» » Үздіктер қатарындағы үлгілі мектеп

Үздіктер қатарындағы үлгілі мектеп

Мектеп – жастардың талантын шыңдап, даналардың түлеп ұшар тұғыры. Ұлттың рухани байлығы – білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Ал білімнің сарқылмас көзі – мектепте. Осындай іргелі білім ордасының бірі – Ақай ауылындағы No279 орта мектеп. Бүгінгі заман талабына сай жаңа ғимарат 2015 жылы 16 желтоқсан «Тәуелсіздік» мерекесіне орай пайдалануға берілген. Ал 2021 жылы мектепке Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтың есімімен бірге мектеп-лицей статусы берілген.
Мектептің ашылғанына жеті жыл болса да мектеп ұстаздары мен оқушылар республикалық деңгейдегі конкурстар мен байқаулардың жүлдегері атанып үлгерген.
Білім мен білікті тең ұстап, мектептің алға жылжуына орнықты үлес қосар жанның бірі – мектеп басшысы. Олар қызығынан қиындығы мол жылдардың ауыр жүгін көтеріп, оқу-тәрбие жұмысын жақсарту жолын- да аянып қалмайды. Бүгінде қасиетті шаңыраққа білікті ұстаз Әсемкүл Есіркепова басшылық етеді. Жалпы мектеп басшысы болу үнемі ізденісті, тынымсыз еңбекқорлықты қажет етсе, шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, ұжыммен тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиеттің керегі анық.
– Тәуелсіз елдің өркендеуі мен тұғырының берік болуы – тек білімді ұрпақтың қолында. Біздің міндет – осы ұлы мұрат жолында талмай еңбек ету. Мектепте өтетін пәндер – баланың болашақтағы өміріне керек болатын құрал, ал мұғалімнің мақсаты – осы пәндерді арадағы көпір болу арқылы алдында отырған оқушының азамат болуына ықпал ету. Мектеп ұстаздары шәкірттерінің адами қасиеті мен сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететінін айқын біледі. «Өз ісінің нағыз маманы» деуге лайық ұстаздар бұл мектепте де жетерлік. Бүгінде олар келешектің кемел болуына өз үлестерін қосып келеді, – дейді мектеп директоры Әсемкүл Кәжденбекқызы.
Білікті ұстаздар бас қосқан мектепте бүгінде 603 оқушы тәлім алуда. Ал оларды білім нәрімен сусындататын 87 мұғалім болашақ ұрпақ үшін қызмет етуде. Заман дамып, білім берудің тәсілдері ұдайы өзгеріске ұшырауда. Осыған орай ұстаздар қауымы білімін жетілдіруді тоқтатқан емес. Жаңа заманның көшбасшысын тәрбиелеуде жаңашылдықты ұстаздар жақсы меңгерген.
– Өткен оқу жылын 61 пайыз білім сапасымен аяқтап, 36 бітіруші түлектеріміздің 33-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өз білімдерінің шеңберінде 98,6 балл көрсеткішке ие болды. Осының нәтижесінде мектеп ұжымы 2022 жылы «Қазақстандағы 100 үздік» мектеп қатарына енді. Облыс көлемінде 7 мектептің ішінде ауыл мектебі болғанына қарамастан, біздің мектебіміздің есімі аталуы – білім ұямыздың, ұстаздарымыз үшін үлкен мақтаныш. Жақында мемлекеттік гранттың да қорытындысы жарияланды. Тестілеуге қатысқан 31 түлегіміз грант иегері атанды. Нақтылай кетсем, олардың 21-і педагогика, 1-еуі медицина, 1-еуі әскери, енді бірі спорт, 7-еуі ақпараттық технология мамандықтары бойынша орналасты. Түлектеріміздің мұндай жетістігі – ұстаздар еңбегінің жемісі, мектептің абыройы, – дейді білікті басшы Әсемкүл Есіркепова.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, білікті ұстаздан білім алған оқушылар да түрлі додада бақ сынап, қатарластарынан оза шауып жүр. Тек мектеп мақтанышына ғана айналып қоймай, аудан абыройын асқақтатып жүрген шәкірттер де осы мектептің тәлім алушылары. Мектеп оқушылары жыл сайын республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларда топ жарып, республикалық кезеңде жүлделі орынды иеленіп келеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған 11-сынып оқушыларының пәндік олимпиадасында 3 оқушы «Білім грантын» жеңіп алған. Ал ұстаздар қауымы өз іс-тәжірибелерін аудан, облыстық, республикалық деңгейде таратып, білім саласындағы әріптестерімен тәжірибе алмасуды жөн көреді.
Ұстаздары білікті, оқушылары талапты, ұжымы ұйымшыл мектептің бағындырған белесі аз емес. No279 мектеп-лицей ұжымы аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің «Білім шыңы – 2017», облыстық білім басқармасының «Жыл таңдауы – 2018», 2020 жылы облыстық деңгейде «Жаңа идеялар жаршысы», 2021 жылы аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің «Ізденімпаз мектеп – 2021» номинациясымен марапатталған. Бұл марапаттар тынымсыз еңбек пен маңдай тердің арқасы. Себебі әрбір жеңістің артында ұстаздың ұшан-теңіз еңбегі бар. Өз міндетін адал атқарып, мамандығына сүйіспеншілікпен қарайтын мектеп ұстаздары әлі де ел тірегі болар азаматтарды тәрбиелей бермек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
29 тамыз 2022 ж. 826 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 181

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031