» » 426 түлек грант иеленді

426 түлек грант иеленді


Қай уақытта да білім саласы басты назарда. Себебі кез келген мемлекеттің болашағының жарқын болуы – білімді жастардың қолында. Халқымызда «Білімдінің алды жарық» деген сөз де бар. Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат білім алып, өз елінде кез келген салада табысты қызмет ете алады. Осы ретте, мектеп бітірген әрбір жас түлек мемлекеттік білім грантынан үмітті. Олар жаз басталысымен, ҰБТ тапсырып, онан соң құжат өткізді. Одан кейінгісі зор үмітпен нәтижені күту.
Өткен аптаның соңында көпті күттірген мемлекеттік білім беру гранттарының қорытындысы жария­ланған-ды. Бірі – қуанып, бөркін аспанға лақсырса, енді бірінің көңілі түсті. Сыр елінің талапкерлері де мемлекет есебінен ұсынылатын тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Биылғы жылы өңірде 5 184 оқушы мемлекеттік грантқа өтініш беріп, 3849-ы грант иегері атанды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда грант иегерлерінің саны – 791 түлекке көбейген. Гранттардың басым бөлігін педагогика саласы мен медицина, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтарын таңдаған түлектер иеленген. Облыс бойынша грантқа үміткер болған оқушының басым бөлігі педагогикалық және техникалық мамандықтарды таңдаған. Тарқатып айтсақ, 1303 талапкер педагогикалық, 361 түлек медициналық бағытты таңдаса, 1173 үміткер техникалық мамандықтарға таңдау жасаған. Ал 217 түлек ауыл шаруашылығы бағытына баруды көздесе, 795 түлек өзге де бағыттағы мамандық иесі болуды қалаған. Ал аудан түлектерінің білім грантын иеленуі жөнінде білмекке сала маманына жүгіндік.
– Биыл аудан бойынша мемлекеттік грант конкурсына 508 бітіруші қа­тысып, оның 426-сы мемлекеттік грант иегерлері атанды. Бұл 84 пайызды құрайды. Мұнан бөлек облыс әкімі мен ректор тарапынан бөлінетін гранттар бар. Ол әлі анықталған жоқ. Аудан абыройын асқақтатқан түлектер мен оларды дайындаған ұстаздарға алғысымыз шексіз, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Тәжігүл Әбенова.
Аудан мектептері ішінде түлектері толықтай грант иеленгендер де бар. Бұл мектеп үшін – зор жеңіс, ұстаздар үшін – мәртебе. Осындай білім ошағының бірі – Ақтөбе ауылындағы №109 мектеп. Биыл түлеп ұшқан 18 оқушының 14-і тест тапсырған. Білім конкурсына құжат өткізген 14 шәкірт те грант иеленген.
– Мектебіміздің оқушылары жыл сайын үздік нәтижелерімен қуантып келеді. Биылғы қорытынды да көңілімізді көтеріп, мерейімізді үстем етті. Шәкірттеріміздің әрбір жеңісі – біз үшін үлкен бақыт қой. Негізінен мектептегі білім сапасы мен оқу үлгерімінің жоғары болуы қатал тәртіп пен орынды талаптың нәтижесінде келетін үлкен еңбектің нәтижесі. Ұжымдағы ауызбіршілік пен білімге деген сүйіспеншілік, ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен ізденімпаздық тізе қосқан жерде жетістік те ілесіп жүрмек, – дейді мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Ботакөз Абдуллаева.
Расымен де, бірлескен еңбек болмаса жетістікке жету қиын. Ата-ана, оқушы, ұстаздың бірігуі арқылы ғана осындай нәтижені бағындыра аламыз. Осы ретте білім грантын иеленген оқушылар 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына риза екенін тілге тиек етті.
– Биыл біз үшін таңдауға толы жыл болды. Тест тапсырарда болашақ мамандығымызға қолайлы пән таң­дасақ, білім грантына құжат өткізгенде студенттік шағымыз өтетін қала мен білім алатын оқу орнын таңдадық. Осы ретте бізге дұрыс бағыт-бағдар берген ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің білім грантын иелендім. Болашақта білікті маман болып, елге пайдамды тигізер тұлға боламын деп есептеймін, – дейді Нұрдәулет Өмірсеріков бізбен әңгімелескенде.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
21 тамыз 2021 ж. 580 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 135

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 141

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 287

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930