» » Кәмпескелеу кезінде жүргізілген саяси қуғын-сүргін

Кәмпескелеу кезінде жүргізілген саяси қуғын-сүргін

qarmaqshy-tany.kz 1928 жылдың 5 қыркүйегінде Қазақстан Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің «Ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы қаулысы және Қазақстандағы барлық батырақ, кедей, орташаларға ақсүйек байлардың мал-мүлкін алып, өздерін жер аударуға белсене кірісуге шақырған» хаты жарияланды.
Кәмпескеленген мүліктерді «батрактар мен кедейлерге төленетін төлем ақы ретінде, жергілікті халықтың кедейлеріне беру, осы негізде экономикалық жағдай көтерсе колхоздар құру немесе қазірге дейін құрылған колхоздар мен совхоздарды нығайту» қарастырылды. Кәмпескелеуді жүргізу жөніндегі директиваларда оның өзіндік маңызы атап көрсетілді. «Бір уақыттағы іс-шара ретінде жүргізіліп, қысқа мерзімде ауылдың жартылай-феодал байларының ықпалын болдырмай тастау… Кулактар мен байларға шабуыл ұзақ уақытты іс-шара болып табылады. Ол ЖЭС-ке негізделіп, батрак-кедейлер мен орташалардың кулактар мен байларға қарсы аянбас күресуі арқылы жүргізілуі тиіс». Декреттегі көрсетілген цифр – 700 ірі шаруашылықты кәмпескелеу әрине «ықпалын болдырмай тастау» мәселесін шеше алмайтын еді. Тіпті, Қазақ АКСР халқының аздығын есепке алғанның өзінде осы шаруашылықтардың кәмпескеленуі ауыл мен селодағы үлкен ауқымдағы жаппай экспроприациялаудың алғышарты болды десек қателеспейміз.
Директиваға сәйкес «Кәмпескелеу жалпы байларға қарсы емес, ауылда өзінің ықпалы арқылы патриархалды жартылай феодализм қалдықтары мен рулық қатынастарды қолдайтын байларға қарсы қолданылады» делініп кәмпескелеу тәртібін біршама тежеу қарастырылды. Мәселен, кәмпескелеуге ауыл шаруашылығына қатысы жоқ үй бұйымдары, сонымен қатар күнделікті ішіп-жем тағамдары кірмеді. Акцияны, «дәстүрдегідей», қысқа мерзімде – 1-ші қыркүйекте, Декрет жарияланған күні бастап, 1-ші қарашада барлық процесті жер аудару мәселесін қоса отырып бітіру көзделінді.
Сырдария округіне өлкелік өкіл ретінде сол кездегі Қазақ АКСР ХКК төрағасы Ораз Исаев жіберілді. Округ бойынша кәмпескеленетін шаруашылықтардың жалпы саны 1-ші категория бойынша 80-ге жетті, бұлар «ірі байжартылай феодалдар еді» және 2-ші категория бойынша 9 шаруашылық – бұрындары ерекше лауазымды топтарға жататын, антикеңестік қызметтерге байланысы барлар болатын. Кәмпескелеуді барынша қысқа мерзімде өткізу және шаруа қожалықтары тарапынан болатын қарсы әрекеттерді болғызбау мақсатында, тізімдерді құруды тікелей жергілікті жерлерде өткізу міндеттелді. Қорытынды тізім БК(б)П Өлкелік комитетінде бекітіліп, оған дейін округтік және аудандық комиссиялардың, кедейлер мен батрактардың жалпы жиналысында сайланатын көмектесу комиссиясында (комиссия содействия) талқыланатын. Кәмпескеленген малдарды бөлу «...аты жоқты атпен қамтамасыз етіп, сиыры жоққа сиыр беріп (түйесі жоққа да солай), ал ұсақ малға келсек жеке шаруашылыққа 10 қойдан үлестіру дұрыс (ірі қара мал алмағандарға)» деп есептелінді. Кәмпескеленген мүліктердің байдың туысқандары мен достарына берілмеуі атап айтылды, сонымен қатар «Кеңес немесе партия аппаратында жұмыс істейтіндердің мал алуына» жол берілмеді, «партия мүшелеріне», батрактар мен кедейлерге бұл тек жалпы негізде ғана мүмкін болды. Округтік комитеттер партиядағыларға қатысты ешқандай артықшылықтың болмауын қадағалауға тиіс болды.
