ІІІ Интернационалда Республика күні аталып өтті
qarmaqshy-tany.kz Ағымдағы жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынған болатын.
- "Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Республика күніне орай ауылдық мәдениет үйінде «Отаным - Қазақстан» атты салтанатты жиын өтті. Шарада ауылдық округ әкімі Н.Сайымов сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтап, айтулы күннің мәні мен маңызына тоқталды. Сондай ақ, сала үздіктеріне құрмет көрсетіп, «Алғыс хат» табыстады. Мерекеде ауылдық округтегі ұжымдардың өнерлі жастары ән айтып, би билеп шараның шырайын кіргізді.
Айта кетейік, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Қыркүйек айында Қазақстан Республикасының парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.