» » Гүл өсіруші Гүлзада

Гүл өсіруші Гүлзада


Әрбір адам түрлі салаға, мамандыққа бейім. Оның үстіне мамандық та, кәсіпшілік те көп. Алайда біздің бүгінгі кейіпкеріміздің рөлі тым бөлек. Гүл өсіруге әйел адамның өзіндік ықыласы болуы керек қой. Асылында кез келген адам гүл өсіре алмайды.
Сондай ықыласты жанның бірі – Гүлзада Өмірзаққызы. Ол 1966 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Оның гүл өсіруге қызығушылығы Тараз қаласында басталған екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын сол қалаға қыдырып барғанда арнайы теплицаға бас сұғады. Осы жерден 20 мың теңгеге гүл сатып алып, ғаламтор бойынша жарнама жасай бас­тайды. Гүл кәсібі осылайша басталған еді.
– Алғашында өсірген гүлдерімді үйде сатып жүрдім. Күз, қыс айларында гүл дүкендеріне барып, арзан бағадағы, ауырып тұрған гүлдерді алып, оны үйге әкеліп, емдеп, баптап күн жылыған көктем айында таныстарыма, көршілеріме саттым. Алғашқы уақытта қиынырақ болды. Өйткені далада тұрдым, одан үлкен сауда орталықтарынан жалға дүңгіршек алып, сонда орналастым. Онда да ол қолайсыз болды. Бағасы қымбат, жарығы өте төмен, жазда қапырық, қыста суық. Сондай орындарда әйтеуір гүлдерімнің жағдайын жасап, оларға қолайлы атмосфера жасап, баптап, өсіріп келдім. Осындай қиыншылықтан өтіп, қазір міне гүл дүкенімді дөңгелетіп отырмын. Жаман емес, шүкір Аллаға. Жалпы мәдениетіміздің ең бірінші көзі – өсімдіктер. Қай орталық, нысан болмасын үй гүлдері көп болса, адам денсаулығына көп көмегін береді. Адамға жылу, шаттық сыйлайды, – дейді ол.
Гүл өсірушінің айтуынша, бұл кәсіп – өте ауыр. Себебі олар 5-6 жылдан соң ғана нарыққа шығады екен. Айналым сол кезде болады. Әр гүлдің өзіндік климаты бар. Оларға жағдай жасап, өз балаңдай баптағанның өзінде өлетіні, ауыратыны көп. «Жай ғана гүлдерді сырттан алып келіп, сатып-сатып сауда істеймін деген болмайды. Халықтың да жағдайын ойлау керек. Көп сомаға сатып алған соң, үйіне барғанда өліп қалады» дейді ол сөз арасында. Ол бүгінде жұпар иісі аңқыған, сүйіспеншіліктің символы саналатын, көз жауын алатын гүлдерді жұртшылыққа сыйлап, алғысқа бөленіп жүр. Дүкенге кіре сала көздің жауын алатын гүлдерге тамсана қарап қалыппыз. Гүлдің түрі де көп.
– Осылайша қызығушылығым кәсібіме айналды. Ерінбеймін, оны өсіріп, көбейтемін. Әрқайсысына жеке күтім жасаймын. Қураған жапырағын алып, сабағын қиямын, топырағын қопсытамын. Гүлді өзімнің баламдай көремін. Оған мейірім мен жылуымды арнап, жақсы өсуін қадағалап отырамын. Өзің көріп отырғандай гүлдің түрі көп. Үй өсімдігін бөлменің кез келген жеріне қоя салмай, олардың жақсы өсуі үшін қандай күтім қажет екенін біліп алған жөн. Кейбір гүл жылылықты сүйетін болса, кейбіреуі жарыққа ұмтылады. Қандай өсімдік болсын өзіне қолайлы топырақ арқылы құнарланады. Сол себепті барлық үй өсімдігіне бірдей топырақ пайдаланбайды, – дейді кейіпкеріміз.
Гүлзада Өмірзаққызының кәсібін ашқанына 4 жылға жуықтаған. Бүгінде ол Төретам кентінде орналасқан «Алмаз» сауда орталығында дүңгіршек ашып, гүлдердің түр-түрін баптап, халыққа ұсынып отыр. Алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін дөңгелетпек ниетте.
Айнұр ӘЛИ
07 қыркүйек 2021 ж. 781 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 358

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 439

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930