» » Балаңыз мектепке дайын ба?

Балаңыз мектепке дайын ба?

Сыңғырлаған күміс қоңырау үні естілер күн де алыс емес. Балаларын кезекті оқу жылына әзірлеу үшін дүкен-базарларды шарлаған ата-аналардың қарасы көбейген. «Бар жақсылық – балаға» дейтін кез келген ата-ана баласының мектепте мұнтаздай таза болып, жарқырап жүргенін қалайды. Бұл күнде базарлар мен сауда үйлерінде мектеп формасы мен мектепке қажетті құралдардың саудасы қызып тұр. Бір қуантарлығы – биыл балалардың барлығы бірдей дәстүрлі форматта білім алады. Мектеп формасы мінделмегенімен, ата-аналардың басым көпшілігі форманың болғанын құп көреді.
Қазіргі уақытта ел арасында барлық тауардың бағасы шарықтап кеткені туралы жиі айтылады. Біреулер бұған пандемия себеп болды десе, енді бірі – қымбатшылыққа жауапты саудаға қатысты органдар деп есептейді. Ал саудагерлер бағаның жыл сайын өсіп жатқанын алға тартады. Қалай болғанда да мектептің қарапайым қажеттіліктері ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Бәрібір баламыз үшін олардан бас тарта алмаймыз және міндетті түрде алып беретініміз анық. Базардағы биылғы баға ата-аналардың қалтасына қаншалықты салмақ салғанын таразыламаққа біз де олармен бірге дүкен араладық.
Дүкен ішінде екі-үш баладан жетектеп алған ата-ана. Бар тапқанын баласына жұмсап, көңілін қалдырғысы келмейді-ақ. Арасында «Ойымдағыны алам» деп қиғылық салған бала да бар. Бір сөзбен айтқанда, дүкен іші у-шу. Кент тұрғыны Айжан Тәуекелова 5 баланың анасы. Үшеуі мектеп жасында. Жанына төртінші және бірінші сыныпқа баратын ұлдарын ертіп, мектеп киімін қамдап жүр екен.
– Алдымен осы кішкентай­ларымызды бастан-аяқ киіндіріп алайық деп шештік. Әзірге шалбар мен жейдені алдық. Оған 8500 теңге жұмсадым. Әлі спорттық киімдерін алуым керек. Бүгінгінің балалары ескі киімдерін кимейді, ал оларды қатарынан қалдырғың келмейді. Айтқанын алып беруге тырысамыз. Шамамен 40 мыңға жуық қаражатты шамалап отырмын. Үлкеніме бұдан да көп ақша кетеді, – дейді ол.
Бүгінде мектеп киімдерінің басым бөлігі Қытай мен Қырғызстаннан ағылуда. Тұрғындар арасында сапалы киім іздеп сабылғандар да бар. Солардың бірі – Айгүл Орынбаева.
– Ата-ана ретінде киімнің матасына, тігілу сапасына қараймыз. Базарлар мен дүкендерде самсап тұрған киімдердің барлығы бірдей бала денсаулығына қолайлы емес. Ауа өткізбей терлететін, керісінше суық тартатын арзанқол материалдар да кездесіп жатады. Сатып алған дүниеміз баламызға барынша зиянсыз болса дейміз. Сондықтан да киімнің сапалысын ұнатамын, әзірге көңілімнен шыққанын таба алмадым, – дейді екі баланың анасы.
Әрине, матасы да, тігісі де сапалы киімдер қай жерде де бар. Алайда олардың бағалары 15-18 мың теңгенің айналасында. Бір үйдің үш-төрт баласы бірдей мектепке барса, ата-ананың бәріне бірдей сапалы киім алуына шамасы жете ме?
Ал мектеп құралдарын салатын сөмкенің бағасы 3000 теңгеден жоғары. Базардағы оқуға қажетті құралдардың көбі Ресей мен Қытайдан келеді. Сатушылар олардың бағасы биыл өзгермегенін айтады. Дәптер мен қаламсап, түрлі-түсті қарындаш, сурет дәптерлерінің арзаны да, қымбаты да бар. Алайда бүлдіршіндер қызылды-жасылды суреттері бар түрін таңдап, қолжетімді бағадағы қарапайымын алғысы келмейді.
– Сурет дәптер, күнделік, ермексаз қорабының сыртындағы балалар көп көретін «Маша мен аю», «Көліктер» тағы басқа мультфильмдердің кейіп­кер­ле­р­інің суреті кішкентайларды қызықтырмай қоймайды. Ол­ар­­дың бағасы басқаларына қа­ра­ғанда қым­баттау. Біздің де балалардың көңілінен шыққан отандық мультфильм, балалар киносы кейіпкерлерін, батырлары­мызды осылай мұқаба сыртына шығарып, дәріптелгені жөн секілді, – дейді Гүлжан есімді ата-ана.
Ата-аналардың айтуынша, мек­тепке қажетті құрал-жаб­дықтар ұсақ-түйек көр­інгенімен, қалтаңыздан 15-20 мың теңгені қағады. Бұл бір баланың ғана қажеттілігі. Ал бала саны мен сыныбы өскен сайын қажеттіліктер де көбейе бермек.
«Бақытым – балам» дейтін әрбір ата-ана баласының өзгеден кем болмауын қалайды-ақ. Алайда оған қалтасының қалыңдығы көне қоймайды. Десе де, жалындаған жастарымыз жылтыраған киім­імен ғана емес, өнер-білімімен ерек­шеленіп, ақыл-өресімен бә­секеге түсетін ұрпақ болып өссе екен.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

28 тамыз 2021 ж. 669 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 258

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930