» » Ел тарихындағы айшықты күн

Ел тарихындағы айшықты күн

qarmaqshy-tany.kz Қазақстан халқы 25 қазан – Республика күнін қайтадан атап өте бастады. Былтыр мерекелер тізіміне енген бұл дата – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Бұл күнді сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен тәуелсіздікке қол жеткізді. Он үш жылдан кейін қайта оралған мереке бүгінгі күн барша қазақ елі үшін қуанышты жайт.
Елім деп еңіреніп, жұртым деп жан қиған ата-бабамыз ежелден еркіндікті аңсаған. Бұл бейбіт күнге жету үшін қазақ халқы көптеген қиын жолдардан өтті. Егемен ел болып, тәуелсіздігін жариялау үшін қаншама қаракөз апаларымыз, боздақ ағаларымыз кеудесін оққа тосты. Осындай мықты рухтың арқасында Қазақстан әлемде жеке дара дербес ел атанды. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды.
Ал Республика күнінің 25 қазанда тойлануына келсек, 1990 жылы дәл осы күні Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Қазақ КСР-нің егемендігі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саясиқұқықтық негіздері жарияланды. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтата алдық және өзіміздің заңдарымызды жасай бастадық. Осы қағидалар негізінде кейінірек 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы енгізілген. Республика күнін ел 17 рет тойлады. Тек 2009 жылдың сәуір айында «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ. Дәл осы кезеңде біз мектепті енді бітіргелі тұрған түлек едік. Мерекенің қандай себеппен алынып тасталғанын ол уақытта білмедік, әрине. Алайда, араға 13 жыл салып ел тарихындағы айшықты күн халықпен қайта қауышты.
Жалпы, әлем елдері үшін Республика күні айрықша маңызға ие. Әрбір ел бұл күнді өзінше сән-салтанатпен атап өтеді. Мәселен, АҚШ халқы Республика күнін жыл сайын 4 шілдеде тойлайды. Себебі 1776 жылы дәл осы күні АҚШ тәуелсіздік декларациясын қабылдаған. Республика күні АҚШтың азат әрі тәуелсіз ел ретіндегі туған күні болып саналады. Америкалықтардың көпшілігі бұл күнді күніне қарап «Шілденің төрті» деп атайды. Бұл мейрамда от шашулар атылады, парадтар, барбекю пісіру, карнавалдар, жәрмеңкелер, пикниктер, концерттер, бейсбол ойындары, отбасылық кездесулер өткізіледі. Сондай-ақ үкімет халыққа жолдау жолдап, түрлі іс-шара ұйымдастырады. Ал Қытай Халық Республикасында бұл күн ең басты мереке болып саналады. Қытайлар Республика күнін 1 қазанда тойлайды. 1949 жылы дәл осы күні халықаралық аренада қытайлардың атынан сөйлейтін бір ғана заңды өкіл болуы керек деген шешім қабылданып, сол шешімнің негізінде Қытай Халық Республикасы жарияланған болатын. Республика күніне арнап ел астанасы Бейжіңнің орталық алаңы – Тяньаньмэньде әскери шеру ұйымдастыратын дағды қалыптасқан еді. Кейіннен 1959 жылы қабылданған шешім бойынша, шерулер тек мерейтойлық даталарда ғана ұйымдастырылып, одан кейін мәдени революциялар басталысымен, мұндай шерулер мүлдем тоқтатылды. Жалпы, мереке жеті күн бойы тойланады. Бұл аптаны қытайлар «Алтын апта» деп атап кеткен. «Алтын апта» аталуының себебі қытайлар басқа қандай мереке болса да тойла уын тойлайды, бірақ ешкім жұмыстан, не оқудан босатылмайды. Ал бұл мерекеде толықтай демалыс беріледі. Бауырлас Түркия мемлекеті де Рес публика күнін қазан айында атап өтеді. Себебі 1923 жылы 29 қазан күні елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ел конституциясына өзгерістер енгізіп, Түркия Республикасы деп жариялаған. Анадолы жерінің бас мерекесі жыл сайын сән-салтанатпен тойланады. Ал елдің бас қаласы Анкарадағы