» » » 320 грант: зор мүмкіндік

320 грант: зор мүмкіндік


Мектепті аяқтап, жаңа өмірге қадам басқан түлектің ендігі мақсаты – белгілі бір маман иесі атану. Ал ҰБТ тапсырғандар мемлекеттік гранттан дәмелі. 11 жылдық білімі сарапқа салынар сын сағаттар сол үшін де маңызды. Тестілеуден өткеннен кейін талапкердің төрт қала мен оқу орнын таңдап, өтініш қалдыратыны мәлім. Нәтижесін көпшілік асыға күтеді. Оған себеп те жоқ емес. Грант – мектеп үшін көрсеткіш, ұстаз үшін еңбегінің жемісі, ата-ана үшін үміттің ақталғаны, ал оқушы үшін өмірдің бір белесіне жасалған сәтті қадам.
Жақында республика бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының қорытындысы белгілі болды. Негізінен гранттардың басым бөлігі техникалық және педагогикалық салаларды қамтиды. Еске сала кетсек, биылғы жыл үшін 51085 грант бөлінген еді. Соған сай, сырбойылық 3058 талапкерге мемлекет есебінен тегін білім алуға мүмкіндік бұйырды. Бұл жеңілдікке ие болғандардың арасында жерлестеріміздің үлесі қанша? Биылғы гранттың нендей өзгешелігі бар? Нақтырақ тоқталсақ.
Өзге жылдан ерекшелігі – биыл грант жоғарғы оқу орнына емес, талапкерге берілді. Гранттар еңбек нарығындағы сұранысқа сай жүргізілген. Сондықтан жоғары оқу орны талапкердің гранты негізінде бала қабылдайды.
Биыл аудан бойынша 563 оқушы алтын ұя мектебінен түлеп ұшты. Оның 511-і, яғни 90 проценті ҰБТ тапсырды. Тестілеуді тәмамдаған білім бөлімі жаңа оқу жылына дайындықпен қатар, грант жеңіп алғандарды да басты назарда ұстайды. Бұл жөнінде нақты мәлімет алу үшін аудандық білім бөлімінің бас маманы Нәзен Баһадүровамен байланыстық.
– Жоғары оқу орнының грантына аудан бойынша 386 бітіруші конкурсқа қатысты. Оның 320-сы мемлекеттік грантты жеңіп алды. Бұл қуантарлық нәтиже. Себебі былтыр 324 талапкерден 253-і грант иеленген еді. Ол 78 проценті құраған болатын. Биыл мемлекеттік грант үшін қонкурсқа қатысқан үміткерлердің саны бойынша былтырға қарағанда 5 проценті өсім бар. ҰБТ-ға бітірушілердің 90 процентінің қатысуы – ата-ана мен бітірушінің жоғарғы оқу орнына деген ынтасының артқанын білдіреді. Бұл гранттың астарында ұстаздың өлшеусіз еңбегі мен оқушының білімге деген құштарлығы бар. Тегін оқуға мүмкіндік алғандардың лайықты білім алып, білікті маман иесі атануына үлкен сенім артамыз, – дейді Н.Баһадүрова.
Иә, грантты ұтып алғаннан кейін де босаңсуға болмайды. Мемлекет берген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, арманына қарай бір қадам басқанның бірі – Айдана Шанахаева. Ол №121 мектептің түлегі. ҰБТ-дан 127 ұпай жинаған «Үздік аттестат» иесі. Таңдауы ағылшын тілі мен дүниежүзі тарихына түскен түлек халықаралық қатынастар саласының маманы болуды қалаған.
– Өзім армандағандай Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне грантқа оқуға түстім. Қуанышымда шек жоқ. Ата-анам мен ұстаздарым да дән риза. Мамандығым – халықаралық қатынастар және дипломатия. Ағылшын тілін жақсы көретіндіктен, осы маман иесі болғым келді. Арманым орындалды. Ендігі мақсатым – жоғары оқу орнын да үздік аяқтап, білікті маман иесі атану. Ал түсінгенім – армандар орындалады. Тек мақсатыңды айқындап, оған жету жолындағы қиындықтарға мойымай, алға ұмтылу керек, – дейді талапкер.
Айта кеткен жөн, мемлекеттік білім беру грантынан бөлек, облыс әкімінің арнайы гранты да белгіленген. Оның өзіндік алғышарттары бар. Жақын арада нәтижесі де белгілі болады. Сондай-ақ мектеп қабырғасында жүргенде түрлі байқау мен олимпиададан жоғары оқу орнына грант ұтып алған түлектер де бұл қатарды толықтырады.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ



22 тамыз 2020 ж. 976 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 274

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 371

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930