» » Сыңғырла, алғашқы қоңырау

Сыңғырла, алғашқы қоңырау

ЖАЙДАРЫ ЖАЗДЫҢ ҮШ АЙЫН ҚЫЗЫҚТЫ ДА МАЗМҰНДЫ ӨТКІЗІП, ЖИҒАН БІЛІМДЕРІН ОДАН ӘРІ ТЕРЕҢДЕТЕ ТҮСУ ҮШІН БАРША ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР АЛТЫН ҰЯ МЕКТЕПТЕРІНЕ ҚАЙТА ОРАЛЫП, ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ҚАДАМ БАСТЫ. МІНЕ, ОСЫНДАЙ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ САЛТАНАТЫ АУДАН КӨЛЕМІНДЕ ДЕ ЕРЕКШЕ АТАЛЫП ӨТТІ.
Әсіресе, ауданға қарасты Ақжар ауылында жаңарып, заманауи кейіпке енген No28 орта мектеп шәкірттері биыл 1 қыркүйек – Білім күнінде қос қуанышын қабат тойлады. Біріншісі – көптен күткен білім күні болса, екіншісі – өздері оқитын білім ошағы жаңа кейіпке еніп, күрделі жөндеуден өткізілгені. Биыл мереке қарсаңында шәкірттер заманауи жөндеуден өткен ғимараттың табалдырығын аттады. Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев қатысты. Іс- шара барысында білім ошағының қайта жасақталған физика, химия, биология кабинеттерін аралап, 1-сынып табалдырығын аттаған 30 оқушыға «AMANAT» партиясы және аудан әкімінің атынан сыйлықтар табыс етілді.
Бұл орайда, біз аудан орталығындағы О.Шораяқұлы атындағы No30 орта мектептің жаңа оқу жылын үлкен дайындықпен қарсы алғанына куә болдық.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Біржан Далабаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгерім Кенжебаева, ардагер ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қатысты. Әнұран шырқалып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтерілді. Алғашқы қоңыраудың алғы сөзі аудан әкімінің орынбасарына берілді.
– Білім – баға жетпес рухани байлық, ғылымның іргетасы, мемлекет дамуының алтын арқауы, өсіп-өркендеудің, табысқа жетудің, дәулетті өмір сүрудің негізі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі барлық баланың білім мен ғылымды игеруіне қолайлы жағдайлар жасалуда. Соңғы жылдарда білім саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылып, педагогтың мәртебесін көтеруге тың бастамалар қолға алынды. Бұл ұстаздарға деген құрмет, білім саласына жасалған ерекше қамқорлық. Ауданда білім саласында атқарылған жүйелі жұмыстар мен ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің арқасында жас өрендеріміз жыл сайын түрлі ірі додаларда биік белестерді бағындырып келеді. Жаңа оқу жылында білім беру саласында үлкен табыстар мен жетістіктер болады деген сенімдемін. Білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана еліміз бәсекеге қабілетті ел бола алатыны сөзсіз, – деді аудан әкімінің орынбасары Біржан Далабайұлы.
Мұнан соң аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгерім Кенжебаева құттықтау лебізін білдірді. Биыл ауданға қарасты 29 мектепте 15693 оқушы тәрбиеленсе, оның 1478-і мектепке алғаш қадам басты. Қолдарына «Әліппесін» қыса ұстаған олар «мектеп» атты кеменің жолаушылары атанды.
Білім күні мерекесі мектеп директоры Бауыржан Дүйсенбаевтың ақ тілегімен жалғасты. Ол жаңа оқу жылында жаңа табыстарға жетуге тілектестігін білдіріп, өткен оқу жылының жетістіктерін атап өтті. Салтанатты жиынға келген ата-аналарды, мектеп оқушыларын жаңа оқу жылымен құттықтады.
Одан кейін құттықтаулар легі ата-аналардың жылы лебізіне жалғасты. Бұл жиынның сәнін кіргізіп, бірінші және он бірінші сынып оқушылары күміс қоңырауды сыңғырлатты. Шаттық пен ыстық сезімдерге толы бұл күн мектеп оқушылары үшін ерекше есте қалғаны анық.
Білім күніне арналған салтанатты жиыннан соң жүздері бал-бұл жанған барша оқушылар алтын ұяларына еніп, мектеп партасына отырды. Бұл күні оларға арналып арнайы тәрбие сағаты ұйымдастырылды.
Иә, оқушылардың ала жаздай асыр салып ойнаған, бірі қалаға, бірі демалыс орындарына барып тыныққан мерзімдері аяқталып, кезекті жаңа оқу жылы басталды. Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашанда білімнің парқын түсіне білген. Жаңа оқу жылында қоғам үшін орны бөлек білім саласында оң бастамалар жүзеге аса берсін!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
02 қыркүйек 2022 ж. 862 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

№85 (10350)

25 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 853

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930