» » Айдәулет озаттар қатарында

Айдәулет озаттар қатарында

qarmaqshy-tany.kz Ауылдағы шаруашылықтардың қырманында қызу тіршілік саябырсыды. Егіс басынан астық тасыған техникалар бір сәт тынышталды. Себебі, диқандар қамбаға күрішін ысырапсыз жинап алып, межеден асырып орындады. «Балапанды күзде сана» дейтін еңбеккерлердің көңілі шат, мерейі үстем. Олай дейтініміз, жақында дала диқандарының еңбегі бағаланып, озаттар марапат төрінен көрінді. Солардың бірі – Айдәулет Мырзабеков.
Ауданға іргелес жатқан Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» серіктестігі биыл 3100 гектарға күріш егіп, жоғары өнімге қол жеткізді. Шыны керек, биылғы аяқ судың тапшылығына қарамай шаруалар жерге дәнді жылдағыдан көбірек тастады. Еңбек ақталды. Бұл – шаруашылық үшін зор жетістік. Осындай жоғары көрсеткіш көрсетуде күріш сушысы Айдәулет Алдабергенұлының еңбегі зор. Диқан өзіне берілген 33 гектар жердің күтімін жасап, одан 92,2 центнер өнім алды. Нәтижесінде шаруашылықта озаттар көшін бастады.
Ол 2018 жылы Семейден әскери борышын өтеп келген соң бірден еңбекке араласып, шаруашылықта механизатор міндетін атқарады. Алғашқы жылында трактор, комбайн техникаларын тізгіндеп, диқан қауымына қолғабыс етеді. Одан кейін диқандықтың ауыр да болса, абыройлы жолына біржолата бет бұрып, №3 бригадада күріш егеді.
– Қазақ «Әкеге қарап ұл өсер» демей ме? Менің егін егуіме және осы жолға түсуіме әкем Алдабергеннің ықпалы зор. Ол кісі «Жаңажол» шаруашылығында жиырма жылдай күріш егумен айналысып келеді. Биыл менің де күрішпен айналысып жүргеніме төртінші жыл. Осында күрішшімеханизатормын. Әр жылы күріштің «Лидер», «Янтарь», «Партнер» сортын 33 гектарға егіп, әрқайсысынан 85 центнерден жоғары өнім алып отырдым. Осы жылы да шығым жақсы нәтиже беріп, озаттар қатарынан көрінудемін. Бұл қуаныш маған келер жылға мотивация беріп отыр. Бұйырса жер жақсы болып, су тапшылығы қатты сезілмесе, ауызбіршілікпен межеден асырып орындауға дайынбыз, – дейді диқан.

Орынбасар Төлепов төрағалық ететін шаруашылықтың маңдайына біткен бағы бес елі десек артық айтқандық емес. Дүроңғарлық диқандардың егіні биыл бітік шықты. Оның бір дәлелі – жақында облыста өткен «Алтын дән – 2023» дала еңбеккерлерінің қорытынды жиынында «Жаңажол» серіктестігі озат атанса, ауданның 95 жылдық мерейтойында І дәрежелі номинацияны жеңіп алды. Бұл – алты ай бойы егіс алқабында тер төккен азаматтардың бейнетінің жемісі.
«Диқан жерін анасындай сүйеді, жер диқанға баласындай иеді» демекші, мехнатты шаруаның шырайын кіргізіп, күріштен жоғары өнім алған Айдәулеттен өз тәжірибесімен ой бөлісуді сұрадық.

– Көктемде жер босап, күріш жерге түскеннен кейін оны суға бастырамыз. Арада бір ай өткен соң суын қайта қашырамыз. Одан кейін күріштің көгі алынып, түптетіледі. Әрі қарай бір қалыпты өскен күрішке деңгейіне қарай суды көтеріп отырады. Ең бастысы диқанның ықыласы басым болуы қажет. Баласындай бапталған күріш те өнімін жақсы берері сөзсіз, – дейді ол шат көңілмен.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
30 қазан 2023 ж. 385 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 251

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 352

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930