» » Алғашқы қоңырау сыңғыры

Алғашқы қоңырау сыңғыры

qarmaqshy-tany.kz Жайдары жаздың үш айын қызықты да мазмұнды өткізіп, жиған білімдерін одан әрі тереңдете түсу үшін барша қазақстандық оқушылар күні кеше алтын ұя мектептеріне қайта оралып, жаңа оқу жылына қадам басты. Міне, осынау алғашқы қоңырау салтанаты аудан көлемінде де ерекше аталып өтті. Бұл орайда, біз аудан орталығындағы іргелі оқу ордасының бірі №121 орта мектептің жаңа оқу жылын үлкен дайындықпен қарсы алғанына куә болдық.
Мерейлі мерекені паш еткендей білім ордасының ауласы безендіріліп, сазды әуендер ойналып тұрды. Қолдарына ұстаздарға арналған гүл шоқтарын ұстаған оқушылар мектеп ауласына жиналды.
Оқушылардың ала жаздай асыр салып ойнаған, бірі қалаға, бірі демалыс орындарына барып тыныққан мерзімдері аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашанда білімнің парқын түсіне білген.
Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек – Білім күні мерекесінде аудандағы барлық мектепте салтанатты жиын өтіп, алғашқы қоңырау үні сыңғырлады. №121 орта мектептің алдында қолдарына гүл шоқтарын ұстаған жас бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Бірінші сыныпқа келген 81 бүлдіршін үшін алғашқы қоңырау соғылып, жоғары сынып оқушылары да оқу жылының басталуымен бір-бірін құттықтауда. Жалпы аудан бойынша биыл 13500 оқушы сапалы білім алуға мектеп партасына жайғасты.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, зейнеткер-ұстаз Дәмелі Жалғасбаевалар қатысты.
Шаттық пен ыстық сезімдерге толы бұл күн мектеп оқушылары үшін ерекше есте қалғаны анық. Аталмыш мектеп – білім мен тәрбие беру ісінде аудандағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі. Іргелі алтын ұядағы салтанатты ісшараға да ата-аналар көп жиналған. Білім күніне арналған алғашқы қоңырау жиынын аудан әкімі Жандос Еркінбек ашып, осынау ерекше күнмен барша оқушы мен ата-ананы құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
– Бұл күн әр баланың көкірегіне нұр құйылған, әр ұстаздың жүрегі тебіреніп, көңілі шарықтаған, әр ата-ананың мерейі өсе түскен нағыз қуанышты күн. Баланың білімге талпынысы мектепке келуден, тіл үйренуден, ұжыммен танысудан басталады. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы». Бұл айнымас аксиома. Білім мен тәрбиені ұштастырған барша білім саласы мамандарын, ұлағатты ұстаздарды, оқушыларды, бала болашағынан үлкен үміт күткен барша ата-аналарды Білім күнімен құттықтаймын! Туған жерімізді, Сыр өңірін әлемге танытатын білімді ұрпақтардың жетіліп шығуына тілекшімін! Жаңа Қазақстанның шамын жағатын жас ұрпақтың жолы ашық, мақсаты айқын, қадамы нық болсын, – деген аудан басшысы білім белесіндегі біршама жаңалықпен де бөлісті.
Қуанышты сәтке ортақтасушы зейнеткер-ұстаз Дәмелі Жалғасбаева құттықтау лебізін білдірсе, ауданның құрметті азаматы Әбдірахман Құлдүйсенов аталық ақ батасын берді. Білім күніне арналған салтанатты жиыннан соң жүздері бал-бұл жанған барша оқушы алтын ұяларына еніп, мектеп партасына отырды. Әсіресе, баласы алғаш мектепке қадам басқан ата-ананың көңілінде ерекше толқыныс бар. Осындай ананың бірі – Гүлфараз Жұмабекова.
– Барлық ұстаздарды, жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Алғашқы қоңырауға атасының баласы Әлиасқарды мектепке алып келдік. Білім ордасына қадам басқан әрбір бүлдіршіннің зейіні ашылып, біздің көз қуанышымыз, мақтанышымыз болып жүруіне тілектеспін, – дейді ол көңілдегі тебіренісін жасыра алмай.
Иә, мыңдаған оқушы мен мектеп табалдырығын тұңғыш аттайтын бүлдіршіндер үшін 1 қыркүйек жаңа шығармашылық ізденістердің бастамасы болмақ. Дәл осы күннен алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
02 қыркүйек 2023 ж. 250 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 182

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031