» » Қармақшы: Қорқыт әлемінің алтын қазығы

Қармақшы: Қорқыт әлемінің алтын қазығы

Уақыт керуені қанша жылжыса да, адамзат топырақтың тектілігіне тәк тұрады. «Көпті көрген кәрі дала» дегендей, ықылым заманнан ырысы ыдырамаған бұл мекен бүтін елді құшағына алып жатыр. Биыл облыстың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында аудандарды кезекпен аралауды жалғастырып келеміз. Сондай сапардың кезегі Қорқыттың елі – Қармақшы.
Құрылғанына ғасырға жуық уақыт өткен аудан қазір жаңа бастамалардың жаршысына айналды. Халқының әлеуметтік жағдайы түзеліп, экономикалық ахуалы дамыды. Қазынасы мол жердің молшылығын тереңнен терсек деген ниеттен туған жазбалар түйдек-түйдек тағылымды таратты.
Ғасырнама куәсі
Тарихынан бері тіршілігі тынбай қайнап жатқан Сырдың төменгі алқабындағы аудан жайлы айта қалсаңыз, талай кітапты толтырар дерек бар. Әйтсе де мәндісі мен бастысын тілге тиек етейік. Аудан аумағы толығымен Тұран ойпатының бір бөлігін алып жатыр. Қарақұмның төбелі келген Жіңішкеқұм алабы, орталық тұсында Нұра алқабы мен Жосалы даласы, оңтүстігіндегі Қызылқұмның төбелері, солтүстігіндегі Тарғыл тауы, барлығы – түртіп кетсең сайрап тұрған тарих.
Жалпы, Қармақшы атауы ХІХ ғасырдың бас кезінен-ақ түрлі саладағы Ресей экспедициясының жазбаларында атүсті болса да кездесіп қалады. Ал аңыз-әңгімелер Қармақшы атаның (Жүсіп, Дәулен деп те аталады) аш-жалаңаш адамдарға, жүргіншілерге көмектескенін жыр етіп айтады. Солардың бірінде Ошанұлы Дәулен, екіншісінде Нұрмолда баласы Жүсіп деп аталып келеді. Қайсысы болса да, Сырдарияның жарқабағынан қармақ салып, күн көрген бабамыздың әуелдегі аты ұмытылып, Қармақшы аталғанын көреміз. Бұл атау қармақпен күн көрген қарияның еңбегіне құрмет ретінде беріліпті. Ұзақ жылдардан еміс-еміс бүгінге жеткен аңыз осылай дейді.
Қош, тарихи деректерді салыстырып қарасақ, 1625-1630 жылдары Сырдың оң жағалауын қазіргі Төретам, Қармақшы, Байқоңыр, Жезді өңірлерін найманның кейбір руларының мекендегенін көреміз. Сонымен халық қастерінде қалып, әулие атанған Қармақшы шамамен 1630-1710 жылдары өмір сүрген сияқты. Айтып өткеніміздей, бірлі-жарым зерттеушілердің еңбегінде Қармақшы аты аталса, ғалым-зерттеуші Иосиф Кастанье Сыр бойында болғаны жөнінде бірнеше кітап жазған. Оның «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты жинағында:  «Қармақшы жеріндегі көптеген моланың арасынан екі мазар келушілердің назарын баса аударады екен. Соның бірі – Қармақшы қаласының қорғанышы (патронаж) болған әулие Қармақшы ата мәйітінің үстіне қойылған ескерткіш. Әулиенің өмір жолы жазылып ілінген қағаз орамдары маңдайша құрап, моланың төбесін жасырып тұр. Қармақшы бейітінің жанында тағы бір әдемі мола тұр. Бұл – халық қастерлеген Шеке-Нияз әулиенің моласы. Басында конус тәрізді биік ескерткіш, кіреберіс есіктің жоғары жағында киіктің басы қойылған» деп жазған.
Түбі бір түркінің ортақ тұлғасы Қорқыт баба жатқан, адамзат алғаш аспанға аттанған Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан Қармақшы жері – ел үшін киелі мекен. Қазақстанның мақтан тұтар мекені Қармақшы атауы XV ғасырдан бастау алған. Түркі қағанатынан кейін бірлескен Оғыз хандығы кезінде Баят, Қият тайпалары біздің жерімізді мекен еткендігі ғылыми зерттеулер, жер, су, мазар аттары, ескерткіштері арқылы белгілі болып отыр. Жаңадария бойындағы Шірік Рабат, Баршынкент қалаларының орны Сырлытамда Алпамыс батырдың, оның жеті қарындасының және әйелі Баршынның мазарлары бар деп жазды Ә.Марғұлан мен Ә.Қоңыратбаев.  Қорқыт ата, Қармақшы ата, Марал баба, Сейітпембет баба мазарлары халықты рухани тәрбие жағынан бағыттап отыратын зиялы адамдардың тарихта болғанын дәлелдейді.
Қараөзек арнасының Сырдария өзенімен қиылысқан жерін ежелгі тұрғындар «Қармақшы өткелі» деп атаған. Шамамен 1850 жылдары Ресеймен байланыс орныға бастағанда осы өткел «Қармақшы форт-2» деп аталған.
Аудан орталығы Жосалы кентінің оңтүстігіне қарай 20 шақырым жердегі үлкен төбеде жоса тасы болған. Сондықтан 1905 жылы салынған теміржол стансасы осы төбенің атымен «Жосалы стансасы» деп аталған.
Жосалы кентінің 1906 жылы теміржол стансасы ретінде іргесі қаланған. Қарсақбай мыс қорыту комбинатына алғаш апарылған қажетті техникалар Жосалы стансасына дейін теміржол арқылы жеткізіліп, одан кейін көлікпен, автомашинамен тасылған. Қазан төңкерісіне дейін Қармақшы Сырдария губерниясының Қазалы уезіне қараған. «Орынбор-Ташкент» теміржолының салынуына байланысты 1905 жылдың өзінде Жосалы теміржол станциясы жұмысшылары арасында революциялық комитеттер мен большевиктік топтар құрылған. 1925-1926 жылдары Жосалыда механикалық зауыт, 350 орындық автобаза салынған. Округтік партия комитетінің әкімшілік-территориялық жағынан Қызылорда, Қазалы уездеріне аудандастыру туралы 1928 жылғы сәуірдегі қаулысы бойынша сол жылы Қармақшы өз алдына жеке аудан болды.
Еңбек ерлерінің елі
Қасиетті жерден шыққан Социалистік Еңбек ерлері Қармақшының алдыңғы қатарлы аудан болуына атсалысып, аянбай тер төккен тұлғалар саналады. Олар тек еңбегімен ғана емес, ақыл-парасатымен де халқымыздың ұлттық мақтанышы деңгейіне көтерілген.
Социалистік Еңбек ері – шаруашылық пен мәдени құрылыстағы аса үздік жетістіктері үшін еңбекте ерекше көзге түсіп, КСРО-ның күш-қуатын нығайтып, даңқын шығарғаны үшін берілген ең жоғары құрметті атақ. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1938 жылдың 27 желтоқсанындағы Жарлығымен бекітілген.
Қармақшы ауданында бес Социалистік Еңбек ері Қасымтай Ізтілеуов, Әділбек Хайруллаев, Сәлима Жұмабекова, Цай Ден Хак және Пак Чен Ир сынды саңлақтар халық шаруашылығының қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқанын ел біледі.
Өзінің өнегелі өмірімен, халыққа жасаған жақсылығымен, адал еңбегімен, тазалығымен, жоғары деңгейдегі адами қасиеттерімен өзгелерге үлгі болған осындай абзал азаматтар тарих бетінде алтын әріппен жазылды.
Сыр сүлейлері атанған жүз жыраудың тағылымы да бір төбе. Ауданның тарихын тауысып айту мүмкін емес. Әйтсе де оның даму жолы талай кезеңдерді құрады. Оны көпті көргендердің өзінен естігеніміз жөн деп,  аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсеновтің әңгімесіне құлақ түрдік.
