Жәрмеңкеде жергілікті өнімдер
Ел ырзығын тасытып, берекесін арттыратын күз айлары – әлеуметтің қыс маусымына қапысыз қамдануға кірісетін шағы. Қамданыстың басты шарты, әрине, жеткілікті азық-түлік қорын жасақтау екені бесенеден белгілі. Осы ретте, өткен сенбіде Қызылорда қаласында ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған 44 жүк автокөлігімен 104 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері апарылды.
Соның ішінде, 22 тонна бақша, 16 тонна күріш, 8 тонна күріш қалдығы, 2 тонна көкөніс, 1,5 тонна шұжық, 600 келі ет, 600 литр сүт, 400 келі макарон, 200 келі кондитерлік өнімдер, 2900 дана пішен шөп, сабан пресстері және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері қамтылды.
Сондай-ақ, қызылордалықтарға отандық өнім Жаңажол ауылындағы «Айман» шаруа қожалығының дәмді сүзбелері мен тәтті кілегейлері және Дауылкөл ауылындағы «Тұрмағамбет» ЖШС-нің «Тұрмағамбет» макарондары ұсынылды. Аталған жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов аралап, азық-түлік өнімдерімен танысып, ауыл шаруаларымен пікірлесті.
Жәрмеңке аясында ауыл шаруашылық өнімдерінің молдығы мен алуан түрлілігі, сондай-ақ, олардың құны нарықтағы бағадан 10-15 проценттік арзан бағада сатылғаны қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Тізіле қойылған өнімдерден қала жұртшылығы өздеріне қажеттің бәрін тауып, өз қалауы мен қалтасындағы қаражаттың мүмкіндігіне сай қоржындарын толтырды.
– Базарға қарағанда, бұл жерде баға арзан. Әрі өнімдердің басым көпшілігі табиғи. Жәрмеңкенің халыққа қысқа әзірленуге өте тиімді болары сөзсіз. Себебі өзім де қыстық қорымды сайлау үшін өнімдерді қаптап сатып алдым. Ауыл шаруалары мен ұйымдастырушыларға ризамыз, – дейді қала тұрғыны Н.Иманәлі.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