мейрам Ататүрік кесенесінен басталады. Бұл жердегі ісшараның алғашқы легі мемлекет және үкімет басшылары, министрлер мен саяси партия өкілдерінің қатысуымен өтеді. Мұнда атаулы мерекелерді Ататүрік жатқан жерде атап өту бұрыннан дәстүрге айналған. Бұл күні әдеттегідей елде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, шаһар орталықтарына қосымша сақшылар жұмылдырылады. Қараша халық Түркияның алғашқы парламентінен – Ататүрік кесенесіне дейін алқызыл байрақтарымен шерулетеді. Рес публика күні елдің әрбір үйінде, мектептер мен емхана, дүкендерге мемлекеттік ту ілінеді. Осылайша, түрік халқы бұл күнді қастерлеп, үлкен той-думанмен атап өтеді.
Ал Италияда Республика күні жыл сайын 2 маусымда тойланады. Бұл маңызды дата Италия мемлекетінде жаңа басқару жүйесінің дүниеге келгенін білдіреді. 1946 жылы 2 маусымда бүкіл халық, оның ішінде әйелдер қатысқан референдум өтті. Нәтижесінде, Италияда соғыс уақытында өзін фашистік режиммен тығыз ынтымақтастықта ұстаған монархия жойылып, республика жарияланды. Король Умберто II тақтан босатылып, билеуші Савой үйінің мүшелері жер аударылуға жіберілді. Ел жаңа басқару формасын қабылдады және кейіннен Италияның жаңа конституциясын дайындаған Ассамблея мүшелерін сайлады. Республика күні елдің ірі қалаларында әскери парадтар өтеді. Рим орталығының аспанында аты аңызға айналған Eurofighter жауынгерлері Италияның мемлекеттік туының түстерін ауаға шашып, айналып жүреді. Посткеңестік мемлекеттердің біразы ресми декларациялары қабылданған күнді Республика күні ретінде атап өтеді. Оның ішінде Әзербайжан мемлекеті де бар. Әзербайжан Демократиялық Республикасы шығыстағы алғашқы зайырлы демократиялық мемлекет ретінде 1918 жылы 28 мамырда құрылған. 1990 жылдан бастап Республика күні ұлттық мейрам ретінде тойланады. Бұл күні ел астанасында әскери парад өтеді. Осы күннің құрметіне Бакудегі жер асты стансасына «28 мамыр» деген атау берілген. Онда Әзербайжан Демократиялық Республикасының құрылғанына арналған ескерткіш тақта орнатылған. 2008 жылы Республика күнінің 90 жылдығына байланысты мерейтойлық пошта маркасы шығарылды. Жалпы, ел халқы ұлттық мерекені асыға күтеді. Себебі мерекеде Әзербайжанның түкпір-түкпірінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, кешкілік отшашулар атылады.
Байқап қарасақ, әлем елдерінде мереке күн жылы уақытта өтеді. Сол себепті де халықтың түрлі шеруге қатысып, көңіл көтеруіне барлық жағдай жасалған. Біз осы уақытқа дейін 16 желтоқсанды мұндай сән-салтанатпен атап өтпейтінбіз. Енді 25 қазан, Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мерекеге айналғанда тарихымызды ұлықтап, өзіне ғана тән ерекше іс-шаралармен тойланса дейміз. Республика күні – нағыз қазақтың кеудесі қуанышқа толы болатын, халықтың думандатып тойлайтын, мерекелік көңіл-күй орнайтын, сыйлайтын айтулы күн.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып алға шыққаннан кейін, өзіміздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бекітілді. Осы қасиетті белгілердің мәнін, Республика мерекесін бүгінгі және болашақ ұрпақ жіті түсініп, бағалай білуі қажет. Бұрынғы тарихты парақтасақ, ұғатынымыз әлі де білетініміз көп-ақ. Әйтсе де өткен күн тарих болып қалары хақ. Тек соны жас ұрпақ санасына құя біліп, осындай ұлттық мерекені жоғары дәрежеде дәріптей білсек құба-құп!
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
25 қазан 2023 ж. 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 096

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031