– Ауданның даму жолы құдды өміріміздің даму жолындай. Биыл 95 жылдығын тойламақ, ал, мен соның 77 жылын көзіммен көрдім. Жалпы, Қармақшы – бұрыннан төрт түлігі сай қоныс. Небір қиындықтарды бастан өткеріп, осы күнге жеттік. 1953, 1969, 1993 жылдары қыс өте қатты болды. Қар қалыңдығы метрге жуық, таңертең қой көрінбейді, тек әр жерде буы бұрқырап шығып жататын. Аршып алып, өріске айдаймыз. Сол жылдар ауданның ең қиын кезеңдері ретінде есте қалды.
Өткен ғасырдың 50-жылдары халық соғыстан әлі ес жия қоймаған. Осы топырақта білім алып, өсіп-өндік. Мектеп қабырғасынан бастап өндірістік бригада құрамында болдық. Соның арқасында көптеген азамат механизатор атанды. Майда колхоздар бірігіп, бірнеше ірі колхоздар пайда болды. Дамудың даңғылы сонда басталды. Тіпті әр үйдің ауласына ауызсу келіп тұрды. Ол кезде басқа жерлерде аула түгілі, көшеге су тарту деген мүмкін болмаған еді. Ауданды дамытуға үлес қосып, бес адам Социалистік Еңбек ері атағын алды. 70-жылдардан бастап шаруашылық дамып, өркендей бастадық. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ілгерілеу болды. Тәуелсіздіктен кейін нарықтық экономикаға көшкеніміз белгілі. Қиын жағдайлар болмады демеймін, бірақ соның бәрін өткеріп, елге жаны ашыған азаматтардың арқасында түзеле алдық. Қазір жеке шаруашылықтар мал санын көбейтті, өнімін арттырды. Таяуда Ақтөбе ауылында құс фабрикасы іске қосылмақ. Шетелден тапсырыс түсіп үлгерген. Бұның халыққа игілігі мол болмақ. Өндірістен кем қалғанымыз жоқ. Алдағы уақытта аудан осы қарқынмен дами берері хақ, – дейді ақсақал.
Әрине, ауданның күріш егісінен де алға озған дәстүрі бар.
Шаруа ширақ
Жалпы, ауданда ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы, шағын және өнеркәсіп бағыттары қарқынды дамуда. Қазір аудан бюджеті 11,6 млрд теңге болып белгіленсе, аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың қолдауымен 1,1 млрд теңгеге тағы көбейген. Жыл басынан бері ауданға 4 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 39,8 пайызға артып отыр.
Аумағы облыстың 13,7 пайызын алып жатқан Қармақшы ауданының басты кәсібі – ауыл шаруашылығы. Мал өсіреді, егін егеді. Әсіресе, соңғысымен тұрақты айналысатын елді мекендері көп. Жалпы аудан орталығынан бөлек, бір кент пен 12 ауылдық округ болса, басым көпшілігі күріш өсіріп отыр. Әрі осы дақылды Қазақстан ішінде ғана емес, сырт елге экспортқа шығарып келеді. Сондай-ақ бақша егіп, өз-өзін қамтып отырған жұрт екенін айтсақ дейміз. Өнімін өзіне де жаратып, жәрмеңкеге де шығаратын қармақшылық диқандар кейінгі үш-төрт жылда бұл кәсіпті жақсы дамытты. Төрт түлікті өсіруге құлшыныс танытқандар тіпті баршылық.  Бүгінде ауданда 38296 ірі қара, 16374 жылқы және 94 мыңнан астам уақ мал тіркелген.
Қазір бұл саланың жалпы өнім көлемі 2,9 млрд теңгеге жуық. Меже өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда біршама артық. Биыл жалпы көлемі 26 813 гектар жерге егін егілген. Оның ішінде күріш көлемі 13 770 гектар. Егін маусымына жүйелі даярлықтың нәтижесінде 3854 гектар жаңа жоңышқа, 1050 гектар жаздық бидай, 1050 гектар мақсары, 50 гектар құмай, 40 гектар сүрлем жүгері, 3 гектар күнбағыс дақылы себіліпті. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру мақсатында биыл 392 гектар бақшалық жер әзірленген. Ол 881 отбасыға үйлестіріп берілді. Егін алқаптарын суару мәселесі де бақылауда тұр. Су беру нүктелерінен алыс орналасқан шаруалар үшін 24 су тарту құрылғысы орналастырылған. Қуаңшылықтың алдын алу, сондай-ақ елді мекендерде бақша егу үшін аяқсудың маңызы ерекше. Аудан бойынша биыл 11 су ұңғымасы қазылды.