Қызылорда округі аудандарындағы кәмпескелеуді жүргізу іс жүзінде әу бастан-ақ БК(б)П-ның Қазақстан өлкелік комитеті директиваларымен қарама-қайшылықта болды. «Ауылда жартылай-феодалдық, патриархалдық рулық қатынастарды сақтап отырған ірі байлардың мүлкін кәмпескелеу және жер аудару» комиссиясының отырысында «Аудандардағы кәмпескелеу жұмысы барысындағы қиын жағдайларға мекендердің бір-бірінен алыстығын, байлар тұратын жерлердің жақын емес екендігін байдың мүлкін бөлуді заң тұрғысында рәсімдеудің жоқтығын, бұл мәселенің шиеленісіп кеткендігін» айта келе, ары қарай: «Бай шаруашылықтарын бөлу мәселесінде нақты шешімнің жоқтығы байдың туысқандарының малдарын дұрыс кәмпескемелеуге апарып отыр» делінген.
Сонымен қатар «…өкілдер беріп отырған мәліметтер мен байлардың қолдарында бар малдарының арасында үлкен айырмашылықтың бар екендігі де анықталды. Мұның өзі малдардың санын есептеу кезеңінде байдың көптеген туысқандарының бір шаруашылыққа бірігуінің нәтижесінде болған еді… Тіпті кәмпескелеу жүрген аудандарда тұрмайтын адамдардың да аталған тізімге еніп кету жағдайлары болды, байдың туысқандарының кейбірі кәмпескеленбей, олардың малдары өздеріне қайтарылып берілді. Қазалы ауданында комиссия мәжілісі ауылдарда кедейлердің арасына жанашырлар комиссиясын (комиссия содействия) құрып, оларға байлардың, атқамінерлердің және әлеуметтік жағынан зиянкес элементтердің…, жасырылған малдарын және байдың басқа да мүліктерін анықтау, жер мен шабындық жерлерді айқындау міндеттелінді».
Дегенмен, Қармақшы ауданында ауыл кедейлерінің белсенділік танытуымен «кедейлер мен ауылды кеңестендіруге зиянды» байлар мен атқамінерлер кәмпескелеуге ұшырады, бұл арада кәмпескелеу жөніндегі ереженің өзімбілерлікпен бұзылғандығын да айта кетуге болады. Барлығы ауданда кәмпескелеуге 4 адам ұшырады, оның ішінде біреуі 2 топпен жазаланды. Айта кетерлік жәйт, байлардың малдарының саны үнемі қажетті цифрларды бергенімен, мұның нақтылықтан ауылы әжептәуір алыс болатын.
Осылай, 1928 жылдың 20 қыркүйегіндегі округтік комиссиясының мәжілісінде: Буқарбай улы – мәжіліс төрағасы, Коболоб, Қаракожа улы – хатшы, Кубатсыб, Сары улы, Жана Жантуар улы (құжат берілгенде осылай жазылған) қатысуымен осы жылдың 16 қыркүйегіндегі округтік комиссиясының 7-ші санды хаттамасының 1 бөлімін өзгерту туралы мәселе қаралып, Округтегі Қармақшы, Қазалы, Тереңөзек, Қарсақбай және Арал аудандарындағы ықпалды байларды көрсетілген мінездемелер бойынша 2 топпен тізімге кіргізіп, мал-мүліктері конфискеленіп, қоныс аударылуы туралы қаулы қабылданды.
Қармақшы ауданынан 1 топпен: Баймақан Жиенбайулы, жасы 60-та, малы – 300 түйе, 300 жылқы, 2000 қой; Дүние мүлкі – 3000 сом. Төлеген салығы – 3892 сом 5 тиын. 7 ауылдан бай – Нажимадин Бекенулы, жасы 30-да, дәулеті арылмай келе жатқан бай, малы – 156 түйе, 25 жылқы, 700 қой және дүние мүлкі – 1000 сом. Тартқан салығы – 2500 сом 45 тиын. 6-шы ауылдың байы Бесжат Абдулла улы, жасы 40-та, зор атаның баласы болумен қатар арылмай келе жатқан бай, малы – 300 түйе, 50 жылқы, 300 қой және дүние мүлкі – 100 сом. Тартқан салығы – 1937 сом 25 тиын.
2-топпен 5-ші ауылдың азаматы Қазақбай Байдар улы, жасы 35-те. Атақты жуан Жұдырықтың баласы, әкесі Қабылан Кеңес уақытында 2 жыл ұрлық істеген, зорлықшы, кісінің малын алушы, малы – 60 түйе, жылқысы – 70, қойы – 2009 және дүние мүлкі – 1000 сом. Тартқан салығы – 36 сом 80 тиын.
