Жаңа оқу жылында жаңа мектеп
qarmaqshy-tany.kz Кешегі күні жүздеген мектеп кеме желкенін керіп, білім теңізіне шықты. Білімнің маржаны бәсекеге түскен қазіргі қоғамда мектептер мен ондағы ұстаз қауымға жүктелген міндет ауқымды. Елдің болашағына жауапты мамандық иелерінің еңбегі оқушыларының ой жарысында озық болуымен өлшенеді. Осы орайда, ауданымызда қуанышты жаңалық. Жаңа оқу жылы қарсаңында жаңа мектептің лентасы қиылды.
Бұл кәдуілгі орта мектеп емес, мамандандырылған мектеп-лицейинтернаты. Яғни мұнда оқуға түсу үшін оқушылар арнайы тестілеуден өтіп, сыннан өткен. Сүрінбегені ғана мектепке қабылданып, осында оқуға жолдама алған. Оқушылар арасынан бабы мен бағы қатар келісіп, оза шапқандардың ғана қолы жеткен бұл білім ордасы Шымкент-Самара тас жолы бойында орналасқан. 120 орынға лайықталған мектепке білікті ұстаз Тәжігүл Әбенова басшылық етеді. Мектеп ұстаздары да біліктілерден құралған, үздіктерден таңдалған. Олар өзінің тарихын, мәдениетін білетін, заманына лайық дарынды, озық әрі жаһандық көзқарасы бар, қоғам идеалына айналатын оқушылар даярлауды міндетіне алып отыр. Қарап отырсақ, оларға артылған жауапкершілік жүгі жоғары. Ата-аналар да көзінің қарашығындай, алтын асықтай балапандарын осындағы ұстаздар қауымына аманаттап отыр.
Облыс көлеміндегі озық мектептің ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дастан Буханов, зейнеткер-ұстаз Дәмелі Жалғасбаева мен ата-аналар, оқушылар қатысты. Білім күніне орай берілген жаңа мектептің ашылуына арналған іс-шараның алғы сөзі аудандық білім бөлімінің басшысына берілді.
– Биылғы Білім күні біздің аудан үшін ерекше жаңалығымен келді. Жаңа №284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты қолданылуға беріліп отыр. Қазіргі таңда жетінші және сегізінші сынып оқушыларынан 40 бала мектеп табалдырығын аттауда. Бұл білім ордасының басты мақсаты – дарынды балаларды оқумен қамту, химия-биология бағытындағы білімді жетілдіру. Мұндай барлық жаңа технологиямен қамтылған мектеп-лицей-интернатта оқу үшін балалар қаладағы арнайы орталықта тестілеуден өтті. Лайық деп танылғаны ғана оқуға қабылданды. Балаларды көлікпен қамтамасыз ету мақсатында өткен оқу жылының аяғында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы арнайы көлік те табыс еткен болатын. Сонымен қатар, білім ордасын газбен жылыту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Білім алуға келген шәкірттер, сіздерден ата-аналардың да, біздің де күтер үмітіміз зор. Артылған үміт ақталар, күтілген сенім орындалар деген ойдамыз. Талаптарың таудай болсын. Білім алудан, ізденуден, үйренуден жалықпаңыздар, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Мәжитқызы.
Аталған іс-шарада қуанышты бөлісуге келгендер ақжарма тілегін ақтарып, жаңа мектептің лентасын қиды, оқушыларға білім кілтін табыстап, жаңа оқу жылына арналған сыйлық та сыйлады. Оқушылар да әдеби монтажда өнер көрсетіп, Білім күніне арналған флэшмоб ұсынды. Білім ордасының оқушылары бейбітшілік белгісі саналатын көгершін құсы секілді жоғарыға самғасын дегендей, әдемі көгершіндерді көкке самғатты. Мұнан соң, оқушылар алғашқы сабақ үшін жаңа мектептің су жаңа парталарына жайғасты. Жаңа мектеп өрендердің игілігіне қызмет етіп, аудан мерейін тасытады деп сенеміз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА