Ардагерлер кеңесінің VIII конференциясы
Ардагерлер кеңесі. Осылай аталатын ұйымдар әр жерде әртүрлі деңгейде, сан алуан салада тірлік кешулі екені түсінікті. Қармақшы ауданында ардагерлер кеңесі қашаннан бірқатар жақсы істердің ұйытқысы болып жүр. Аталмыш кеңес мемлекеттік органдармен әріптестік, іскерлік қарым-қатынасты қалыптастырып қана қоймай, мемлекет пен халық арасындағы байланыс тетігіне айналу секілді оң істердің жаршысы болуда. Бүгінде ауданда Байқоңыр қаласын қоспағанда 61 ардагерлер бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 3886 ардагер есепте тұрады.
Бірер күн бұрын әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Қайрат Нұртай және мәслихат хатшысы Әділ Қошалақовтың қатысуымен аудандық ардагерлер кеңесінің VIII конференциясы өтті. Санитарлық талаптарды сақтай отырып Zoom платформасы арқылы онлайн режимде өткен жиынға 63 делегат қатысты. Конференцияны жүргізген аудан әкімі аппараты бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов жиынның ережесімен таныстырып, алғашқы сөзді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетовке берді. Конференция алдында кеңестің жыл көлемінде атқарған жұмыстары жайлы мақала газет бетіне жарияланған болатын. Қаршыға Есдәулетұлы өз баяндамасында дендропарк, этноауыл, Жосалыға кіре берістегі «Мәңгілік ел», «Қазақ хандығы» ескерткіштерінің айналасына ағаш отырғызу керектігін, Жастар саябағын жөнге келтіру, жазда демалатын орындар, бассейн, балалар ойнайтын алаңдар салу, құрылыс заттарының күн сайын қымбаттауына жол бермеу, такси қызметі туралы өзекті мәселелердің барын аудан әкіміне жеткізді. Мұнан соң ішкі істер саласының ардагері Есет Назарқұлов тексеру комиссиясының есебін берді.
Сөз алған Ақай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Қыпшақбаев Ұлы Отан соғысы жылдарында дүниеге келген жандарға көмек берілсе деген ұсынысын айтса, Қуаңдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ешмағамбет Дүйсебаев тыл ардагерлері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілсе деген өтінішін жеткізді. Жаңажол ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Тәуекелов ауылдағы оң істерді, шаруашылық тарапынан ардагерлерге көрсетіліп отырған көмектің көптігін, еңбек озаты, атақты механизатор Бибігүл Әбішоваға жаңа үй салып беруге жұмыстар жүргізіліп жатқанын мақтанышпен айтты. Мұнан соң Төретам кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Смағұл Аралбаев, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев сөз сөйледі. Конференция соңында қаулы қабылданып, аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелерінің құрамы бекітілді. Облыстық конференцияға қатысатын делегаттар ұсынылды.
Конференцияға қатысқан, аудан ардагерлерімен кездескен алғашқы жиында аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы аға толқын өкілдерінің қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудағы үлкен рөлін айрықша атап өтіп, атқарылған істерге ризашылығын білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетовты «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың «Құрмет грамотасымен» марапаттады.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Қаршыға Есдәулетов қайта сайланды. Ал оның орынбасарлығына бірнеше салада еңбек еткен Асқар Мереков сайланды.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА