» » Белесті жылдың берекесі

Белесті жылдың берекесі

qarmaqshy-tany.kz Міне, сары сабаз күздің екінші айы да аяқталуға жақын. Күз – молшылықтың, байлықтың, берекенің айы. Қырман басы тазаланып, бау-бақша жиналып, құс базары тарқайтын кез. Осы ретте «Балапанды күзде сана» деген тәмсіл ойға оралады. Әсілінде, бұл тәмсіл тек балапанға ғана қатысты болмаса керек. Жаз бойы белі бүгіліп жерден несібесін терген барлық шаруаға қатысы бар. Көктемде басталатын жұмыс жазда қызып, күз келгенде тіпті үдеп кетеді. Өйткені Құдай берген береке далада ысырап болып қалмауы қажет. Бәрін қамбаға жинап, халықтың ризығына айналдыру парыз.
Ел ырзығын тасытып, берекесін арттыратын күз айлары – әлеуметтің қыс маусымына қапысыз қамдануға кірісетін шағы. Қамданыстың басты шарты, әрине жеткілікті азықтүлік қорын жасақтау екендігі бесенеден белгілі. Осыған орай өткен сенбіде ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Берекелі күздің басты жәрмеңкесіне аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы мен аудан ардагерлері, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов қатысты. Дала еңбеккерлері мен аудан халқын қауыштырған күздің мерекесінде күріш, бақша, сүт өнімдері, ет, балық, көкөністер, макарон, мал азығы қойылды.
Жәрмеңкенің боларынан хабар алған аудан тұрғындары ертелетіп келіп, сауда көркін қыздырды. 217 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылды. Көптің сұранысына айналған жергілікті өніміміз ақ күріштің 21 тоннасы лезде өтіп кетіп, тұрғындар тілегімен еселеніп жеткізілді. Одан бөлек, 24 тонна бақша өнімдері, 80 тонна картоп, 50 тонна жуа, 12 тонна асқабақ, 1 тонна макарон, 150 келі ет, 100 келі балық, мал азығы өнімдерінен 5 тонна күріш қалдығы мен 30 тонна жоңышқа, 2000 дана пішен, 150 литр сүт өнімдері тұрғындарға тиімді бағамен ұсынылды. Қалтасына қарай керегіне қол жеткізген көпшілік қысқы қажетін түгендеп, жақсы көңіл-күймен тарасты. Аудан тұрғындары өнім өндірушілер мен ұйымдастырушыларға алғыс айтуды да ұмытпады.
– Жосалы кентінде ұйымдастырылған жәрмеңкенің бағасы базар бағасынан төмендеу. Қазір нарықтағы баға бақылауға көнбей тұрған кезде бұл қарапайым халық үшін жеңілдік дер едім. Өзім қаппен картоп, күріш алдым. Өзге қаладан қонаққа келген туыс әпкемді де жәрмеңкеге ерте келдім. Ол да «төркіннен тарту» етіп апаратын Сыр салысын арзан бағаға алғанына қуанышты. Алдағы уақытта осылай арзан бағада жәрмеңке ұйымдастырылып тұрса халық қуана келіп, алғысын жаудырар еді, – дейді кент тұрғыны С.Ниязқызы.
Белесті жылға Сыр халқы су тапшылығына қарамастан берекемен келгенін көз көрді. Бастысы, Жер-Ана баласына иіп тұр. Соның арқасында тоқшылық заманда өмір сүріп жатыр. Тағдырын жермен тікелей байланыстырған шаруа үшін бұдан артық бақыт жоқ. Ел ырысы көбейіп, халықтың несібесі арта берсін.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
31 қазан 2023 ж. 384 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 949

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930