КӘСІПТІҢ НЕГІЗІ – БІЛІМДЕ
Кеше «Атамекен» ҰКП аудандық филиалында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстары» тақырыбында семинар-тренинг өтті. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада аудан әкімінің орынбасары Ә.Қошалақов сөз сөйлеп, курс жұмысына сәттілік тіледі.
– Адамдарды еңбекпен қамту – табыс табу деген сөз. Мемлекетіміздің орта класс – шағын және орта бизнесін дамыту – экономиканың маңызды бөлшегі болып табылады. Кәсіпкерлікпен айналысу – заман талабы десек, әр азамат өзін жұмыспен қамтып, отбасын асырауы керек. Жеке кәсіп бастаймын дегендерге мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілуде. Соның бірі – кәсіпке оқыту. Кәсіппен айналысудың кілті – білімде дегендей, курста білікті бизнес-тренер А.Төлекова бизнес-психология, бизнес-жоспар, маркетинг, сату нарығы, салық режимдері мен есептіліктері, бизнесті құқықтық сүйемелдеу сабақтары бойынша дәріс беріп, жоба қатысушыларын жоба қорғауға дайындайды. Кәсіпке оқыту – болашақтың іргетасы – отбасы әл-ауқатын көтеруге арналған шарапаты мол шара, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Өткен жылы аталған курсқа ауданда 107 адам оқытылса, оның 53 жобасы қаржыландырылған. Биыл 220 жұмыссыз курстан өтеді деп жоспарлануда.
– «Бастау Бизнес» жобасының мүмкіндігі мол. Курсты толық аяқтаған соң арнайы сертификат беріледі. Ауданда алған білімдерін облыста қорғайды. Сертификатпен қаржы мүлкіне жолданады. Сосын кепілмен несие алуға болады. Үстіміздегі жыл – облысты «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жарияланды. Елбасының әлеуметтік бес бастамасына сәйкес, елімізде шағын бизнеске қосымша қомақты қаржы қаралды. Бізде кәсіпкерлік саласы кенжелеп қалған. Оның басты себебі – бәсекелік ортаның қалыптаспағанынан. Ең қымбат аудан – бізбіз, – деді семинар барысында филиал директоры А.Шоқбаров.
Жобаға қызығушылық танытқанның бірі – Ақай ауылының тұрғыны Серік Әбсалықов. – Автоэлектрик кәсібін дамытқым келеді. Осы бағытта жұмыс істеймін. Қажетті құрал-жабдықтарын көбейтсем деймін. Қазір жұмыс орнын жалға алғанмын. Курстан күтерім көп, дейді – бағдарламаға қатысушы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».