» » «Теңгені бірінші болып қабылдап алғанбыз»

«Теңгені бірінші болып қабылдап алғанбыз»

qarmaqshy-tany.kz МЕМЛЕКЕТТІҢ НЫШАНЫ – БАЙРАҚ, ЕЛТАҢБА ЖӘНЕ ӘНҰРАН. БҰДАН БАСҚА ДА ЕЛДІҢ АТЫН ӘЙГІЛЕЙТІН ТАҒЫ БІР БЕЛГІ БАР – ОЛ ТӨЛ ВАЛЮТА. ӨЗ АҚШАСЫ БОЛМАЙ, ОНЫ ТОЛЫҚҚАНДЫ МЕМЛЕКЕТ ДЕП ҚАБЫЛДАУ ДА МҮМКІН ЕМЕС. ҚАЗАҚ ЕЛІ ДЕ ЕГЕМЕНДІК АЛҒАН ЖЫЛДАРЫ 73 ЖЫЛ БИЛІК ҚҰРЫП КЕЛГЕН ОДАҚТЫҢ ОРТАҚ ҚАРЖЫСЫ РУБЛЬДЕН БАС ТАРТЫП, ТӨЛ АҚШАСЫН ШЫҒАРУҒА КІРІСТІ.
Биыл осы төл ақшамыздың айналымға шыққанына, яғни 15 қарашада 30 жыл толады. Ұлттық ұлттығын білдіретін бірегей құндылығымыздың осы жылдар ішінде толғаулы тарихын түзгенінде білеміз. Дегенмен, оның ішінде екі формацияның ортасында шыр айналған дүниенің қайда барары мен қайда тоқтарынан беймәлім болған қазақ үшін теңгенің дүниеге келгені – мемлекет үшін аса маңызды саналды. Титімдей бастаманың өзі сол кез үшін үлкен жаңалыққа пара-пар болды. Оны бүгінгі жас ұрпақ білмесе де, аға буын 1993 жылғы әлеуметтік-экономикалық тапшылық пен талонға байланған тіршіліктің қандай болғанын ұмыта қоймаған болар. Теңге шығып, халықтың қолына тиемін дегенше де, апталап уақыт өтіп, елдің сабыр сақтауына тура келген. Қарапайым халықта одан басқа жол да жоқ болатын. Қала, даланы кезген ауыртпалық біре-бірте тоқайрап, төл теңгеміз жетіле, дами түсті. Сапасы жағынан әлем ақшаларымен бәсекелесе алатын деңгейге жеткен. Қазақстан тарихына мөр болып басылған датаны қаржыгерлер жыл сайын кәсіби мерекесі ретінде тойлап, жоғары деңгейде атап өтеді. Сан ғасырлық тарихтың рухын оятып, тамырына жан бітірген осыбір жаңалық халқымыз үшін аяулы да ардақты мереке іспетті. Себебі, оның астарында ұрпағына ен даласының бір пұшпағында жауға алдырмаған, білегімен де, жүрегімен де қорғай білген ата-бабамыздың арман-аңсары, мемлекетіміздің дербестігі жатыр.
Төл теңгеміздің шығу тарихы кімге болса да қызықты, әрине. Ал оның ел игілігіне алғаш рет қалай берілгені, халықтың қолына қалай тигені – тіпті де қызық болу керек. Жосалы кентінің тұрғыны, сол кезде Ұлттық банктің аудандағы филиалында бас есепші болып қызмет істеген Сабыр Қайнарбаев ағаның бұл жайында өз айтары бар.
Ол Алматыдағы Есеп-кредит техникумының «Банктердегі есеп басқару жүйесі» мамандығы бойынша түлегі. Халық шаруашылығы институтында білім алған. Еңбек жолы 1977 жылы мемлекеттік банкте есепші болудан басталған ол банк басшысы Піртаза Қалиев ағамызбен, білікті мамандар Қолғанат Оспанов, Ырзакүл Мырзашева, Антонина Ким, тағы басқаларымен әріптес, қызметтес болған. Олардың ақыл-кеңесін тыңдаған жас маманның да болашақ карьерасы жаман болмаған. «Мені көбінесе бас есепші Орынбай Айдарбаев ағам қолдап, білмегенімді үйретіп отырды. Қамқорлық көрсетті. Ол кісіні сала бойынша бүкіл Қазақстан білетін. Сондай білікті маман болған» дейді өзі.

