«Ел өміріне енжар қарамаймыз»
qarmaqshy-tany.kz Төретам кенттік ардагерлер кеңесі 2005 жылдан бастап құрылып, жүйелі түрде жұмыс істеуде. Оны осы кезге дейін Айнақожа Алдамбергенов, Жаңаберген Аманжолов, Төлеп Наурызалиев, Арыстанбек Бөлекбаев, Смағұл Аралбаев секілді ел азаматтары басқарса, бүгінде оған ішкі істер саласының ардагері, отставкадағы подполковник Құлтаба Накиев төрағалық етеді.
Ардагерлер кеңесінің 11 белсенді мүшесі бар. Өмірдің сыры мен сынынан өткен аға ұрпақ өкілінің кейінгіге қалдырар өсиеті де, айтып тауыса алмас өнегелі әңгімесі де жетерлік. Жалпы жергілікті халықтың аузында кеңестің жұмысы көңіл көншітерлік. Бұған біз де Төретам кентіне барып, ардагерлердің ортасында болғанымызда анық көз жеткізгендей болдық. Клуб үйінің бір бөлмесінде орналасқан кеңес мүшелерінің алқалы жиынының үстінен түстік. Әрбір сәрсенбі сайын осы жерде бас қосатын ардагерлердің талқылайтын мәселелері де әртүрлі. Жиын кенттік ардагерлер кеңесінің төрағасы Құлтаба Есқуатұлының жетекшілігімен өтеді.
– Әр жетінің сәрсенбісінде осында келіп басымызды қосамыз. Жай ғана бас қоспай, денсаулыққа пайдалы сусынды насихаттауда таза қолдың шұбатын алдыртып ішеміз. Бұл бір ретте ұлттық құндылығымызға мән бергеніміз. Шұбат іше отырып, өзімізде шешімін таппай жатқан қандай да бір мәселе болса, соны кеңінен отырып талқылаймыз. Мысалы, біздегі Мұстафаев, Құлтасов көшелеріне жарық бағаналарын орнатуға аудан әкімі Жандос Еркінбекұлына ұсыныс білдіріп едік, шүкір елдің талабы ескерусіз қалмады. Түнде осы көшелердің шамдары жарқырап тұр. Төретамдағы газ желілерін орнатуға байланысты да ардагерлер тарапынан қолдаулар болып жатыр. Осы басқосуымызда мердігер компанияның жауапты қызметкерлері келіп, есеп береді. Жұмыс қалай жүруде? Кедергілер болып жатқан жоқ па? Қандай көмек керек деген сынды сұрақтарымызды да назардан тыс қалдырмаймыз. Көмек керек болған жағдайда тиісті орындарға жеткізіп, оң шешімін табуға атсалысамыз. Одан бөлек, қазақтың ертеден келе жатқан жер, жесір дауы деген даулар болған. Бұл төңіректе де туындаған мәселе болса, құзырлы органдармен ақылдасып, шешуге күш саламыз. Жұмыстан қысқарып қалған мәселе болды. Онда да ардагерлер араға түсіп, істің әділ шешілуіне үлестерін қосты. Кәсіпкерлерге өтініш айтып, ветеринар мамандардың заңдылығына сәйкес, адам өміріне қауіп төндіретін қаңғыбас иттердің санын азайтуда да осы аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі бар, – дейді төраға кеңестің ықпал етіп отырған жұмысының бірсыпырасын ғана баяндап.
Қ.Накиев кентте медиаторлық жұмысты да қатар алып жүрген азамат. Ажырасу, ұрлық, ұрыс-керіс, басқа да мәселе туындағанда екі тарапты татуластыруға мүдделі болып, істі сотқа дейін жібермеуге септігін тигізеді.
Екшеп айта кетерлік жай – кентте 90 жастан асқан 5 қарт тұрады екен. Олардың ішіндегі ең үлкені 92-де. Жақында ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері сол қариялардың отбасында болып, сыйсияпат, құрмет көрсетіпті. Азаматтық қоғам мен билік органы ортасында алтын көпір болып отырған қоғамдық бірлестік өз жауапкершілігіне алатын шаруаларын алдын ала жоспарлап отырады. Кеңес құрамындағы ардагерлер Әмидулла Нағыметұлы, Жетіру Бөлеков, Сұлтан Әбжаппаров, Ақметкүл Аралбаева, Шолпан Махмутова, Махамбет Рысмағамбетов, тағы басқалары өздерінің өкшесін басып келе жатқан орта буын мен жастарға, жас ұрпаққа пайдалы ақыл айтып, келелі кеңес беруден еш жалыққан емес.
– Бізде 5 қартымыз 90 жастан асқан кісілер болса, 80 жастан асқаны 110-дай қарияны құрайды. Солардың 10-ына марапат табыстасақ, республикадағы Қарттар күні мерекесіне орай аудандық ардагерлер кеңесінің, әкімшіліктің мадақтамаларына да кезінде елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, ағартушылық, денсаулық салаларында аянбай тер төккен ардақты ардагерлерімізді ұсынып отырмыз. Мерекеде қарттарымызға алдымен ұзақ ғұмыр тілеймін. Бала-шағасының қызығын көріп, солардың ортасында аман-есен отыруына тілектеспін. Ал елімізге тыныштық пен бейбіт өмір тілеймін, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Құлтаба ағамыз мерекелік көңілде.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК