» » Білім беру бизнесі бізде қалай?

Білім беру бизнесі бізде қалай?

ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. Заман талабына сай бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтардың туын биік ұстайтын жас ұрпақты тәрбиелеу – қоғамның басты міндетінің бірі. Осы орайда Елбасының «Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны мүлде бөлек» дегені ойға оралады. Рас, қазір білімге деген бетбұрыс ерекше. Жас ұрпақ жан-жақты болуға, оқуға, жаңаны үйренуге құштар. Білуге ұмтылған жас өренге қол ұшын созу – ұстаз бен ата-ананың міндетіне кірмек. Бұл ретте мектептен тыс қосымша білім алуға қажеттілік туады. Бұрындары қосымша оқу орталығын іздеп, қалаға баратынбыз. Ал бүгінде тұрғылықты мекеннің өзінде-ақ білімді шыңдауға мүмкіндік бар. Біз әңгімеге арқау еткелі отырған білім ордасы – кенттегі «Зерде» оқу орталығы болмақ.
Орталықтың жұмыс істеп келе жатқанына бір жылдан асқан. Алғашқы қарлығаштары бүгінде мемлекеттік грант иеленген жоғары оқу орнының студенттері. Ел аспай-ақ білікті мұғалімнен тәлім алған шәкірттер орталықтың жұмысына дән риза. Мұнда ұстаздық ететін тәлімгерлер ұзақ жылдық тәжірибесі бар өз ісінің білгірлері. Ал орталықтың директоры – өмірінің 30 жылын осы салада өрбіткен, жоғары санатты педагог-зерттеуші Манат Көбекова. Химия-биология пәнін оқытатын ұстаздың жетістігі мен шәкірттерінің жемісі мол. Ал орталық ашу бір жағынан мемлекет берген мүмкіндікті пайдалану болса, екінші жағынан қажеттіліктен туған дүние екенін тілге тиек етті.
– Қазіргі таңда оқушылардың білімге деген сұранысы артты, сондықтан қосымша сабақтарды қажет етуде. Сұранысқа орай қосымшабілім беретін  ұстаздар қатары да көбейді. Сол мұғалімдерді бір жерге орналастыратын орталық қажет болды, әрі мұғалім де өз уақытын тиімді пайланады. Екі сағатта бір оқушымен емес, бірнеше баламен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, үйден жекелей оқытқанда тақта, парта дегендей қажетті құралдар болмауы да мүмкін. Сол себептен «Зерде» білім беру орталығы ата-аналардың өтініші мен шәкірттердің сұранысына орай туындады. Орталық ашу үшін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы жеңілдетілген несие алып, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құрал-жабдықтар алдым. Осылайша өткен жылдың күзінде орталық өз жұмысын бастап кетті, ­ – дейді Манат Жәлелқызы.
Оқу орталығы  бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Оқушы мұнда 1-11 сынып бағдарламасы бойынша барлық пәннен (математика, физика, математикалық сауаттылық, химия, биология, география, қазақстан тарихы, дүние жүзі тарихы, әдебиет, ағылшын, орыс тілі т.б.)   толық  қосымша білім алады. Сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеуге, Назарбаев университетіне және кешенді тестілеуге сапалы дайындық жүргізіледі. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық курсында бес пәннен тиімді дайындалуға болады. Әр ай сайын олардың білім деңгейі Ұлттық Тестілеу Орталығының байқау сынағы арқылы тексеріледі. Мұнда болашақ бірінші сынып оқушыларына арналған сауат ашу, математика, ағылшын тілі пәндерінен дайындық тобы да жұмыс істейді.
Орталықта оқушылар білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, белгілі бір деңгейге білім сапасын арттырады. Оған  осында білімін шыңдаған біршама түлектің грант иегері атануы айқын дәлел бола алады. «Зерденің» зерделі баласының бірі – Мадияр Ерғалиев. Бүгінде Е.Бүкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті атанған ол  химия пәні бойынша қосымшаға  1 жыл бойы қатысқан. Нәтижесінде берілген 40 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берген.
­­– Білім ешкімге артықтық етпейді. Тек үйренуге деген ынтаң болса болғаны. 11 жыл бойы білім берген ұстаздарым мен қосымшада үйренгенімнің арқасында бүгінде мемлекеттік гранттың иегері атандым. Мектептен тыс қосымша білім алуыма жағдай туғызып, менің болашағыма даңғыл жол салып берген ата-анама алғысым шексіз. ҰБТ-ға дайындығымның жүйелі болуына осы орталықтың тигізген пайдасы мол. Үздіксіз дайындық пен тұрақты кері байланыстың арқасында жоғары нәтиже көрсеттік. Ауданда білімді ұстаздардан құралған оқу ордасының бар болғанына қуаныштымын, – дейді ол шынайы ризалықпен.
Бүгінде бұл орталықтан білім алушының қатары көбейген. Тіпті ауданға қарасты елді мекеннен арнайы келіп, білім нәрімен сусындап жатқандар да  бар. Тәлімгерлік ететін ұстаздар өзі ісінің нағыз шеберлері. Барлығы да жоғары санатты, мол тәжірибелі, ел алғысына бөленіп жүрген білікті ұстаздар.
Қазіргі жағдайға орай карантин талаптарын сақтай отыра бір топта 5 бала тәлім алуда. Уақыты ұстазға да, оқушыға да ыңғайлы. Сабаққа кедергі келтірмейді, түстен кейінгі 3-тен басталады. Сұранысқа орай топтар жасақталып, ұстаздар кестеге сай білім береді. «Оқимын деген бала көп екен. Грантқа түскен оқушылар, олардың ата-аналары келіп алғысын жаудыруда. Біз үшін соның өзі – еңбектің қайтқаны» дейді орталық ұстаздары.
Біз орталыққа барғанда жоғары сынып оқушыларынан бөлек, жасы кішілерін де кездестірдік. Олар орыс тілінен қосымша білім алып жүрген бастауыш сынып оқушылары екен. 2 сынып оқушысы Жібектің орыс тілін жетілдіріп жүргеніне 3 айдай уақыт болыпты.
– Карантин уақытында балалар үйде оқуға мәжбүр болды. Не дегенмен, мұғалімнің алдында отырып білім алғанға жетпейді ғой. Сондықтан да қызыма орыс тілінен қосымша көмек қажет болды. Гүлжайна апайдың арқасында қазір орыс тілінде қиындықсыз оқып, түсінісе алады. Тілі де жаттықты, – дейді Жібектің анасы.
Иә, білім іздеген жанға бүгінде мүмкіндік көп. Біліктілердің басын қосып, ілім іздеген шәкірт жүрегіне нұр құйып отырған орталық білім бәсекесінде басып озар талай өренді дайындары анық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)
12 желтоқсан 2020 ж. 613 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 738

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 791

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031