Қырман басы қызу еңбек
qarmaqshy-tany.kz Қазір ауданға қарасты ауылдағы шаруашылықтарда қызу еңбек. Шаруалар егін ору қарбаласының бел ортасында жүр. Көктен берген, жерден өнген өнімді төкпей-шашпай жинап алудың қамындағы жұртшылық әрбір қолайлы күнді тиімді пайдалануға тырысып бағуда. Әне-міне дегенше күз мезгілінің екінші айы да жетті. Қазір шаруаларға керегі ауа райының қолайлы болуы. Жауын жаумай тұрып, күрішті уақытында қамбаға құю.
Тілімдей жерден жылдық азық жинауға кіріскен диқан қауымы күндіз-түні атыздың басында. «Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» дегендей, ала жаздай маңдай тердің несібесін қырманға тасып әлек. Әр атыздың ішінде төбесі ғана көрініп, жер сүзгілеген комбайндардың жүрісі дамылсыз. Тіркемесіне күрішті толтырып тиеген трактор техникалары да түтінін будақтата қырман мен алқаптың арасын жалғап жүр. Дәл қазіргі сәтте қай шаруашылыққа барсаңыз да осы көрініске куә боласыз.
Биыл аудан бойынша көктемде жалпы егіс көлемі 26288 гектар алаңға егіс орналастырылса, оның ішінде күріш көлемі 13770 гектар. Қазір күріш жинау науқаны бойынша бүгінгі күні 7810 гектар күріш орылып, 5935 гектар күріш бастырылып отыр. Нәтижесінде 33270,5 тонна Сыр салысы қамбаға құйылып, орта өнім әр гектарына 56,1 центнерден алынуда. Ал егін жинау жұмыстарына барлығы 156 трактор, 75 комбайн, 82 жатка, 62 жүк көлігі және 96 трактор тіркемесі қатысып отыр.
Дәнді дақылдардан 1050 гектар жаздық бидай мен 150 гектар арпа толықтай жиналып, 374,5 тонна бидай 75 тонна арпа қамбаға құйылды. Майлы дақылдар бойынша 1028 гектар мақсары толықтай орылып, одан 575,5 тонна өнім алынып, орта өнім гектарына 5,6 центнерге айналған.
Жақында аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы шаруашылықтардың күзгі жиын-терім жұмыстарын білмекке Ақтөбе, Жаңажол, Ақжар ауылына барды. Сапар барысында «Оңталап», «Ақтөбе и К», «Жаңажол», «Ақжар» шаруашылығын аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Ақтөбе ауылындағы Әбдіхамит Аралбаев басқаратын «Оңталап» шаруа қожалығы барлығы 961 гектар күріштің бүгінгі күні 580 гектарын орған. Күріштің әр гектарынан 55,0 центнер өнім алуда. Шаруашылықтың егін жинау жұмыстарына 70 адам жұмыспен қамтылған. Биыл шаруашылық қырманын жаңа қоймалармен толықтырған. Ал «Ақтөбе и К» шаруашылығындағы күріш ақтау зауытында да жұмыс қарқынды. Тау-тау болып жиналған күріш ала жаздай еңбектің нәтижесін көрсетіп тұр. Аудан басшысы әр шаруашылыққа барғанында сары алтынның сапасын салыстырып көрді.
Аудан әкімі Ақтөбедегі сапарында «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасына тоқтап, жұмысын бақылады. Құрылысы толық аяқталған нысанның бүгінде іші жаңа құрылғылармен жабдықталған. Түркия елінен инкубациялық жұмыртқалар әкелініп, орналастырылған. Желтоқсан айында құс фабрикасы алғашқы өнімін шығарады деп жоспарлап отыр. Алдағы уақытта сандық-автоматтандырылған жүйемен жұмыс жасайтын цехтар толықтай іске қосылса, 100 адамды жұмыспен қамтуға дайынбыз дейді, шаруашылық директоры Нұрлан Іздібаев.
Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» серіктестігі биыл күріштің «Лидер» және «Сыр сұлуы» сортына басымдық беріп, 3100 гектарға еккен. Қазіргі күні 2000 гектар күріш орылып, 65 пайыздан жоғары орындап отыр. Аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы шаруашылық төрағасына өнім сапасын төмендетіп алмауды, жас инвесторларға сан жылғы еңбек тәжірибеңізді бөлісіп отырсаңыз деген тілегін жеткізді.
Ал «Ақжар» шаруа қожалығының егін жинау жұмысы да қызу үстінде. Алқапта 3 комбайн, 2 жатка, 6 жүк көлігі тіркемесімен тынымсыз жүр. Қожалық басшысы Нұрлан Қомшабаев 750 гектар күріштің бүгінде 550 гектары бастырылғанын айтты. Аудан әкімі шаруашылық басшыларымен кездесуде биылғы күрішті төкпей-шашпай абыроймен жинап алуды нықтап тапсырды.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