Ақжар мектебі ажарлана түсті
qarmaqshy-tany.kz Мектеп – келешек ел басқарар, жер басқарар, елі мен халқын гүлдентер, мейірін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де қасиетті ұя. Болашақ үшін орны бөлек орынның жанға жайлы болғаны бұл бір бақыт. Оқушы мен ұстазға қолайлы жағдайдың жасалуы – білімге құйылған ең үлкен инвестиция. Жақында Ақжар ауылындағы No28 орта мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Жаңарып, жарқыраған мектептің жаңа келбеті алыстан-ақ көз тартып тұр.
Бұл өзіндік тарихы, республикамыздың халық ағарту саласында дербес орны бар білім ошағы. Ол – аудандағы қарашаңырақтардың бірі. Оның негізі 1927 жылы қаланған. Алғашқыда «Әуез шоқалағы» деп аталатын Жүсіп және Өткелбай молда мешіттерінің орнында ашылған. Кейіннен «Бестам» бастауыш мектебі болып аталады. 1938-1939 оқу жылында білім ордасы 7 жылдық мектепке айналады. Бұл кезде мектепке Тәжіхан Есмаханов басшылық еткен. Алғашқы жылдары мектеп ісін дамытуда көптеген қиыншылықтар болғаны тарихтан мәлім. Алайда бүкіл ел болып, халық болып олар бұл қиыншылықтарды жеңе білді. Тіпті халықтың басына қара түнек түсірген Ұлы Отан соғысы жылдарында 1942-1943 оқу жылында бұл мектеп орта мектепке, 1944 жылы орта он жылдық мектепке айналды. Тарихтың сан парағын артқа тастаған мектепке 1967 жылы жаңа үй беріледі. Ал 1977 жылы типтік жобамен салынған екі қабатты 640 орындық мектеп салынады.
Осындай ұзақ жылдық тарихы бар бұл мектепте бүгінде 332 оқушы тәлім алуда. Ал оларды білім нәрімен сусындататын 62 мұғалім болашақ ұрпақ үшін қызмет етуде. Заман дамып, білім берудің тәсілдері ұдайы өзгеріске ұшырауда. Осыған орай ұстаздар қауымы білімін жетілдіруді тоқтатқан емес. Оған ұстаздардың жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша түрлі курстан өткені айқын дәлел. Жаңа заманның көшбасшысын тәрбиелеуде жаңашылдықты ұстаздар жақсы меңгерген.
Білім мен білікті тең ұстап, мектептің алға жылжуына орнықты үлес қосар жанның бірі – мектеп басшысы. Ғасырға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан білім ордасын бірнеше ұстаз басқарған. Олар қызығынан қиындығы мол жылдардың ауыр жүгін көтеріп, оқу-тәрбие жұмысын жақсарту жолында аянып қалмады. Бүгінде қасиетті шаңыраққа білікті ұстаз Амантұр Оспанов басшылық етеді. Жалпы мектеп басшысы болу үнемі ізденісті, тынымсыз еңбекқорлықты қажет етсе, шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, ұжыммен тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиеттің керегі анық.
– Тәуелсіз елдің өркендеуі мен тұғырының берік болуы – тек білімді ұрпақтың қолында. Біздің міндет – осы ұлы мұрат жолында талмай еңбек ету. Мектепте өтетін пәндер – баланың болашақтағы өміріне керек болатын құрал, ал мұғалімнің мақсаты – осы пәндерді арадағы көпір болу арқылы алдын да отырған оқушының азамат бо луына ықпал ету. Ұзақ тарихы бар мектептің ұстаздары шәкірттерінің адами қасиеті мен сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететінін айқын біледі. «Өз ісінің нағыз маманы» де уге лайық ұстаздар бұл мектепте де жетерлік. Бүгінде олар келешектің кемел болуына өз үлестерін қосып келеді, – дейді мектеп директоры Амантұр Жұмабайұлы.
Ал сол мектептің негізгі тірегі – білімді де білікті ұстаз. Қазіргі заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, білім бәйгесінде, дүбірлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару – осы ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда жас ұрпаққа сапалы білім беру мұғалімнің, ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді.
– Бұл күрделі жөндеуде мектептің шатыры, есік-терезесі толықтай ауыстырылып, сырты қапталды. Мектеп айналасы қоршалды. Ғимарат алдына әсем тас төселді. Ішкі жылу жүйесі, электр жүйелері жаңартылды. Мектеп ішіне, айналасына 19 бейнекамера орнатылды. Өрт дабыл қаққышы қойылды. Жаңарған мектеп оқуға құштар балалардың қызығушылығын, олардың ынта-жігерін арттырып, білім сапасының да жақсара түсетініне сенім мол, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аянбек Тоқтамысов.
Сондай-ақ мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары өз сөзінде тәрбие жоспарының жаңа жобалар бойынша жүзеге асып жатқанын жеткізді. Яғни, мұнда «Оқуға құштар мектеп», «Дебат», «Театр», «Мектеп парламенті» жобалары жыл көлемінде жұмыс істейді. Аталуының өзі ерекше жобалардың жақсылыққа бастап, оқушыға берері мол екені аңғарылады. Бұл шәкірт мектеп қабырасында тек білім алып қана қоймай, тәлімді тәрбие алып шығады деген сөз.
Тарихы терең, тағылымды білім ордасының ұжымы өзінен білім мен тәрбие алып шыққан мыңдаған түлектерін мақтан етеді. Олар егеменді еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада табысты да абыройлы еңбек етіп жүр.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, білікті ұстаздан білім алған оқушылар да түрлі додада бақ сынап, қатарластарынан оза шауып жүр. Тек мектеп мақтанышына ғана айналып қоймай, аудан абыройын асқақтатып жүрген шәкірттер де осы мектептің тәлім алушылары. Былтырғы оқу жылында «Елбасы медалі» жобасының күміс медалімен 11-сынып оқушысы Аққу Талғатқызы марапатталса, бітіруші түлектің 11-і мемлекеттік білім грантын иеленген. Сондай-ақ биылғы оқу жылында мектепте республикалық олимпиада ұйымдастырылған. Осы қара шаңырақта 8 жыл басшылық қызмет атқарған, білім саласының ардагері С.Нұртаев атындағы 9-10 сынып оқушыларына арналған Қазақстан тарихы пәнінен өткен олимпиадаға республика бойынша 8 облыстан оқушылар қатысып, бақ сынаған. Осы додада сайысқа түскен 9-сынып оқушысы Зухра Қанағат ІІ турға өтіп, алғыс хатпен марапатталып, қаржылай сыйақы алған. Мұнан өзге де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жетерлік.
Ұстаздары білікті, оқушылары талапты, ұжымы ұйымшыл мектептің бағындырған белесі аз емес. Бұл тынымсыз еңбек пен маңдай тердің арқасы. Себебі шәкірттің әрбір жеңісінің артында ұстаздың ұшан-теңіз еңбегі бар. Өз міндетін адал атқарып, мамандығына сүйіспеншілікпен қарайтын мектеп ұстаздары әлі де ел тірегі болар азаматтарды тәрбиелей бермек.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА