» » Гүл НАРЫҒЫНДА БӘСІМІЗ ҚАЛАЙ?

Гүл НАРЫҒЫНДА БӘСІМІЗ ҚАЛАЙ?

Гүл өсіру – айтар ауызға оңай болғанымен, оның өзіне жетіп-артылатын машақаты бар. Әйтпесе, елдің бәрі гүл өсіріп, мол байлыққа батпас па еді? Айтулы шаруашылықты дамытуға не кедергі?
Елімізде гүлдің ең жақсы өтетін уақыты – қыс пен көктем. Өйткені, бұл мезгілде халық тойлайтын бірқатар мереке бар. Мысалы, Алғыс айту, Ха­лықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамы гүлсіз өтпейді. Айтулы мерекеде гүл саудасының аламаны қыза түседі. Басқа жыл мезгіліне қарағанда, гүлдің сырттан тасымалдануының бірнеше есеге артатын мерзімі де нақ осы кез.
– Бізде гүл саудасы қызып тұр деп айта алмаймын. Дегенмен, Аналар мейрамы, Білім күні қарсаңында гүлге сұраныс артады. Гүл қашанда әдеміліктің, әсемдіктің белгісі ғой. Туған күн мерекесінде нәзік жан­дыларға гүл сыйласаң, керемет емес пе? Әйел затының өзі гүл секілді. 8-нау­рыздың көктеммен тұстас келуі осыны білдіргендей. Қазір бізде күз айы. Жақында ұстаздар мерекесі тойланды. Гүл шоғын құшағына толтырған оқушылардың мұ­ға­ліміне сыйлық жасағаны өте әсерлі. Гүл сыйлау – мәдениеттің, эсте­тикалық тал­ғам­ның жоғары көрінісі іспетті. Себебі, гүл­ге қарап сүйсінбеу, рахаттанбау мүмкін емес. Әрине, бізге қарағанда, қалада гүл саудасы жақсы дамыған. Қалада гүл сататын арнайы дүкендер де жетерлік. Гүлдің түр-түрін табуға болады ол жерден. Жосалы кентінде гүлмен айналысатын сауда нысаны саусақпен санарлық. Тіпті, жоқтың қасы. Десек те, гүлдің бағасы сортына қарай әркелкі. Ер адамдар көбіне роза гүлі мен қызғалдақты таңдап жатады. Туған күнге арнайы әсемделген гүл шоқтарын алады. Жеке адамдармен қоса, мекеме қыз­меткерлері де гүл дестелерін таңдайды. Аналар мерекесінде зайыбыма гүл сыйлаймын, – дейді кент тұрғыны Бауыржан Ермекбаев.
– Қызғалдақты ұнатамын. Оның бір­неше түрі болады. Негізінен ол елі­міздің да­лалық аймақтарында көп кез­деседі. Кейбір сирек түрі «Қызыл кітапқа» енген. Қызғалдақтың Қазақ­стан­да 35 түрі өседі. Жалпы, оның Отаны – қазақ даласы. Исі жұпар аңқыған гүлді үлкен де, кіші де жақсы көреді. Сәуірдің ортасы мен мамырдың басында кенттен тысқары шықсаң, сарғалдақ пен қызғалдақтың алабын көресің. Көресің де, ғажайып сезімге бөленесің. Гүлге қы­зық­пау, гүлге ғашық болмау – мүмкін емес. Биология пәнінен ұзақ жылдар шә­кірттерге дәріс бердім. Үй жағдайында талай гүлдің түрін өсіріп, баптадым. Әлі де бұл қызығушылығым жалғасын тауып келеді. Гүл – адамды нәзіктікке, сұлулыққа баурайды. Гүл мен шипалы өсімдіктің адам денсаулығына пайдасы көп. Гүл – жаны бар тірі организм. Оған адам секілді мейіріммен қарау керек. Бір мезгіл сөйлескен де артық етпейді, – дейді Қанымкүл Әбдікерімова.
Гүл өзімізде де өсіріледі. Өкінішке орай, отандық гүл өнімінің үлес салмағы бүгінгі күні небәрі – 30 пайызды құраса, шетелден әкелінетіні – 70 пайызды меншіктейді. Бейресми емес деректерге сүйенсек, Қа­зақстанға жылына шамамен 160 миллион доллардың гүлі жеткізіледі екен. Бір қызығы – гүл өсірудің өзіндік сыры бар секілді. Оны шетелдіктер айта қойсын ба? Қазір бізде не көп – жылыжайлар көп. Неге осы жылыжайларда гүл егіп сату арқылы шаш-етектен пайда таппасқа. Рас, гүлмен айналысатын шаруашылықтар Қазақстанда да бар. Өткен жылы қарағандылық жылыжайда 250 мыңға жуық қызғалдақ өсірілсе, шымкенттік шаруашылықта 500 мың роза гүлін егіп, әлемді шулатқан еді. Гүл саудасын қыздыратынның дені қалалықтар екені рас. Оның ішінде, Алматы мен Астана ешкімді алға шығармай тұрғандай. Мұнан соңғы орынды Ақтау, Ақтөбе, Атырау қалалары алады. Колумбия, Ресей, Бельгия, Қытай мемлекеттерімен бірге, қа­зақ­стандық кәсіпкерлер гүлді Түркия, Израил, Колумбиядан да әкелуге тырысатын көрінеді. Бірақ, ескерерлігі – гүл саудасын дөңгелетіп отырған мемлекеттер арасында Голландия гүлдерінің нарқы қашан да жо­ғары. Гүл нарығында қызғалдақтан кей­інгі орынды голландиялық мамыргүл иеленеді. Себебі, Қазақстанға әкелінетін гүл шоғырының арасында мамыргүлдың үлесі өте көп. Мысалы елімізге өткен жылы 4 миллион көк қағазға осы гүл сорты сатып әкелінсе, 900 мың долларға раушан гүлі тасымалданыпты. Мамыргүлді ұзақ сақтауға болады. Оның гүл шоғы саналуандығымен баураса, ауа райына төзімділігі тағы бар. Сондай-ақ, рау­шан гүлі көрші Өзбекстаннан жеткізіледі.
Түйін:
Өзбек ағайын гүлін экспортқа шығарып, мемлекет қалтасына қаржы құйып жатқанда, біздің үнсіз жатқанымыз санаға сыйымсыздау. Мұндайда аталарымыз: «Тасиды қаның, ашиды жаның» дейтін бе еді? Сонда да болса игілікті уақыттың төрелігінен күтетін қазақпыз ғой. Мұның да бір күні сыры ашылып, түйіні тарқар.

С.РАЙЫМБАЕВА,
"Қармақшы таңы".
02 қараша 2018 ж. 2 308 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 248

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 349

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930