» » Сан қыранды самғатқан алтын ұя

Сан қыранды самғатқан алтын ұя

Діттеген жерімізге жетіп, көліктен түстік. Қарсы алдымызда 80 жылды артқа тастаған, талай түлекті қанат қақтырған кенттегі орны бөлек білім ордасы А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейі. Мұнда бұрынғыдай оқушының шуылы естілмейді. Есіктен кіріп, қазіргі талапқа орай арнайы кабинадан өтіп, қолымызды антисептикпен залалсыздандырдық. Бұл қай жерге бас сұқсақ та бірінші жасайтын әдетімізге айналды. Одан әрі жүре бергенімізде коронавирустан сақтану жолдарына байланысты жадынамаларға көзіміз түсті. Ал мектептің оң жақ қапталында ұстаздар жетістігіне арналған көрме орын алған. Онда мұғалімдер қолынан шыққан өнер туындылары да ілініпті.
Көрмеге көз салған соң мектеп жұмысымен таныстық. Ұзақ жылдық тарихы бар бұл мектепте бүгінде 517 оқушы тәлім алуда. Ал оларды білім нәрімен сусындататын 71 мұғалім болашақ ұрпақ үшін қызмет етуде. Заман дамып, білім берудің тәсілдері ұдайы өзгеріске ұшырауда. Осыған орай ұстаздар қауымы білімін жетілдіруді тоқтатқан емес. Оған мектеп мұғалімдерінің 19-ы деңгейлік курстан, 5-еуі тренерлік, 4 мұғалім жаратылыс­тану пәндерін ағылшын тілінде оқыту, 3 мұғалім роботехника ­курсын, ал 61 мұғалімнің жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша түрлі курстан өткені айқын дәлел. Жаңа заманның көшбасшысын тәрбиелеуде жаңашылдықты ұстаздар жақсы меңгерген.
Білім мен білікті тең ұстап, мектептің алға жылжуына орнықты үлес қосар жанның бірі – мектеп басшысы. Бір адамның ғұмырына тең келер уақытта білім ордасын бірнеше ұстаз басқарған. Олар қызығынан қиындығы мол жылдардың ауыр жүгін көтеріп, оқу-тәрбие жұмысын жақсарту жолында аянып қалмады. Бүгінде қасиетті шаңыраққа білікті ұстаз Гүлзира Еркебаева басшылық етеді. Жалпы мектеп басшысы болу үнемі ізденісті, тынымсыз еңбекқорлықты қажет етсе, шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, ұжыммен тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиеттің керегі анық.

– Тәуелсіз елдің өркендеуі мен тұғырының берік болуы – тек білімді ұрпақтың қолында. Біздің міндет – осы ұлы мұрат жолында талмай еңбек ету. Мектепте өтетін пәндер – баланың болашақтағы өміріне ­керек болатын құрал, ал мұғалімнің мақсаты – осы пәндерді арадағы көпір болу арқылы алдында отырған оқушының азамат болуына ықпал ету. Сексен жылдық тарихы бар мектептің ұстаздары шәкірттері­нің адами қасиеті мен сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететінін айқын біледі.
«Өз ісінің нағыз маманы» деуге лайық ұстаздар бұл мектепте де жетерлік. Бүгінде олар келешектің кемел болуына өз үлестерін қосып келеді, – дейді мектеп директоры Гүлзира Еркебаева.
Сондай-ақ мектеп басшысы өз сөзінде тәрбие жоспарының жаңа жобалар бойынша жүзеге асып жатқанын да жеткізді. Яғни, мұнда «Біз оқитын 40 кітап», «Біз айтатын 100 ән», «Жазғы тіл мектебі», «Ғылыми бейсенбі», «Ата-анамның жұмыс орнындағы 1 күн», «Балалар әлеміндегі игі істер», «Туған елге тағзым», «Флешмоб», «Қазақша Wikipedia», «Жұлдызды сәт» жобалары жыл көлемінде жұмыс істейді. Аталымының өзі ерекше жобалардың жақсылыққа бастап, оқушыға берері мол екені аңғарылады. Бұл шәкірт мектеп қабырасында тек білім алып қана қоймай, тәлімді тәрбие алып шығады деген сөз.

