» » Берекесі артқан мереке

Берекесі артқан мереке

«Көктемде жерге түскен бір дән, күзді күні мың дән болады» деуші еді. Иә, ерте көктемнен, жаз бойы қара термен дала төсін емген диқаншылар биыл облыс бойынша оқ бойы озық шықты. Аграрлы өлкенің тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты емес пе? Қуантарлығы сол, әр жылы мол астық алып, оң нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Күз – жаз бойы белі бүгіліп, несібесін жерден терген барлық шаруаның еңбегі бағаланатын шақ.
Биыл аудан диқандары қолайсыз ауа-райы мен облыс көлеміндегі су тапшылығына қарамастан үздіктер қатарынан көрінді. Ол күні күн де күлімдеп ерекше нұрмен оянды. Айналаға шуақ шашып, жер мен көктің арасын ыстық лебімен жалғай түсті. Осынау керемет шақта аймақта «Алтын күз – 2021» мерекесі тойланып, таң бозарып атқаннан тынымсыз тіршілікке кіріскен диқан қауымы ала жаздай баптаған өнімдерін халыққа ұсынды.
Қызылордалық диқандар 500 мың тонна күріш жинады. Бұл Сыр өңірі үшін рекорд болмағанымен жоғары көрсеткіш. Көктемде бас-аяғы 84 мың гектар алқапқа дән себілсе, күзгі жиын-терім кезінде орташа есеппен гектарына 60 центнерден өнім алынды. Құрғақшылық болып, су аз келгені де жасырын емес. Алайда диқандар каналдарды тазартып, сорғы және жаңа технологияның көмегімен егістікті шашау шығармай жинап алды. Тамшылату және қазақтың дәстүрлі суару тәсілі қолданылды. Елде бұл өнімнің 95 проценті Қызылорда өңірінде өсіріледі. ТМД мемлекеттері мен Моңғолия, Иракқа экспортталады. Өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемін 6 мың га қысқартқан болатын. Оның орнына майлы, көкөніс, бақша және мал азығы дақылдарын 9 мың гектарға арттырды. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын таппақ. Сонымен қатар көшеттер егу, тамшылатып, жаңбырлатып суару, сол бағытта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру келесі жылдан бастап қолға алынады.
КҮЗГІ САЛТАНАТ
Сыр маржанын төкпей-шашпай жинап алуда диқандар ауызбіршілікпен жұмыла еңбек етіп, қамбаны дәнге толтырды. Бүгінгі күні 83 570 гектар жерге егілген күріш көлемі толық жиналып, орта өнімі 59,8 центнерді құрады. Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызының қатысуымен өткен «Алтын дән – 2021» мерекелік іс-шарасында күріш өндіруден Жалағаш, Қармақшы және Сырдария аудандары үздіктер қатарынан көрінді. Облыс көлемінде шаруашылықтар арасынан І дәрежелі диплом Жалағаш ауданының «Таң ЛТД» ЖШС басшысы Имамзада Шағыртаев, II дәрежелі диплом Қармақшы ауданының «Ақтөбе и К» ЖШС төрағасы Нұрлан Іздібаев, III дәрежелі диплом Сырдария ауданының «Мәді Қажы» ЖШС төрағасы Сейткамал Сұлтановқа табысталды.
Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізгені үшін Қармақшы ауданының әкімі Қайрат Нұртайға «Үздік аудан» дипломы табысталды.
Аудан бойынша осы жылдың 9 ай қорытындысымен жалпы ауылшаруашылығы өнімі көлемі 12,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 5,1 процентке артқан. Оның ішінде егін шаруашылығы өнімі 6,3 процентке, мал шаруашылығы өнімі 3,2 процентке артты. Жиналған күріштің әр гектарынан 67 центнер өнім алды. Сондай-ақ басқа да ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік.
 «Озат егіс бригадирі» номинациясын «Жаңажол» серіктестігінің егіс бригадирі Сағат Әбжалиев иеленді. Ол басқаратын бригада ұжымында егілген 560 гектар Сыр маржанын агротехникалық шараларға сай күтіп-баптап, оның әр гектарынан 85,1 центнерден өнім жинаған.  Ал «Еңбек ардагері» медалі аудандағы «Ертілеу» ШҚ маманы Рүстембек Сәрсенбаевқа табысталды.
ҚЫС АЗЫҒЫН ҚАМДАҒАН КҮН
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Алтын дән – 2021» мерекелік іс-шарасы аясында барлық ауданның қатысуымен ұйымдастырылған ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысып, тұрғындармен тілдесті.
Жәрмеңкеде Сыр диқандары 340 жүк көлігіне тиелген 1000 тоннадан астам өнімді тұрғындарға базар бағасынан төмен бағада ұсынды. Атап айтқанда, күріш 220 теңгеден, сиыр еті 1750 теңгеден, бас пияз 80 теңгеден, картоп 170 теңгеден, балық өнімдері 1000 теңгеден саудаланды.
Молшылық тойына барлық аудандардан 190 тоннадан астам ақталған күріш, 140 тоннаға жуық картоп, 40 тонна бас пияз, 320 тоннадай көкөніс, 180 тоннадай бақша өнімі, 40 тонна асқабақ, 20 тоннадай ет өнімі, 40 тонна балық өнімі, 7 тоннадан астам сүт өнімі, 40 тоннадан астам мал азығы жеткізілді.
Аймақ басшысы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Қазалы аудандарының өнімдері қойылған жәрмеңкені аралап көріп, ұлттық тағамдарды алуға асыққан халықпен бірге табиғи қолдың өнімдерін сатып алды. Жәрмеңкеде балық, құрт, ірімшік, күріш, көкөніс пен жеміс-жидектерге сұраныс жоғары болды.
Жәрмеңкеге қармақшылық шаруалардан 25 тоннадан астам күріш, 25 тоннаға жуық бақша өнімі, 16 тонна картоп, 10 тоннадай ет пен балық өнімі, 1 тоннаға жуық сүт өнімі мен 25 тонна мал азығы жеткен. 45 жүк автокөлігімен 109 тонна ауылшаруашылығы өнімдері әкелініп, нарықтағы бағадан 10-15 процентке арзан бағада сатылды. Соның ішінде 24,2 тонна бақша өнімдері, 16 тонна күріш, 6 тонна күріш қалдығы, 1,5 тонна шұжық, 1,25 тонна ет, 700 келі сүт, 400 келі макарон, 200 келі кондитерлік өнімдері, 2000 дана пішен шөп престері және басқа да ауылшаруашылығы өнімдері қамтылды.
Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы жәрмеңке жұмысымен танысып, ауыл шаруаларымен ой бөлісті. Айтулы іс-шара аясында қасиетті Қармақшы елінің жыршы-жыраулары жырдан шашу шашты. Әрі қарай аудан өнерпаздарының арнайы концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Ендігі мақсат – агроөнеркәсіп кешенін одан әрі қарай дамыту. Міне, берекелі күздің мерекелі жәрмеңкесі осындай қарқынмен өтті. Алтын күздің берекелі байлықтарын көңілге қонымды бағаға алып, көңілі көншіген тұрғындар да, саудасы қызған кәсіп иелері де шат көңілмен жүрді. Ел несібесін молайтқан жәрмеңке осылайша өз мәресіне жетті.
Айнұр ӘЛИ

26 қазан 2021 ж. 614 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930