Бүгінгі мен кешегіні салыстыра алмаймыз. Өйткені, заманауи өзгерістер күнделікті орын алып жатыр. 1970-жылдары қазіргідей сан операциялы компьютер, жаңа технология құрылғылары қайдан болсын. Құжаттар қағаз түрінде жүргізілді. Механикалық машинканың болғанының өзіне қатты қуанатын. Жаңа аппараттар кейін пайда бола бастады. Ағамызбен бірге қызмет еткен әріптестері Айжамал Ибрашева, Мәдина Омарова, Гүлмира Өмірзақова, Еркін Амангелдиев, Айымторы Келдібаевалар ауданның қаржы саласына еңбек сіңірген майталман маман болғандарын мақтанышпен айтады.
– Қаржы саласында 35 жыл қызмет еттім. Кеңес дәуірінде мекемеміз «КСРО мемлекеттік банкісі» аталса, тәуелсіздік алған соң «Қазақстанның Ұлттық Мемлекеттік банкі» болып қайта құрылды. 1992 жылы облыстағы басшылық мені бас бухгалтер етіп тағайындады. Келер жылдың қазан айының соңына таман бізге ақшаның ауысатыны туралы ақпарат келді. Теңге Ұлыбританияның астанасы Лондонда жасалатын болыпты. Бұл процесс біршама созылып, Алматыға ақшаның да келгенінен хабардар болдық. Жалпы мұның бәрі қаржы болғасын өзіңіз білесіз, құпия түрде жүрді. Елге жар салып айтылмады. Алғашқы төл теңге ауданға 30 шақты жәшікпен келді. Арнайы қорда 20 күндей тұрды. Ақша салған жәшіктерге қарап қоямыз, ішінде ақша жатқанын білеміз. Дәл сол уақытта филиалдың бастығы Тайшық Есқараев ағамыз еді. Жәшікті 15 қарашада таңертеңгі сағат 7.30-да аштық. Ішіне қарасам ұлттық ақшамыз шайдың жылтыр фалгасы секілді су өтпейтін целлофанмен қапталған екен. Ол дегеніміз – егер де апаттық жағдай болғанда қаржыны аман сақтап, су өтпес үшін жасалған сақтандырулары екен. Ағаш жәшікті ашқан бойда ақшаны иіскеп көруге асықтым. Әдепкіде бәрі қызықты болады ғой. Бір-бір қарап шықтым. Әбден көзіміз қағаз ақша мен темір тиынға үйренген. Мынау валютада тиынның барлығы қағаз түрінде жасалыпты. Оған етіміз үйренбегеннен бе, «қағазы несі», деп таңғалдым. Неге монета емес. Шынын айтсам, жаңа ақшаны онша ұната қоймадым. Себебі, қағазының сапасы төмен көрінді. Десе де, бұл тарихи күн болатын. Теңге қалай десек те, енді ғана аяғын қаз басқан жас мемлекетіміздің алғашқы валютасы, тәуелсіздігіміздің нышаны. Қазір шүкір, сапасы едәуір жақсарды. Халықаралық стандарттан төмен емес. Темір тиын да айналымға шықты. Сол жәшіктерден үйге екеуін сұрап алғанмын. 30 жыл бойы сынын кетірмей сақтап келемін. Отбасының бір жәдігеріндей. Сөйтіп, ауданға келген алғашқы төл теңгемізді осылайша қабылдап алған едік, – деп еске алады Сабыр Әлқуатұлы.

Бір айтары, ағамыздың отбасы мүшелері кілең қаржыгер, экономистерден тұрады. Мектеп жасынан-ақ математикаға жүйрік болған ағамыздың жары Айсұлу Науанова апамыз қаржы саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан. Ұлы Жеткен Әлқуатов аудандық экономика және қаржы бөлімінде сектор меңгерушісі болып қызмет атқарса, оның келіншегі Әсел Сәтбаева да осы бөлімнің әдіскері. Отбасының ардақты қызы Анар да экономист мамандығы бойынша білім алған.
«15 қараша – төл теңгеміздің туған күні. Бұл күннің отбасымыз үшін орны айрықша. Осы сәтті пайдаланып, қаржы саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен шын жүрегімнен құттықтаймын. Сол бір тарихи сәт мен үшін ең ұмытылмайтын күн» дейді қаржы саласының ардагері Сабыр Әлқуатұлы сөзін түйіндеп.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
14 қараша 2023 ж. 349 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 425

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 500

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930