Жайқалған гүлдің ортасы
qarmaqshy-tany.kz Жуырда Төретам кентінің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында тілшілер болып барған едік. Кіреберістегі "Алмас" сауда үйін жағалай жүріп жайқалған гүлдердің ортасына тап болдық. Редакциядан келгенімізді айтып, гүлге деген қызығушылығы мен жұмысын жазуға ниетті екенімізді білдіріп едік. Қарсы болмай, қуана келісе кетті.
Иә, бізде мемлекетке алақан жаймай-ақ қолдағы барымен кәсібін бастап, тың идеяларын жүзеге асырып, тиыннан теңге құрап, шағын істің өзінен толағай табыстарға жетуге болатынын дәлелдеп жүрген жандар аз емес. Сондай жанның бірі – Гүлзада Өмірзаққызы. Ол жұпар иісі аңқыған, сүйіспеншіліктің символы саналатын, көз жауын алатын бөлме гүлдерін баптаумен айналысады. Сондай-ақ жеміс ағаштарын да емдеп, егеді.
Әрбір адам түрлі салаға, мамандыққа бейім. Оның үстіне мамандық та, кәсіп те көп. Алайда біздің бүгінгі кейіпкеріміздің рөлі тым бөлек. Гүл өсіруге әйел адамның өзіндік ықыласы болуы керек қой. Асылында кез келген адам гүл өсіре алмайды.
– Табиғаттың сәнін келтіретін, әлемге сұлулық сыйлайтын гүлді өсіру оңай емес. Ол өскеннен кейін емес, өскенге дейін де ерекше күтімді қажет етеді. Гүл өсіру үшін оның әдістәсілдерін жетік меңгерген жөн. Ал мен өзімді бұл істе нағыз маманмын деп те айта аламын. Бірнеше жыл қатарынан мемлекеттік бағдарлама негізінде бизнес-идеямды қорғадым. Өзімнің жұмысыма шын берілгендіктен, жобамның сәтті шығатынына сенімді болдым. Дегенмен 2-3 жыл қатарынан нәтижесіз болды. Содан біраз көңілім қалғанын жасырмаймын. Қалай болғанда да мемлекеттен қаржылай қолдау күтемін. Микрозелень бойынша алдағы уақытта тағы да жобаларға қатысқым келеді. Мүмкіндігім болса барлық жерді жайқалтып, жасыл желекке айналдырғым келіп тұрады, – дейді кейіпкеріміз.
Кей адамның өз ісіне деген адалдығын, сүйіспеншілігін бір қарағанда жанарынан-ақ байқауға болады. Гүлзада апайды біз сол көзінен тани алдық. Өз ісіне деген махаббаты көрініп тұр.
Әдемілікті жақсы көретін адамдар бұл кісіні арнайы осында іздеп келеді. Олар өздеріне қажетті кеңестерін алады. Тіпті кейбір тұтынушылары мен тапсырыс берушілер үйіне де шақырады. Гүл баптаудың шебері өткен жылы қыста витграсс (бидайдың 10 см-ге дейін өскен көшеті) егіп, оның пайдасын зерттеп жанындағыларға айтып, сатуға шығарады. «Бидайдың әлгіндей 10 см көшетінің сығындысы обыр ауруының таптырмас емі. Сол секілді күнбағыс, жүгері, қызылша көшеттерінің де денсаулыққа пайдасы мол. Жалпы еліміздің Батыс өңірінде гүл өсіру жақсы дамыған, мен соны біздің аймақта дамытқым келеді» дейді ол әңгіме арасында. Осыдан-ақ гүл өсірушінің түрлі дүниені ізденуден еш жалықпайтынын аңғаруға болады.
Шағын дүкен гүлге жайқалып тұр. Бағалары да қалтаға қонымды. 500 теңгеден бастап гүлдің көлемі, күтімі мен көшетіне қарай бағасы өсе береді. Гүлдердің негізі Голландия мен Сарыағаштың жылыжайынан келеді екен. Кей гүлдердің бағасы қымбат болғандықтан оларды кішкене бөліктерге бөліп, тазалап, бір аптадай күтіп-баптап қолжетімді бағада сатылымға шығарады.
– Гүлдің өзіне де ерекше бап керек. Олар салқын, ылғалды жерді жақсы көреді. Оны жайқалтып өсіру үшін қолайлы ортада жағдай жасау қажет. Мен осы бөлмеде гүлге қажетті барлық жағдайды жасап отырмын. Ылғалдылығын, қажетті температураны қадағалаймын. Адамның түрлі тамақты тұтынатыны секілді, гүлдің де қажетті дәрілері болады. Тіршілік иесі болғандықтан, кей кездері ауырып та қалады. Құрт пен шыбындар түсіп кетеді. Сондай кезде қажетті дәрілермен емдеймін, – дейді ол.
Қандайда бір болсын үйде гүлдер көп болса, адам денсаулығына көмегін береді. Адамға жылу, шаттық сыйлайды. Иә, «гүл – табиғат-ананың сыйы» деп бекер айтылмаған. Бір жағынан адам жанына жылулық ұялатып, көңіл-күйдің көтерілуіне септігін тигізсе, екінші жағынан денсаулыққа да жақсы әсері бар. Рас, бүгінде үй гүлдерін өсіру қайта сәнге айналды. Әсіресе дизайнерлер үйді ерекше етіп сәндеуде құтыдағы гүлдерді қолдануға кеңес береді. Ал сіз бөлме гүлдерін өсіріп жүрсіз бе, оқырман?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