КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН БІЛЕР
БАЛА БІЛІМІ ТЕРЕҢДЕЙ ТҮСПЕК
ҰБТ-дан оқушылары ең жоғары балл жинап, үздіктер сапынан түспеген №183 орта мектептің мұғалімі Манат Көбекова бірнеше жыл бұрын «Миллионер мұғалім» атанған еді. Әрине бұл марапат оған оңай берілген жоқ. Сан жылғы тәжірибесі мен оқыту шеберлігі ескерілді. Мектепте табанды еңбек етіп жүрген үлгілі ұстазға «баламды қосымша ҰБТ мен олимпиадаға даярла» деп қолқа салатын ата-ана көп. Қай істі болсын ұтымды ұйыстыра білетін ұстаз оқыту орталығын ашсам деп армандайтын. Бүгін сол арманына қолы жеткенін көріп, біз де бір марқайып қалдық. Екі ай бұрын «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасымен 4 500 000 теңге несие алыпты. Оған кентішінен «Зерде» оқу орталығын ашқан. Ауданда бірлі-жарым ағылшын, математика пәнін тереңдетіп оқытатын курстың бары аян. Бірақ бұрын-соңды мұндай талапқа сай құралмен жабдықталған, жылы да жайлы қосымша білім беру орталығы бізде болған жоқ. Орталықта оқушыларды аптасына 2 күн, 2 сағаттан білікті ұстаздар деңгейлеп оқытады. Математика, физика, химия, биология жалпы мектепте оқытылатын барлық пәннен сабақ жүреді. 1-4, 5-9, 10-11 сынып оқушыларынан арнайы шағын топ жасақталып, жоспар бекітіледі. М.Көбекова орталықтың салтанатты ашылуын 1 қазанға жоспарлап отыр. Қазір тіркеу жұмысын жүргізуде. Тың кәсіптің көзін тапқан Манат Жәлелқызының жаңа оқу жылындағы жағымды жаңалығына қуанып, оң болсын айттық. Енді сіз бен біздің баламызға қосымша білім қажет болса таңдаулы ұстаздың орталығына сеніп тапсыруға толық негіз бар.
Г.Дүзенова