Мерекедегі қос қуаныш
Ауданға қарасты Ақжар ауылында жаңарып, заманауи кейіпке енген №28 орта мектеп шәкірттері биыл 1 қыркүйек – Білім күнінде қос қуанышын қабат тойлады. Бірі көптен күткен білім күні болса, екіншісі, өздері оқитын білім ошағы жаңа кейіпке еніп, күрделі жөндеуден өткізілді. Биыл мереке қарсаңында шәкірттер заманауи ғимараттың табалдырығын аттады.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев қатысты. Шара барысында білім ошағының қайта жасақталған физика, химия, биология кабинеттерін аралап, 1-сынып табалдырығын аттаған 30 оқушыға «AMANAT» партиясы және аудан әкімінің атынан сыйлықтар табыс етті.
«Өткен оқу жылы ауданымыз үшін сәтті болды. Мектеп бітіруші түлектердің 82 проценті мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл жетістікке Ақжар ауылының да қосқан үлесі қомақты. Бұл ауылдың аманатын арқалаған 11 түлек мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орнына қабылданды. Әрбір шәкірттің мойнында жүк бар. Ол – байтақ Отан-Ананың алдындағы перзенттік парыз. Болашақта елдің ұланы болып, нардың жүгін көтерер жастарымыз көбейсін. Білім биігін бағындырып, жарық жолға түсер жалынды жастарымыз көп болғай» деді Жұлдызхан Байназарұлы.
Айта кетейік, ауданда білім саласындағы нысандарға барынша көңіл бөлініп, күрделі жөндеулер қолға алынуда. Өйткені, білімге салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. «Қай елдің білімді жасы көп болса, сол елдің алар асуы да мол болмақ» деген даналар сөзі ойға оралады.