Еңбек – ырыстың қазығы
qarmaqshy-tany.kz 1974 жылы Қазалы кентіндегі локомотив депосы басшылығының жолдамасымен Төретамға қоныс аударған айдынды Арал тумасы Арыстанбек Пұсырманов бар саналы өмірін теміржол саласына арнаған азамат. Ол еткен ұзақ жылғы еңбегімен көптеген мемлекеттік марапатқа ие болған құрметті теміржолшы.
Сонымен қатар, оның екінші бір қыры, яғни жүрек қалауымен өміріне серік еткен кәсібі – бағбандық.
«Бала кезден осы кәсіпке құмармын. Тал өсіру менің хоббиім десе де болады. Жемісжидекке жаным жақын» дейді ол.
Расында да біз Арыстанбек Абдуллаұлының отбасына барғанымызда оның шағын бақшалығынан жемістің түртүрін көрдік. Әсіресе алмұрт көп-ақ екен. Оның да неше түрлі сорты жеміс беріп тұр.
Ауласында зайыбымен күтіп алған қарт бағбан бізбен жөн сұрасқан соң, әңгімесін бастап кетті.
– Қасымда тұрған апайың, яғни менің зайыбым Айжамал да Аралға қарасты Аққұм ауылының тумасы. Құдай қосып шаңырақ көтерген соң, алдымен Төретамға көшіп келсек, кейіннен Ақайдан қоныс таптық. Бар өмірімізді осында сүріп жатқан жайымыз бар. Ұрпақ өсірдік, немере де сүйіп отырған жайымыз бар. Олардың барлығы қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде білімді, ұрпақ сүйген отбасы. Ал енді сендерді бағыма ертіп апарайын, оны аралатайын, – деді де өзі алға түсіп жүріп кетті.
Біз де бағбанның соңынан еріп, шағын да жеміске толы баққа кірдік. Онда жиырмадан астам алма, алмұрт, қара өрік талы жеміс беріп тұр. Қарт бағбан олардың сорты мен тарихын айтып келеді. Тіпті бақта долана, қарақат, құлпынайлар да биыл көптеп жемісін беруде екенін тілге тиек етті. Жақында шие мен сары өріктен отанасы кампот пен тосап қайнатып алғанын да жеткізді.
Арыстанбек аға бізге бақшалығына сән беріп өсіп тұрған сан алуан гүлдерді көрсетіп, «Бұл апайларыңның еңбегі, ол кісі гүл десе ішкен асын жерге қояды. Ал ана жерде жатқан қиярлар да, қып-қызыл болып піскен қызанақ та осы апайларыңның еңбегі деп біліңдер. Екеуміз жазда азанмен ерте бақшалыққа кіреміз. Арам шөбін жұлып, отаймыз, қисайып жатқандарын ретке келтіріп, түзейміз. Жемістерді суарып, оларға күтім жасаймыз. Осындай күтімнің арқасында ағаштарымыз жеміс беріп тұр. Бірақ, мына аяқ судың мәселесі бізге кедергі. Рас, аяқ су беріледі, бірақ қашан төменгі жақтағы тұрғындар ішіп болмайынша бізге су жетпейді.
Өйткені, олар (тоймайынша) өздеріне баратын аяқ су жолды рұқсатсыз ашып тастап, жоғары жақтағыларға кедергі келтіруде.
Ауыл әкімдігі де қанша ескертсе де тоқтар емес. Бәрібір мен амалын тауып, жеміс бағымды бағып-қағып отырмын, – деді күле қараған бағбан.
Иә, Ақай ауылы тұрғындары үшін басты мәселенің бірі — ол аяқ су мәселесі. Десе де ауыл әкімшілігі қанша жылдан бері тұрғындар үшін басты да күрделі мәселе болып келе жатқан аяқ суды шешуде біршама жұмыс атқарды.
– Аяқ су мәселесін аудан әкімдігінің қолдауымен шешіп жатырмыз. Яғни, Сырдария өзеніне арнайы электр насосын орнатып, труба арқылы су айдап, ауыл тұрғындарының көптен шешілмей келе жатқан мәселесін шештік. Алайда, біздің ауыл өзеннен жоғары орналасқандықтан оған аяқ су айдау қиынырақ болып тұр. Сондықтан да бақша суарушылар арасында наразылық туындауда. Бұл мәселенің де орайын келістірдік. Тұрғындар кезектесіп су ішуде. «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» дегендей, Арыстанбек ағаның бағын нағыз бақ деп те айтуға болады. Олай дейтініміз, ауылда ол кісіден басқа да осындай әсем де жеміске толы бақ ұстайтын бағбандар жоқтың қасы. Сондықтан да біз ағаның өнегелі ісін өзгелерге үлгі ретінде насихаттаудамыз. Тіпті бақша егеміз деген әрбір тұрғынға қолдау жасауға дайынбыз. Биыл бір кәсіпкеріміз ауыл маңынан бақша егіп, кеше алғашқы қарбызы ауызға тиді. Жақын арада ол қауын-қарбызын базарға шығарады деп күтудеміз, – дейді ауыл әкімі Эльмира Қазиева.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