Бағбан болсаң, бақ өсір
qarmaqshy-tany.kz Өзіңнің бау-бақшаңның болғанына не жетсін. Көкөніс, жеміс, гүл атаулының бәрін өз қолыңмен өсіріп, күз шыға жемісін көріп отырған ғанибет емес пе?
«Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» дегендей, Қармақшы ауылындағы сапарымызда ауылды аралап жүріп, шағын аула жанынан өтіп бара жатып, түрлі жеміс-жидек, бақшасында қауын-қарбызы, басқа да бақша дақылдары өсіп тұрған аулаға тап болдық.
Жол бастаушы Дәулет інімізден бұл кімнің шаңырағы екен дегенімізде, ол күле қарап, «танысам десеңіздер жүріңіздер» деп жол бастады. Жағымды жаңалыққа душар болып отырған біз оның сөзін құптап, артынан ердік.
Аулаға кіргенімізде шағын бақшалықта қолына жуа ұстап келе жатқан әйел кісіні көріп, амандастық. Өзін Роза деп таныстырған ол бізді үйге бастап, отағасыны шақырды. Зайыбының дауысын естіп сыртқа шыққан ер адам бізбен амандаса келе өзін Бақытбек деп таныстырған соң, біз де өзіміздің осы үйге келуіміздің мән-жайын түсіндірдік.
Сапарымыздың мақсатына қаныққан соң Бақытбек Күнбайұлы әңгімесін бастап кетті. Өзінің осы ауылдың тумасы екенін айта келе, 1988 жылы Розамен отау құрып, 5 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан өрбіген немере-жиендерінің қызығын көріп отырғанын жеткізді. Балаларының барлығы да отбасылы екенін айта келе, өзінің бағбандық кәсіпке бейімделуі бала кезден басталғанын тілге тиек етті. Бағбандық қасиет әкесі Күнбайдың егін егу, жеміс ағаштарына деген құрметі оның осы кәсіпке жақын болуына үлкен әсер еткенін жасырмады.
Расында да, шағын ауласындағы бақшалықтан жүзімнің түр-түрін, қызыл, сары, қара өрікті, жемісін беріп тұрған алмұрт пен алманы көрдік. Тіпті, шағын бақшалыққа қызанақ, қияр, қауынқарбыз, қырыққабат, қызылша, жуа, жусай, жүгері, картоп, асқабақ, басқа да көкөністер орналастырып, оның жемісін көріп отыр десек артық айтандық емес. Жоңышқаның да екінші орымын орып алған.
«Ауылымыз негізінен мал шаруашылығына бейімделген. Кеңшар тарамай тұрғанда трактор айдап, малға жем-шөп дайындадық. Оны Қарақұмдағы қой фермаларына тасыдық. Еңбегімізге қарай марапатталдық. Бірақ егіншілік кәсіпке бала жастан құштар болған соң ба осы кәсіпті өзіме жақын ұстап, бағбандыққа бейім болып өстім. Жаңа өзіңіз айтып өткендей, ауылымызда жеміс-жидекті аула онша көп емес. Бірақ бүгінде жас отбасылар арасында бақша егіп, аулаларына жеміс-жидек отырғызуды бастағандар бар. Менің Қалдыбай, Орақ, Рысбек, Айдос, Ринат, Қуаныш есімді көршілерімнің ауласында түрлі жеміс-жидек өсіп тұр. Оларға қолдан келген ақыл-кеңесімді де беріп тұрамын», – дейді бағбан. Осы кезде әңгімемізге араласқан Роза Жаманбайқызы: «Мен де қарапайым отбасының қызымын. Жаңа отбасыма келін болып түскеннен кейін отбасылық кәсіпті меңгеруге бет бұрдым. Бұл кәсіп менің өміріме көп нәрсені үйретті. Өкінбеймін. Күзде алған өнімімнен тосап жасаймын, оны сатамын. Кампот қайнатамын. Немерелерім келгенде сүйіп ішеді. Қолда бірнеше мүйізді ірі қара мен уақ малым бар. Олардан да алған өнімдерімізді жаратып отырмыз. Бірнеше жыл бұрын мемлекеттен «Құс өсіру» бағытында қайтарымсыз грант жеңіп алып, бүгінде соның жемісін көріп отырмыз», – деді Роза Ерман.