рахима Бектасова, Дүрия Алдабергенова, Мәуия Оспанова, Фазила Махамбетова, Айша Бөлекбаева сынды әжелердің есімдері қармақшылық өнерсүйер қауымның мәңгі жүрегінде сақталып қалды.
Ал, Қалдан Мұқышева, Әсия Юсупова, Гүлсім Қошретова, Зина Рысбаева сынды құрбыларымыз өзге өңірге қоныс аударғандарымен әлі күнге дейін араласып тұрады.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