Қазіргі уақытта 1-4, 5-9, 11 сыныптар дәстүрлі түрде білім алса, өзге сыныптар әлі де онлайн түрде оқуда. Талапқа сай әр сыныптың қоңырау кестелері әртүрлі. Мектепті аралап жүргенімізде 11 сынып оқушыларына үзіліс уақыты екен. Осы оқу жылының ІІІ тоқсанынан бері дәстүрлі оқу жүйесіне қосылған оқушылар ұстаз алдына келіп тәлім алып жатқанына қуанышты.
– 10 сыныптың соңғы тоқсанынан бері онлайн білім алдық. Басында жаңа формат болғандықтан бізге қиындық тудырды. Кейіннен оған да үйрендік. Бірақ мұғалімнің алдына келіп білім алғанға жетпейді. Ұстаздарымызды, сыныптастарымызды сағынып қалыппыз. Қазір ҰБТ-ға дайындалудамыз. Бұл үшін де бізге мұғалімнің көмегі ауадай қажет, – дейді 11 сынып оқушысы Тоғжан Тортаева.
Иә, мектеп партасында отырып білім алғанның қадірін оқушылар жақсы түсінген. Әрі биыл мектеп бітіретін болғандықтан «5 ай болса да мектепке келіп оқитын болғанымызға қуандық» дейді олар риза кейіппен. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, білікті ұстаздан білім алған оқушылар да түрлі додада бақ сынап, қатарластарынан оза шауып жүр. Тек мектеп мақтанышына ғана айналып қоймай, аудан абыройын асқақтатып жүрген шәкірттер де осы мектептің тәлім алушылары. Оның ішінде Нұргүл Сейітбекқызы, Ұлданай Қожахметова, Ақсамал Сейілханқызы, Арайлым Сәйпенованы атасақ болады. Бұл қатарды ұзын-сонар етіп тізбектеп кете беруге де болады. Сондай-ақ, Сүйеніш Мирамбеков пен Ернұр Жақсылықов Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түссе, Алданыш Мирамбекова республикалық ауыл балаларын қолдау мақсатындағы ашылған Iqanat жоғары мектебіне облыс бойынша жалғыз өзі қабылданса, 2 бітіруші Санкт-Петербург қаласына облыс әкімінің грантымен оқуға түскен.
Мектептің ұстаздар ұжымы өзінен білім мен тәрбие алып шыққан мыңдаған түлектерін мақтан етеді. Олар егеменді еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада табысты да абыройлы еңбек етіп жүр. Атап айтсақ Бақберген Досмамбетов, Садуақас Аңсатов, Гүлзада Шаймерденова, Темірбек Жайсаңбаев, Ұзақ Жаппасбаев, Бекмырза Еламанов, Шакизада Құттыаяқов, Қосылған Әбжанов, Алтай Үсенов, Күлжауһар Раева, Әділбек Ерсұлтанов, Болат Сериев, Бауыржан Раисов осы мектептен түлеп ұшқан.
Тіпті бұл мектепте білім алып, кейіннен осында ұстаздық етіп жүрген мұғалімдер де бар. Солардың бірі – Перизат Байдуллаева. Ол мектептепалды даярлық тобының мұғалімі.
– Мен осы мектептің 2014 жылғы түлегімін. Осы саланы таңдауыма да мектептегі аяулы ұстаздарымның септігі тиді. Жоғары оқу орнын бітірген соң, туған мекенге келіп, өз мектебіме жұмысқа орналастым. Өзім өскен орта болған соң жұмысқа тез үйрендім. Мамандығымды жақсы көремін. Ал ұстаздарымнан бұрын білім алсам, қазір әдістемелік көмек аламын. Олар маған қашанда үлгі, – дейді жас маман Перизат Асқарқызы.
Ұстаздары білікті, оқушылары талапты, ұжымы ұйымшыл мектептің бағындырған белесі аз емес. №105 мектеп-лицей ұжымы 2018 жылы облыстық білім басқармасының «Жыл таңдауы – 2018», аудандық білім бөлімінің «Жаңашыл ойлар жаршысы» номинациясымен, 2019 жылы аудандық «Үздік жаңа идеялар жаршысы – 2019», «Ізденген жетер мұратқа – 2020» номинациясымен марапатталған. Бұл тынымсыз еңбек пен маңдай тердің арқасы. Себебі шәкірттің әрбір жеңісінің артында ұстаздың ұшан-теңіз еңбегі бар. Өз міндетін адал атқарып, мамандығына сүйіспеншілікпен қарайтын мектеп ұстаздары әлі де ел тірегі болар азаматтарды тәрбиелей бермек.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)
20 ақпан 2021 ж. 1 292 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 060

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031