Құрылыс
қарқын алды
Қазір Қармақшыдағы құрылыс жұмыстары қызған. Құны 3,7 млрд теңге болатын Байқоңыр қаласындағы 5 тұрғын үй – басты нысанның бірі. Бұған қосымша қаланы сумен жабдықтау жүйелерін қайта ауыстыруға 12 млрд теңге қаралған. Биыл бөлінген 1 млрд теңгеге жұмыстар басталып кетті. Бұл салада ауыл-аймақ та кенже қалмаған, 666 млн теңгеден астам қаржыға Қармақшы, Т.Көмекбаев, Алдашбай ахун ауылдарын сумен жабдықтау жұмыстары аяқталды. Тұрмағамбет, «Ақжар», Дүр Оңғар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды.
Аудандағы ірі жобалардың  бірі –    «Төретам» кенті мен «Ақай» ауылдық округін газдандыру. Барлық қаржысы 2 млрд 186 млн теңге болатын құрылыстың басталғанына да біраз уақыт өтті.
Кез келген мемлекет не облыс, мейлі аудан болсын, ондағы жақсы көрсеткішті айқындайтын саланың бірі – жол құрылысы. Сапасы дұрыс жолдың пайдалану мерзімі ұзақ, ауыр жүк көліктеріне шыдамды келетіні белгілі. Қармақшыдан көргеніміздей, «Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағамбет-Т.Көмекбаев» автожолын жөндеу жұмысына көңіл бөлінген. Мердігер мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС құны 1 млрд 445 млн теңге болатын  жол құрылысын жүргізетін болды. Сондай-ақ «Ақжар», «Ақтөбе», «ІІІ Интернационал», «Ақай» елді мекендеріндегі 6 көшені жөндеу жұмыстары басталған. Бұған қосымша шеткі ауылдың бірі – «Қуаңдариядағы» екі көше де бар.
Өзге салалардағы құрылыс жұмыстарында да ілгерілеушілік жоқ емес. Мысалы, Дүр Оңғар ауылының 5 көшесін жарықтандыруға қаржы бөлінген. Қармақшы ауылындағы «Балбөбек» балабақшасының жылу жүйесін газға ауыстыру үшін 35,6 млн теңге қаралған.
Аудан орталығы – «Жосалы» кенті бойынша биыл 33 жоба іске аспақшы. Барлығы 1 млрд 271 млн теңгеге орталық аурухана ғимараты және 15 көшеге орташа жөндеу, 10 көшені жарықтандыру, әлеуметтік нысандардың жылу жүйесін «көгілдір отынға» ауыстыру, су ұңғымасын салу, ғимараттардың жылу қазандығын жөндеу, көшелерді абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу іске асуда.
Аудан тұрғындарының қолын газға жеткізу мәселесі де басты назарда. Газдандырылған елді мекендер санын арттыру мақсатында «Төретам» кентіне 73,2 пайыз және «Ақай» ауылдық округіне 91,2 пайыз газ тарту жұмыстары атқарылды. Қазір Қармақшыда тек жосалылық жұрт қана газ тұтынып отыр. Сонымен қатар Дүр Оңғар ауылына дейінгі және ауылішілік, Жосалы кенті «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу келесі жылы іске аспақ. Аудан халқына қуаныш сыйлайтын бастамалардың бірі – орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Тұрмағамбет, «Ақжар», Дүр Оңғар ауылында дәрігерлік амбулаторияның іргетасы қаланды.
Бұқаралық спорт ілгері басты
Биыл Қармақшы ауданының негізі қаланғанына 95 жыл толып отыр. Осыған орай «95 жылға – 95 шара» атауымен ауқымды жұмыстарды ұйымдастыру жоспарлануда. Мерейтой аясында ауданда ақындар айтысы мен жыраулар фестивалі, ұлттық спортты насихаттау мақсатында түрлі сайыстар өткізілетін болады. Мерейлі мереке қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуы жоспарланып, жыл көлемінде тағылымы мен тәрбиелік маңызы зор, рухани, мәдени, спорттық бағыттағы әртүрлі жиындар, жарыстар, басқа да іс-шаралар өткізілмек. Бұл тұста ауданның жеткен жетістігін айтпай кетуге болмас.
