» » Гүл өсіру сәнде

Гүл өсіру сәнде

Абай көшесімен жұмысқа бара жатқан бетім. Біраздан бері осы көшемен жүрмеген екенмін. Нендей өзгерістер бар екен деп айналамды барлап келе жатырмын. Бір кезде үйдің терезесіне ілулі тұрған мына жазуға көзім түсіп кетті. «Гүлдер сатылады» деп әр терезенің тұсына жазып қойыпты.  Көп ұзамай-ақ әлгі гүл сататын үйге бардым.
Гүл өсіруге әйел адамның өзіндік ықыласы болуы керек. Кез келген адам гүл өсіре алмайды. Ал сондай ықыласты жанның бірі –Алмагүл Өтегенова. Оның гүл өсіруге қызығушылығы бала күнінен басталған. 20 жылға жуық бөлме гүлдерін баптаумен айналысып келеді. Ол бүгінде жұпар иісі аңқыған, сүйіспеншіліктің символы саналатын, көз жауын алатын гүлдерді жұртшылыққа сыйлап, алғысқа бөленіп жүр. Тіпті бір бөлмені тұтас гүлге арнап қойған. Бөлмеге кіре сала көздің жауын алатын гүлдерге тамсана қарап қалыппыз. Гүлдің түрі де көп. Гүл өсіруші апаймен бірден әңгімені бастап кеттік.
– Бұл менің бала күнімнен бергі қызығушылығым. Ерінбеймін, оны өсіріп, көбейтемін. Аптасына 1-2 рет су құйып тұрамын. Әрқайсысына жеке күтіп жасаймын. Қураған жапырағын алып, сабағын қиямын, топырағын қопсытамын. Гүлді өзімнің баламдай көремін. Оған мейірім мен жылуымды арнап, жақсы өсуін қадағалап отырамын. Өзің көріп отырғандай гүлдің түрі көп. Традесканция, огонёк, абутилон, колеус, фикус секілді гүлдер бар. Бұл фикус гүлі. Ол ауаны тазартып, балғындатады әрі аллергияны қоздырмайды. Бұл гүлдің бөлетін биобелсенділігі тез ұйықтап, жайлы жатуға көмектеседі. Кейбір гүлдің бірнеше түрін өсіремін. Мысалы бір ғана колеус гүлінің 15 түрі бар, – дейді кейіпкеріміз.  
Иә, колеус гүлінің қызылды-жасылды түрі көп-ақ. Бұл көпжылдық гүлдердің бірі. Топырақ таңдамайды, жеңіл өседі. Аса қатты күтімді қажет етпейді. Оның үстіне тез тамырлайды. Жайқалып өсіп кететіндіктен жапырағын уақытылы қиып отыру керек.
– Гүлдердің бағасы 500 теңгеден басталады. Көлемі мен түріне қарай қымбаттай береді. Сатып алушыға әдемілеп сыйлыққа қаптап беремін. Ол үшін ақы алмаймын. Бастысы, келушілер риза болса болғаны. Күніне кем дегенде 20 гүлдей сатамын. 2-3 күн сайын Түркістан, Шымкент қалаларына барып үлкен қораппен 50-80 ге жуық гүлдер әкелемін. Олар кішкентай ғана ыдыста болады. Соны өсіріп үлкен құтыларға ауыстырамын. Менің бар кәсібім осы. Өзіме ұнайды. Аллаға шүкір, табысым жаман емес, – дейді Алмагүл Мұратқызы.
Кейіпкеріміз осыған дейін көпқабатты үйде тұрған. Жер үйге көшіп келгеніне біршама жыл болыпты. Алғаш көшіп келгенінде бақшада ешқандай жеміс болмағанын айтады. Өзі жеміс ағаштарын егіп, бүгінде бақшасын гүлдендіруде. Жемісін де жеп отырғанын айтады.
– Үй өсімдігін бөлменің кез келген жеріне қоя салмай, олардың жақсы өсуі үшін қандай күтім қажет екенін біліп алған жөн. Кейбір гүл жылылықты сүйетін болса, кейбіреуі жарыққа ұмтылады. Мысалы, кактус гүлі сабағында ылғалды көп сақтайды. Бұлар қыста жақсы өседі, ал, температура режимі бұзылған жағдайда өсімдік сарғайып кетуі әбден мүмкін. Қандай өсімдік болсын өзіне қолайлы топырақ арқылы құнарланады. Сол себепті барлық үй өсімдігіне бірдей топырақ пайдаланбайды, – дейді гүл өсіруші.
Рас, бүгінде үй гүлдерін өсіру қайта сәнге айналды. Әсіресе дизайнерлер үйді ерекше етіп сәндеуде құтыдағы гүлдерді қолдануға кеңес береді. Ал сіз бөлме гүлдерін өсіріп жүрсіз бе, әлде сәннен қалып қойдыңыз ба?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
18 қыркүйек 2019 ж. 2 069 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 304

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 401

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930