» » Сабынды гүл сәнге айналды

Сабынды гүл сәнге айналды


ЕРТЕ КӨКТЕМНІҢ ЖАЙМАШУАҒЫМЕН БІРГЕ КӨҢІЛГЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАЙТЫН 8 НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ДЕ КЕЛІП ҚАЛДЫ. ГҮЛ КӨКТЕМНІҢ АЛҒАШҚЫ МЕЙРАМЫНДА ГҮЛ САТУШЫЛАРДЫҢ САУДАСЫ ҚЫЗАТЫНЫ БЕЛГІЛІ. ПАНДЕМИЯ БАРЛЫҚ САЛАҒА ӘСЕР ЕТІП, ГҮЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ДА САЛҚЫНЫН ТИГІЗДІ. ГҮЛДІҢ БАҒАСЫ БЫЛТЫРҒЫҒА ҚАРАҒАНДА БІРНЕШЕ ЕСЕГЕ ҚЫМБАТТАҒАН. СОНЫМЕН ҚАТАР КҮННЕН-КҮНГЕ ГҮЛ ДҮКЕНДЕРІ МЕН ФЛОРИСТЕР КӨБЕЙГЕН САЙЫН ТЫҢ ИДЕЯЛАР БӘСЕКЕГЕ ТҮСІП, СОҒАН САЙ СҰРАНЫС ТА АРТУДА. ТІПТІ ТІРІ ГҮЛДЕРДІҢ ОРНЫН ҰЗАҚ САҚТАЛАТЫН, ТҮРЛІ ҚАЖЕТТІ ДҮНИЕЛЕРДЕН ЖАСАЛҒАН ГҮЛ ШОҚТАРЫ АЛМАСТЫРЫП ЖІБЕРГЕНІ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. АЛ БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ – «САБЫНДЫ ГҮЛ» БОЛЫП ТҰР. БАҒАСЫ ДА ҚОЛЖЕТІМДІ.
Біздің ауданда да сабынды гүлдің саудасы қызып тұр. Қызығушылық танытқан жандар мұны кәсіп ретінде қолға ала бастады. Осындай жанның бірі – кент тұрғыны Дәуіржан Бектаев. Ол А.Жанпейісов атындағы №105 мектептің табалдырын аттаса, 5-сыныптан бастап Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейден түлеп ұшады. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Логистика және Транспорт академиясының 4-курс студенті. Тәжірибеден өтіп жүрген жас бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында кәсіпке бет бұрғанын айтады.
– Қазір мүмкіндіктердің уақыты ғой. Айналама қарасам бос жүрген ешкім жоқ. Ауданға не қажет, қандай жаңашылдық әкелсем болады деп ойландым. Қарап отырсам, ауданымызда гүл ісі толықтай дамымаған. Таныстарымның туған күн немесе басқа да мерекелерде Қызылорда қаласынан гүлге тапсырыс беретінін байқадым. Яғни ауданда гүлге сұраныс бар. Сондықтан менде бұл жұмысым жүрмей қалады деген қорқыныш мүлде болмады. Суық күнде тірі роза гүлдерін қайдан табамын деп жүргенде инстаграм арқылы анам сабынды гүл туралы постты көрсетті. Түрі де, түсі де шын гүлден айырмашылығы жоқ болған соң, үйренуге кірістім, – дейді жас кәсіпкер.
Иә, кейінгі кезде үйде отырып-ақ түрлі кәсіпті меңгеруге болатынын байқауға болады. Бұған көбіне әлеуметтік желінің дамуы өзіндік үлесін қосқаны рас. Әлеуметтік желі тек адамдардың бір-бірімен хабарласуын оңайлатып қана қоймай, үлкен сауда алаңына да айналды. Осының арқасында халықтың мол мүмкіндігі пайда болды. Кейіпкеріміз де осы мүмкіндікті пайдаланып өз өнімін халыққа ұсынуда.
– Сабынды гүл жасауды үйренуге үш-төрт күн ғана уақыт кетті. Әлеуметтік желі арқылы арнайы марафонға қатысып, тез меңгеріп алдым. Алғашында қажетті заттарына аз-аздан тапсырыс беріп, халыққа ұсынып көрдім. Тұтынушыларымның көңілінен шыққан соң, толықтай осы сабынды розаға бет бұрдым. Сабынды гүл негізінен жібек ұнтағы, эфир майы, essensial сабынынан құралады. Жарамдылық мерзімі 2-4 жыл аралығында. Иісін, түсін сол қалпында сақтап тұрады. Гипоаллергенді. Сабын ретінде қолдануға да, сәндік үшін бөлмеңізге қойсаңыз да болады. Бұл сабындар жақсы көпіреді. Менің сатып алушыларым сабынның өндірістік сабынға қарағанда ұзаққа жететінін айтуда. Дегенмен, сатып алушылардың көбісі бұл әдемі бұйымдарды жаратуға қимай, сақтап қояды екен. Алдағы уақытта тірі роза гүлдерін сатылымға шығару ойымда бар, – дейді шебер.
Оның айтуынша, сабын жасау айтарлықтай қиындық туғызбаған. Өз қолымен сабын жасау қызықты әрі тартымды іс болғандықтан, оған тез үйреніп, бұл оның сүйікті ісіне айналып кеткен. Мұндағы бір ерекшелік ретінде бірнеше сағаттың ішінде өз жұмысыңның тамаша нәтижесін көруге болатынын айтуға болады. Ал сабынның түсі, түрі, иісі өнер иесінің қалауы мен талғамына байланыс­ты. Дәуіржанның бүгінгі жетістігі – берекелі кәсібі мен ертеңгі күнге деген сенімі.
Гүл қымбат дейміз. Солайы солай ғой. Бірақ көңілден қымбат ешнәрсе жоқ қой. Сондықтан гүл көктемде гүл қыздарға қандай бағада гүл сыйласақ та артық етпес. Ал ол солмайтын, хош иісі кетпейтін болса тіпті керемет емес пе?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 наурыз 2022 ж. 1 012 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031