Аудан – спорт саласында озықтардың бірі. Мәселен, бұқаралық спортпен шұғылданушылар 38 пайызға жеткен. Бүгінде бұл көрсеткішті арттыру үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Жосалы кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Ақай» ауылында осындай кешен құрылысы жүргізілуде. Республикалық бюджеттің бірінші нақтылауында Дүр Оңғар және «ІІІ Интернационал» ауылдарында денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу үшін қаржы бөлініп, оларды салу басталды. Мұнан өзге, аудандық бюджет қаражаты есебінен «Жосалы», «Иіркөл», «Ақжар», «Ақай» ауылдық округтерінде балалар және спорт алаңдарының құрылғыларын орналастыру үшін 56 млн теңге, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун ауылдарындағы спорт алаңдарын жөндеу жұмыстарына 13,1 млн теңге қаржы қаралған. «Жосалы» кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінің бу қазандығын табиғи газға ауыстыру жұмыстарына 56,5 млн теңге бөлінді.
Еткен еңбек, төккен тер нәтижесіз емес, қармақшылық спортшылар да байрақты бәсекелерде аудан намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Биыл аудан тумасы Ерасыл Сәулебеков Албанияның Дуррес қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында екі дүркін Әлем чемпионы атанып, Сыр елінің абыройын асқақтатты.
Сондай-ақ, қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткен әлемдік додада Айбек Серікбаев, ересектер арасында Ғалымжан Әбдірахманов өз салмақ дәрежелері бойынша чемпион атанса, «Қазақстан барысы» республикалық жарысында тамаша өнер көрсеткен Еламан Ерғалиев пен Мақсат Исақабылов жеңімпаз атанып, ел мерейін тасытты. Сондай-ақ, Мақсат Азия біріншілігінде де топ жарып, Еламан Еуропа төрінде өткен байрақты бәсекеде жүлде тақты.
Мәдениет пен білім қатар көркейді
Қармақшы – жүз жырауы жыр жүзіктеген өнер өлкесі. Ауданның мәдениет пен спорттағы жетістігі, жастар бастамалары жетерлік. Биылғы жаңалықтың бірі – Әзербайжанның Баку қаласында «Кайнат» жастар орталығының  ұйымдастыруымен Халықаралық балалар арасындағы «Мугам» өнер байқауында Қазақстан атынан қатысқан К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің жас шәкірті Мәди Елдес жүлделі ІІІ орынды иеленген.
Алғаш рет мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Жастар бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы іске асты. Жоба аясында 14 жастың әлеуметтік бастамасы қаржылай қолдау тауып, әрқайсысына 150 мың теңге көлемінде шағын грант табысталған. Грант иесі атанған белсенді жастар қажетті құрал-жабдықтарын алып, жобаларын бастап кетті. Атап айтсақ, қазір 11 теннис, 2 домбыра үйірмесі және бір жылжымалы кинотеатр аудан жастарына тегін қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, жастар саясатын жандандыру, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді, мазмұнды ұйымдастыру, олардың шығармашылығын қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау, отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында қоғамдық іс-шараларды, мәдени және спортты дамыту үшін аула клубы жұмысы тұрақты атқарылуда. Аула клубы жұмысы аудандық жастар ресурстық орталығының базасында ұйымдастырылып, оған жастардың тұрғылықты жері бойынша сұранысы мен қызығушылығын ескере отырып, үйірме жұмыстары жүргізіледі. Клубты ұйымдастыруға қажетті құрал-жабдықтар да алынған.
Білім саласы бойынша да біршама даму байқалады. Қазір 30 мектеп қармақшылық оқушыларды білім нәрімен сусындатып отыр. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 655 мектеп бітірушінің 581-і тест тапсырған. Жалпы түлектердің ішінде 40 оқушы «Алтын белгі», 68 оқушы «Үздік аттестат» иеленді. Сондай-ақ аудан аумағында 42 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның ішінде 24-і мемлекеттік, 17-сі жекеменшік балабақша мен 1 шағын орталық. Оларда барлығы 176 топ бар, 3676 бала тәрбиеленуде.
Өмірінің көп бөлігін ұстаздыққа арнаған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Төлегенқызы:
– Ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араластым. Әйелдер – елдің тірегі. Қазір қоғамдық жұмысқа араласып жүрмін. Талай кезең көз алдымыздан өтті, тіршілігіне біте қайнастық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекет үшін әйелдердің еңбегі көп болды. Дорбасын арқалап, сауда жасады. Соның біразы қазір кәсіпкер атанып, аудан дамуына атсалысып жүр. Халық игілікті сезіп үлгерді, мектептер мен аурухана салынып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Мәдениет саласында жетістігіміз көп. Сыр сүлейі атанған жырауларымызды бәрі біледі. Кәсіп ашсын деп жастарға мүмкіндік берілді. Қызмет көрсету саласы ілгері басты. «Көгілдір отын» мен ауызсудан, жолдан мәселе жоқ. Осыдан соң «өзгеден кембіз» деуге болмайды, – дейді.
Кәсіптің кілтін тапқан жұрт
Ауданның экономикалық даму көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін фактор – шағын кәсіпкерлік. Қармақшыда бұл саланың дамуы басты назарда. Биыл жалпы есепке көз салсақ, ауданда 4445 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 4111, яғни 92,5 пайызы. Былтыр осы саладағы жобаларға мемлекеттік бағдарламалар арқылы 4 млрд теңге (3,4 млрд несие, 621,3 млн теңге грант) берілген. Ал жыл басынан бері 184 жоба 735,8 млн теңгеге қаржыландырылды.
Көпшілікке таныс әрі насихаты жан-жақты болған «Ауыл аманаты» бағдарламасына ниет білдіруші көп. Қазір Қармақшыдағы барлық елді мекендерден несиеге өтініш беріп, кәсіп бастауға ұмтылғандардан 182 жоба іріктелген. Құны 1,2 млрд теңгені құрайды, бұдан бөлек, ауданда 10 ауыл шаруашылығы кооперативін ашып, 280 млн теңгеге қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасып, жалпы несие портфелі 2 млрд теңге болатын жобалар әзірленбек.
Аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, аудан экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырумен қатар импорт алмастыру мәселесі де күн тәртібінде. Жақын арада индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы іске қосылмақ. Сондай-ақ аудан орталығындағы «АНК-Дәулет» ЖШС арқылы газоблоктар өндіретін зауыт ашу және «Төретам» кентіндегі «МИР-2001» серіктестігінің бетон бұйымдарын шығаратын шағын зауытын кеңейту жобасы басталып кеткен.
Аудандағы сауда саласын дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін Жосалы кентіндегі ескі базар орнына жергілікті кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваның бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығын салу жоспарланған еді. Жоба құны 150 млн теңге. Қазір жүзеге асыру үшін Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 50 млн теңге несие берілді.
Ғарышқа ашылған қақпа-қала
Қармақшы жайын сөз еткенде аты әлемге белгілі Байқоңыр қаласын елемей өтуге болмас. «Жер кіндігі – Байқоңыр» деп текке айтылмаған ғарыш айлағы адамзат баласы үшін өткен ғасырдың теңдессіз жетістігі саналады. Қасиетті Қармақшы аумағында орналасқан ғарышкерлер қаласының іргетасы 1955 жылы қаланған. Кеңес Одағы құрамындағы 15 республиканың арасынан Қазақстанға таңдау түсуі де тегін емес еді. Ғалымдар зымыран ұшырудың қауіпсіздігін, айлақтан елді мекендердің қашық болуын, ұшырылған ракетаның қайта оралған кездегі қону аймақтарының ыңғайлылығын ескеріпті. Сондай-ақ, тоғыз жолдың торабы мен автомобиль жолдары да ғарыш алаңының көмекші және қызмет көрсету нысандарына қолайлы жағдай туғызды.
Оның үстіне әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны саналады. Басты және көмекші объектілерінің жалпы ауданы 6717 шаршы шақырымды құрайды. Айлақтан тұңғыш зымыран 1957 жылы ұшырылды. Сәтті қадам болды. Дүниенің төрт бұрышын дүр сілкіндірген бірегей оқиға әлем назарын өзіне аудартқаны есте. Сөйтіп, алғаш рет Жердің жасанды серігі кеңістікке шығарылды.