Келтіріліп отырған кәмпескеленген мүліктер тізімінде киіз үй, кілем, текеметтер бар, осы орайда аталған мүліктердің декрет және директивалар арқылы рәсімделмегенін (рұқсат етілмегенін) айту керек. Ары қарай құжатта «Байлардың кәмпескеленген малдары мынадай жолмен бөлініп берілді: байлардың өзіне ірі қара малға шаққанда 16 бастан, 4 артельге, ірі қара малға шаққанда 181 бас, оның ішінде 450 қой мен 150 ешкі, ал қалғандары ірі малдар, яғни түйе, жылқы және сиыр малдары… осының бәрі артельдерге теңдей үлестіріліп берілді. Кәмпескеленген малдың қалған бөлігі 105 батрак пен кедейге… әрқайсысына ірі қара малға шаққанда 5 немесе 6 бастан бөліп берілді» делінген. Бұл жерде кәмпескеленген малдардың ауылдан жүздеген және тіпті мыңдаған шаршы қашықтықта болуына қарамай тездетіп есепке алынуы осы мәселедегі шалағайлықты көрсетіп тұрғандай.
БК(б)П-ның Қызылорда округтік комитеті секретариатының құпия мәжілісінде кәмпескелеу кампаниясын жүргізу барысында жіберілген жетімсіздіктер мен қателіктер тұрғысында «…ірі байларды дер кезінде жер аудармау, кәмпескеленген малдарды бөлу кезіндегі жайбасарлық, сонымен қатар қарастырылып отырған Қармақшы ауданында кәмпескеленген ірі байлардың белсенділік танытуына ешқандай кедергінің болмауы, олардың приговорларға кедей шаруаларды қосып жіберуін, (яғни оларды кәмпескеленетін шаруашылықтар тізіміне кіргізу) осының нәтижесінде тек бір ауылдан басқасы өтірік болып шықты ( приговорларда 6 жасар бала, ауылдан тыс жерлердегі ауру-сырқаулар қатыстырылған, сонымен қатар халықтың психологиясына кері әсерін тигізетін үгіт-насихат жүргізіліп отырған». Осыған орай жазалау шаралары мынадай болды: «Аудандық атқару комитетінің ОАК төрағасы жолдас Қарақожаевқа және басқа да партия мүшелеріне байланысты барлық материалдар, осы және басқа да шалағайлықтарды жіберіп көзге түскендердің ісін партиялық жауапкершілікке тарту үшін Округтік Бақылау комитетіне өткізу – облыстық прокуратураға тез арада өтірік құжаттар құрап, елден қол жинауға түрткі болғандар мен бастамашыларға қатысты қылмыстық істі бастау керек. Бұл арада осы мәселелерге қатысты, кәмпескелеу барысындағы прокуратура өкілдеріне аудандық комиссия мен әсер ету комиссияларының арасында тек қосымша дауыс құқы ғана берілгендігін айтуымыз керек. Партиялық жауапкершілікке тартудың оперативтілігі таңқалдырады – осылай аумақтық тексеру комиссиясы байлардың мүлкін кәмпескелеу барысындағы немқұрайлық пен партия бағытын дұрыс жүргізбегендігі үшін ОАК төрағасы Қарақожаев туралы барлық материалды Секретариат мәжілісінен кейін 10 күннің ішінде талап еткен».
Басқа аудандар мен жалпы аймақ бойынша да осындай талаптар қойылуда. Кәмпескелеуге тек ірі байларды ғана емес, сонымен қатар барлық атқамінерлер мен бұрынғы басқарушылардың писарьларын да іліктіру». Батрактар мен кедейлердің белсенділігі басқа да қырынан көрінген жайлар болды. №3 ауылдың кедейлері өздеріне қажетінен едәуір көп шөп жинап кәмпескелеуден түскен малдан дәметіп, берілмеген малға қысқа дайындық жасады. (Қармақшы ауданында). Қазақ ауылы мен переселендік деревнядағы кедейлердің мұндай белсенділігі тек «түсіндіру жұмыстарының қайтарымы» деп ұғылмаса керек. Оның түбірі тіпті де тереңде жатқан сияқты – бірнеше ғасыр бойы өмір сүріп келген шаруалар қауымдастығында, анығында, барлығы тани білген жеке меншік институты құралған жоқ болатын. Керісінше озбыр кулактың шаруашылығын жағып жіберу немесе шылқыған байдың малын айдап әкету тез қабылданатын.
