Еңбекқор отбасының еңсесі тік болады
qarmaqshy-tany.kz Ауданымызда түрлі салада еңбек етіп, мамандығын ұрпақтанұрпаққа жалғап келе жатқан әулет жетерлік. Мысалға, аудан тұрғындарына есімдері таныс А.Қаржаубаев, Б.Нысанбаев, М.Фазылов, Х.Әлиевтер әулеті денсаулық саласында, Ә.Дәуленбаев, Б.Жұматаев, Б.Дүйсенбаев пен Ә.Алмағамбетовтер білім саласында, Ү.Досымовтар ветеринария саласында, Е.Назарқұловтар ішкі істер органында, С.Қайнарбаевтар қаржыда, Т.Мырзабаев, Ә.Төремахановтар спорт саласында аудан әлеуетін арттыруға сүбелі үлесін қосып келе жатқан әулеттер қатарында. Ал Т.Аманжолов, Ә.Рысбаевтарды аудан халқы теміржолшылар әулеті деп құрметпен атайды.
Осындай атадан балаға аманат болып келе жатқан отбасылық кәсіпте Жосалы кентінің тұрғыны Денис Хамовтың теміржол саласында, оның ішінде Жосалы теміржол вокзалында еңбек еткеніне биыл 25 жыл болыпты.
лматы қаласындағы жоғары теміржол институтын тәмамдаған ол алғашқы еңбек жолын Жосалы теміржол вокзалында тауар қабылдаушыдан анықтама бюросының уәкілі, вокзал бастығының кезекші көмекшісінен вокзал бастығы қызметіне дейін көтерілді.
Осы ретте айта кететін тағы бір жайт, бұған дейін Жосалы теміржол вокзалының бастығы болып, Денистің анасы Валентина Ким 1992 жылдан 2012 жылға, яғни құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін абыройлы қызмет еткен. Бірнеше рет елеулі еңбегі үшін де құрмет грамоталарымен, алғыстармен, мадақтамалармен марапатталған.
Денис те анасы сияқты ел алдындағы елеулі еңбегі үшін көптеген марапатқа ие болды. Оның ішінде, ҚР Президентінің, «Қазақстан Теміржолы Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының, «ҚТЖ» АҚ Жолаушылар тасымалы» төрағасының Құрмет грамоталарымен марапатталса, биыл теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, көрсеткен үлгілі істері үшін саланың жоғары наградасының бірі – «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісін омырауына тақты.
«Менің теміржол саласында еңбек еткеніме ширек ғасыр болыпты. Осы аралықта оның қыр-сырын терең меңгеріп, қарапайым теміржолшыдан вокзал бастығы қызметіне дейін көтерілдім. Бұл мен үшін үлкен абырой. Ал, ата-анам жайлы айтар болсам, әкем Николай аудан орталығындағы «ПМК-30» құрылыс-жол мекемесінде механизатор болып еңбек етті. Бірақ жұмыс барысында алған жарақатынан мүгедек болып қалып, 1995 жылы өмірден өтті. Анама келсек, Валентина Ким бар саналы өмірін теміржол саласына арнаған жан. Мен де бала кезден анамның жұмысына қызығушылық танытып, өсе келе осы салаға қатты көңілім ауып, жоғары оқу орнын тәмамдадым. Қарапайым теміржолшы болып бастап, бүгінде вокзал бастығы лауазымына өстім. Қарамағымда 16 жұмысшы-қызметкер еңбек етеді. Олардың міндеті стансаға келіп тоқтаған әрбір жүк және жолаушы пойызын күтіп алып, шығарып салу, вокзал іші мен айналасын таза ұстау, жолаушылардың сұраныстары бойынша қызмет көрсету сынды жұмыстарды атқарады. Имамзада Тоқмаханов, Ғалия Махарова, Индира Жұмабекова, Жарқынай Сүлеева сияқты мамандардың еңбегіне вокзал қызметін пайдаланушылар дән риза. Олар өздерінің үлгілі істерімен әріптестері алдында абыройға бөленген құрметті қызметкерлер», – дейді Денис Николаевич.
Білікті басшы Денистің өмірлік серігі Эльмира Зарқұмқызы да теміржолшы. Ол Денис қызмет ететін Жосалы теміржол вокзалында вокзал бастығының кезекші көмекшісі қызметін атқарады. Көп жылғы ерен еңбегі үшін де бірнеше рет сала басшылығынан мадақтамаларға ие болған құрметті теміржолшы.
Денис Хамов жары Эльмирамен құрған бақытты шаңырағында 5 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені Борис Астана қаласында газ саласында қызметте болса, ұлдары Дамир мен Олег және қызының үлкені Жаннелі Тәйімбет Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейде оқушы, ал кенжесі Жанна балабақшада.
Тірлігі теміржолмен біте қайнасып келе жатқан өнегелі отбасы теміржол саласында қызмет ететіндерін мақтан етеді. Хамовтар әулетінің әр мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп өскен жандар. Олардың мамандық таңдаудағы өзара сыйластығын да осыдан аңғаруға болады.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