Гүл өсіру де өнер
qarmaqshy-tany.kz БІРДЕ ОРТАЛЫҚТАҒЫ ОРАЗ АХУН КӨШЕСІНІҢ БОЙЫНДА ТҰРАТЫН ДИНА СМАЙЫЛҚЫЗЫНЫҢ ҮЙІНЕ ЖОЛЫМЫЗ ТҮСТІ. ГҮЛДЕРДІ БАПТАП ӨСІРЕДІ ДЕГЕНДІ ЕСТІП АСЫҒА БАРДЫҚ. КІРЕ БЕРІСТЕН-АҚ ЖАП-ЖАСЫЛ ГҮЛДЕРДІ КӨРЕ САЛА АҢТАРЫЛЫП ҚАЛЫППЫЗ. ОНЫҢ ТҮРІ ДЕ КӨП. ҚҰДДЫ БІР БОТАНИКАЛЫҚ САЯБАҚҚА КІРГЕНДЕЙ КҮЙ КЕШТІК.
Гүл өсіруге әйел адамның өзіндік ықыласы болуы қажет. Кез келген адам гүл өсіре алмай- ды. Ал сондай ықыласты жанның бірі – Дина Смайылқызы. Оның гүл өсіруге қызығушылығы бала күнінен басталған. Ол жұпар иісі аңқыған, сүйіспеншіліктің символы саналатын, көз жауын алатын бөлме гүлдерін баптаумен айналысады.
– Бұл менің бала күнімнен бергі қызығушылығым. Ата-анамыз кішкентайымызда гүлді көп егетін. Соған мезгілімен суын құйып, жапырағын тазалап, күтім жасап жүрдік. Содан қалған әдет болу керек. Әлі күнге дейін гүлдерді ерекше ықыласпен баптап, күтемін. Ерінбеймін, оны өсіріп, көбейтемін. Аптасына 1-2 рет су құйып тұрамын. Жай ағып тұрған суды құя салмаймын. Оны апталап тұндырып қоямын. Мұздай күйде емес, жылы күйде суарамын. Әрқайсысына жеке күтім жасаймын. Қураған жапырағын алып, сабағын қиямын, топырағын қопсытамын. Гүлді өзімнің баламдай көремін. Оған мейірім мен жылуымды арнап, жақсы өсуін қадағалап отырамын. Өзіңіз көріп отырғандай гүлдің түрі көп. Бұл – фикус гүлі. Ол ауаны тазартып, балғындатады әрі аллергияны қоздырмайды. Бұл гүлдің бөлетін биобелсенділігі тез ұйықтап, жайлы жатуға көмектеседі. Кейбір гүлдің бірнеше түрін өсіремін. Мысалы менде бір ғана фикус гүлінің бірнеше түрі бар, – дейді апайымыз.
Ұзақ жыл мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық қызметте болған апайға әріптестері осыдан 20 жыл бұрын бір гүлді баптап, өсіре алмадық деп сыйға тартады екен. Сол гүл бүгінде еш бұзылмай жайқалып өсіп тұр. Осыдан-ақ кісіге де, гүлге де жайлы жанға қалай тәнті болмасқа?! Өзінің болмысы да ерекше. Асықпай, баппен сөйлейді, әңгімесін айтады. Байсалды қалпы бір көрген жанды баурап әкетеді. Үйдегі әр бөлмеде кемі 5-6 гүлден бар.
Кейіпкеріміз шет мемлекеттерге жиі саяхаттап тұрады. Ұлы елшілікте жұмыс істейтіндіктен жыл сайын анасын шет мемлекеттерге жиі алып шығады. Тіпті 76 мемлекеттің қалаларына саяхаттағанын да айтып қалды әңгіме арасында. Осындай сапарларда барған жерінен гүлдің тұқымдарын, бұтақтарын ала келеді.
– Гүлдің өзіне де ерекше бап керек. Олар салқын, ылғалды жерді жақсы көреді. Арнайы ауа ылғалдандырып тұратын құрылғыны да алып қойдым. Гүл күтімді де қажет етеді. Адамның түрлі тамақты тұтынатыны секілді, гүлдің де қажетті дәрілері болады. Тіршілік иесі болғандықтан, кей кездері ауырып та қалады. Құрт пен шыбындар түсіп кетеді. Сондайда ақшаға қарамай, гүлдеріме дәрі, тыңайтқыштарын толтырып алып қоямын. Үй өсімдігін бөлменің кез келген жеріне қоя салмай, олардың жақсы өсуі үшін қандай күтім қажет екенін біліп алған дұрыс. Кейбір гүл жылылықты сүйетін болса, кейбіреуі жарыққа ұмтылады. Мысалы, кактус гүлі сабағында ылғалды көп сақтайды. Бұлар қыста жақсы өседі, ал, температура режимі бұзылған жағдайда өсімдік сарғайып кетуі әбден мүмкін. Бұл гүлдерді көктемде, жазда далаға шығарып қоямын. Онда жарықта еркін жайқалып өседі. Гүлді өсіріп жүргеніме ұзақ жыл болды. Кейбір гүлдер бір-бірімен қатар тұрып өспейді, жатырқайды. Иә, тіпті беталды орнынан көшіргенді де ұнайтпайды, – дейді кейіпкеріміз.
Апайымыз басқа қалаға қыдырып кетсе не шет мемлекетке саяхаттаған шақта гүлдеріне алаңдап қалатынын да жасырмады. Гүлдің де өзіне жайлы адамы болады. Өзі жоқ кезде қанша су құйып, күтім жасады дегенмен келгенде солыңқырап қалатынын да айтады. Қыдырып басқа үйге қонаққа бара қалса, гүлдерге бірінші көзі түседі екен. Сондай сәтте гүлдердің топырағы құрғап қалса, жанашырлық танытып соны баптап кететін жайлары да болып тұрады.
Қандайда бір болмасын үйде гүлдері көп болса, адам денсаулығына көмегін береді. Адамға жылу, шаттық сыйлайды. Тіпті бір ғана алоэ гүлінің пайдасы зор. Бет күтімі мен көз, асқазан ауруларына таптырмайтын шипалы дәрілік заттарды да осы гүлден алады.
Иә, «гүл – табиғат-ананың сыйы» деп бекер айтылмаған. Бір жағынан адам жанына жұлулық ұялатып, көңіл-күйдің көтерілуіне септігін тигізсе, екінші жағынан денсаулыққа да жақсы әсері бар. Рас, бүгінде үй гүлдерін өсіру қайта сәнге айналды. Әсіресе дизайнерлер үйді ерекше етіп сәндеуде құтыдағы гүлдерді қолдануға кеңес береді. Ал сіз бөлме гүлдерін өсіріп жүрсіз бе, әлде сәннен қалып қойдыңыз ба?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