Өз кезегінде, шаруашылығы кәмпескелеуге жататын байлар малдарын толық немесе жартылай болса да сақтап қалуды көздеп, бар малдарын жасырудың бір айласы ретінде өз шаруашылықтарын бірнеше бөлікке бөліп, оны туыстарына таратып берді. (Қарсақбай, Тереңөзек, Қармақшы аудандарында). «Бай Қонтаев Рахметтің 1700 ірі қара және 1190 ұсақ малы бар. Оның баласы малдарының біразын жасырып, Қарақұмға 14 жылқы, 38 түйе және 165 қой айдап бара жатқан жерінен ұсталды».
Қызылорда округі бойынша тәркілеу жұмыстарының қорытындысы БК(б)П-ның округтік ұйымы тарапынан әртүрлі тұрғыда талқыланды. «Жергілікті жерлердегі партия ұйымдары батрактар мен кедейлерді саяси жағынан жұмылдыруды жүзеге асыра алды және оларды өздерінің соңынан ертті, мұның өзі олардың жаппай партияға өтуіне өз еріктерімен көмектесу комиссияларына қатысуына, байларға барынша күшті шабуыл жасауына ұласып отыр, осы арқылы рулық қарым-қатынас әлсірей түсуде». Тәркіленген малды бөліп берудің едәуір экономикалық қайтарымы болды, партияның ауылды орташаландыру ұраны жүзеге асты, мұның өзі кедейлер мен орташаларды жартылайфеодал байларға экономикалық және саяси кіріптарлықтан құтқарды және ауылда өндіргіш күштердің дамуына ықпал етті, осының бәрі өз кезегінде ауылда социалистік қайта құру процесін жүргізуді жеңілдеткен еді».
Әрине, бұл жерде берілген баға мен қорытулардың біржақтылығы және тым көтеріңкілігі көзге ұрып-ақ тұр. Байыбына барып анықтасақ, байлардың малын тәркілеудің шу дегеннен-ақ заңсыздыққа негізделіп, ұрда-жық әдістерге сүйенгені, сонымен қатар жекеменшікті жоюда – оның түп негізіне тереңдемегені білінеді. Соңғысының тамырына балта шабу оны үш негізінен айырған еді: иелік етуден, пайдалану құқынан және жеке билігінен. Сонымен, жекеменшіктің алғашқы функциясы – иелік етуден айыру тіпті де оңай шешілді, байлардың мыңғырған малдары батрактар мен кедейлерге және ауыл шаруашылық өндірісін ұйымдастыру тәжірибесі жоқ колхоздарға – ауыл шаруашылығы артельдеріне бөлініп берілді. Екінші функциясы пайдалану десек, оның көзі табылмай, тартып алынған малдың едәуір бөлігі бірден сойысқа кетті, олардың санын көбейтуді ешкім ойламады да. Осы үшін қажетті қора-қопсы салу, жем-шөп, құрал-сайман дайындау, сөйтіп жекеше немесе ұжымдық шаруашылық жүргізуге машықтануға талпыныстар жасалынбады. Пайдаланудағы тағы бір келеңсіздік – кедейлер мен артельдердің малдарды жергілікті партия және кеңес органдарының шешімдері негізінде алуына байланысты болды. Сол арқылы соңғылары шаруашылықты жүргізуде заңды белінен басып, өз білгендерін істеді. Осылай малды бөліп бере салысымен, мейлі байлардың болсын, мейлі басқа да әлеуметтік таптардың болсын, ауыл шаруашылығы салығы қарыздарын өткеруі үшін қойларды қырқу туралы өкімдер берілді. Күздің соңғы күндерінде атқарылған мұндай іс-шара кедейлердің болсын, артельдердің болсын отарларын, қыстың көзі қырауда қырып салары анық еді. Жеке билік функциясының тіпті де болмауы – малды сатуға, келісім-шарт арқылы жалға беруге және т.б. әрекеттер жасауға тосқауыл болды. Сондықтан да, «ауылды орташаландыру» 1928 жылдың қыркүйек-қарашасы аралығындағы малды байлардан басқаларға айдап апарумен бітпеді. Мұндай қысқа уақытта әлеуметтікэкономикалық өзгерістер бірден жүзеге аса қоймайтын. Ол үшін жаңа тұрпаттағы меншік иелерінің әлеуметтік-психологиялық тұрғыдағы дайындығы қажет еді, бұл әрине ұзаққа созылатын процесс болатын.
Ал ұсынылып отырған іс-шаралар тізбесі мен кемшіліктерді жою әдістері, жүргізіліп отырған кампанияның бұдан да кең ауқымды қайта құруларға ұласатынын көрсеткендей. (Мәліметтер Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің қорынан алынды).
С.БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы
10 қазан 2023 ж. 312 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 777

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031