1961 жылдың 12 сәуірі адамзат тарихына елеулі оқиға ретінде түртілді. Бұл күні тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен орбитаға аттанды. Бертін келе де ғарыш кеңістігін бағындыруда бірқатар тың бастамалардың көшбасшысына айналды. Атап айтсақ, «Байқоңырдан» байланыс мақсатында пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор» және «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» секілді ғарыш кемелері, Күннің, Айдың, Шолпан жұлдызының алғашқы жасанды серіктері және «Салют», «Мир» орбиталық стансалары кеңістікке көтерілді.
Міне, осылайша алаңды салу барысында Байқоңыр қаласы өмірге келді. Оған ресейлік техникалық инженер Г.Шубников жетекшілік етті. «Қала әкесі» атанған Шубниковтің атында осы күні көше және ескерткіш бар. Ғарыш айлағын салуға қазақстандықтар да араласты. Олардың қатарынан сала қызметкерлері Қ.Тоқмұхамедов, Б.Межіғұлов, Т.Уәшов, К.Әбілғазин, М.Құлымгереев, Қ.Нұрмағамбетов сияқты тұлғалар бар.
Қазақ елінің тәуелсіздік жылдарында жеткен табыстарының ішіндегі ең бір сүбелісі – 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің «Союз Т-13» ғарыш кемесімен «Байқоңырдан» ғарышқа көтерілуімен тығыз байланысты. Ел тарихына алтын әріптермен жазылған айтулы күні қазақ жұртшылығының қуанышында шек болмады. Мұнан соң бұл бақытты ғарышкер Талғат Мұсабаев Ресеймен бірлескен жобада 3 мәрте, яғни, 1994, 1998, 2001 жылдары қайталап, ғарыш ғаламын игеруде қазақ баласының ешкімнен кем түспейтінін дәлелдеді. Үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов кеменің бортинженері ретінде ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка және даниялық астронавт Андреас Могенсонмен бірге 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен көкке самғады. Тәуелсіздігіміздің Тәңірі берген сыйындай болған ғарыш кеңістігіне қазақтың үш бірдей азаматының самғауы – халқымыздың басына қонған бағы болса керек. Үш ғарышкер де «Халық қаһарманы» жоғары дәрежелі атағын алғаны ел жадында әлі күнге сақтаулы.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы 1991 жылы Қазастанның иелігіне өтті. 1993 жылдан Ресей Федерациясына жалға берілді.
Байқоңыр қаласының болашағы зор. Қажетті инфрақұрылым дамып, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы салынуда. Сондай-ақ, газдандыру жұмыстары да жүргізілді.
Әлбетте, барлық бастама бойынша бүгінде жұмыс қарқынды. Бірнеше әлеуметтік нысан қазақстандық стандартқа көшіріліп, «көгілдір отынға» қосылып, көңілі жылып отырған ағайын Байқоңырда баршылық.
Адам баласының ғарышты игере бастағанына 60 жылдан асты. «Байқоңыр» кешені осы уақыт ішінде Қазақстанды әлемге танытып, мемлекетіміздің ғылым мен білім жолындағы беделі мен абыройын асырды. Жер бетіндегі барша адамзат үшін де, еліміз үшін де «Байқоңырдың» алар орны ерекше. Ең бірінші Жер серігі ұшырылғаннан бері қарай адам баласы ғарыш әлемінің тылсым сырына қанығып, ішке бүккен талай құпиясын ашты.
Сапардан түйін: Облыстың 85 жылдық мерейтойы тұсында Қармақшының қайнаған өмірін сөз еттік. Ауылдарын көріп, ауасын жұтып, тіршілігіне қанықтық. Аудан орталығының шаһарға айналып бара жатқанына көз жеткіздік. Қорқыттай түркіге ортақ абыздың сарынын, Тұрмағамбеттей жүздеген жыраудың дастанын жел жырлағандай күйді сезіндік. Осындай киесі көтерген текті топырақта табыстың ырзығын танып-білдік.
Мадияр Төлеу,
«Сыр бойы»
03 қазан 2023 ж. 367 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031