Астық пісті, қамбаға түсті
Әне-міне дегенше күзде басталған егін ору науқаны өз мәресіне жетті. Аудан диқандары ерте көктемде барлығы 22912 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын септі. Ел қамын ойлаған дала еңбеккерлерінің арқасында сарғайған сары алтынның дәнін жерде қалдырмай, уақытылы қамбаға жинап алды. Қазір қырмандар тау-теңіз болып қызыл астыққа толып тұр.
Жылдар бойы тәжірибе қалыптастырған аймақтағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күзгі егін жинау жұмысын толығымен аяқтап, бүгінгі күні 87,9 мың тонны күріш салысын қамбаға бастырды. Жаздың қолайсыз аптап ыстығына да қарамай еңбек еткен диқандар, егілген 13496 гектар күріштің әр гектарынан 65,2 центнер өнім алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Егін жинау жұмысына барлығы 138 трактор, 82 комбайн, 84 жатка, 62 жүк көлігі, 94 трактор жұмылдырылған. Шаруашылықтарға литрі арзандатылған 165 теңге дизель отыны мен жанар-жағар май да жеткізілген.
Мамандар күріш дақылының жағдайы жақсы екенін айтады. Жерге орналастырылған 13496 гектар астықтың 76,9% жақсы, 20,9% орташа, ал 2,2% қанағаттанарлық. Егіске барлығы 4200 тонна элита, І, ІІ, ІІІ репродукциялы күріш тұқымдары жұмсалған. Сорттары бойынша «Лидер» – 10851 гектар, «Янтар» – 2545 гектар, «Сыр сұлуы» – 100 гектар жерге егілген.
Өткен жылы соя дақылының ерте пісетін «Жансая» сортын тәжірибе ретінде егіп бастаған Дүр Оңғар мен Тұрмағамбет ауылы биыл да 140 гектар жерге соя дақылын отырғызып, аудан бойынша барлығы 180 тонна өнім алған. Орташа өнім 12,8 центнер. Мал азығын дайындауда барлығы 4184 гектар ескі жоңышқаның 3734 гектары І, ІІ, ІІІ орымы орылып, 14,5 мың тонна жинаса, оның 450 гектары тұқымға қалдырылған. Ал 2771 гектар жаңа жоңышқадан 860 тонна өнім алынған.
Бүгінде ауданда егін шаруашылығы жақсы дамыған ауылдар бар. Соның ішінде егін жинаудан жоғары көрсеткішке ие болғандарды қорытындыласақ, «Ақтөбе и К» ЖШС 1411 гектар жердің әр гектарынан 80,4 центнер өнім алса, «Достық Жер МК» ЖШС 2192 гектар егіннің әр гектарынан 80 центнер өнім жинаған. Ал «Жаңажол» ЖШС шаруашылығы 2920 гектар күріштің әр гектарынан 71,2 центнер өнім алып, қамбаға 20790,4 тонна мол астық жинаған. Жыраулар ауылындағы «Тұрмағамбет» серіктестігі 2375 гектар жер күріш салысынан 60 центнер өнім алып, қоймасын сары алтынға толтыруда. Диқандардың айтуына қарағанда, құрғақшылық жылы берекенің молынан болуы ең алдымен агротехникалық шаралардың дұрыс үйлестірілуінде.
Осылайша шаруашылықтар жиын-терімді абыроймен аяқтап, қазір сүдігер жыртуға кірісті. Өйткені ертеңнің қамын бүгіннен ойлау олардың үйреншікті әдеті.
Ерсін СӘДУҰЛЫ