» » Бақ өсіргеннің бағы бар

Бақ өсіргеннің бағы бар

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолымен шығысқа қарай жүрсеңіз, ауданға қарасты Иіркөл дейтін ауыл бар. Бұл жақтың тыныс-тіршілігі мал шаруашылығына, егін егуге, сонымен қатар жеміс-жидек пен бау-бақша өсіруге өте бейіл. Сондықтан болса керек, мұнда Жер-Ананың ризығын көріп отырған жандар жетерлік. «Еңбек – адамның табиғи жетістігі» деген. Бүгінде бақ өсіруден талмай еңбек етіп, жемісін көріп отырған жанның бірі – Еркін Өтемұратұлы.
«Ағашты жемісінен таниды, адамды ісінен таниды» демекші, ауылдың төріне қарай жүрсеңіз Ерекеңнің жемісті бағы анадайдан көз тартады. Үйді айнала қоршаған жеміс ағаштары – күндіз сая, түнде пана болып, аулаға сән беріп ажарын ашып тұр. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген осы бір қанатты сөзді арқау етіп, бау баптауды әкемнен аманат етіп алдым» деп бастады бағбан әңгімесін әріден.
– Бұл жеміс бағына тоғызыншы сынып оқып жүргенімде көңіл бөле бастадым. Әкемнің қасында жүріп ағаштарды күтіп баптауды үйрендім. Қазір хоббиіме айналды. Таңертең ерте тұрысымен бау бақшама барамын. Күнделікті жұмысым жемістерді тексеруден басталады. Сондағы мақсатым – сынғанын қарап, құрт түскенін анықтау. Жемістің бірден-бір жауы құрт екенін білесіз ғой. Жапырағы қурап, ауырып тұрған ағаш көрсем жаным ауырады. Сол себепті, улау жұмыстарын уақытында жүргізіп тұрамын, – дейді бағбан.
Әуесқой бағбанның қорасы жергілікті жердің жемістерімен толыққан. Мұнда алманың үш түрі бар: тас алма, ұн алма және ранетка алмасы. Одан бөлек, сары өріктің әр сорты егілген. Қараөрік, шие олар өз алдына жайқалып тұр. Әр жемістің дәмі тіл үйіреді. «Өнімнің тәтті болуы тұқымға да байланысты» дейді ол. Еркін ағамыздың қай ағашын қарасаңыз да жемісін молынан төгіп тұр. Биыл сары өрігі былтырғыдан көп өнім берсе керек. Ауыл-аймаққа, туған-туыс, көрші қолаңына тегін үлестіруде. Артылғанынан үйдегі жеңгеміз тосап қайнатып, қысқа сақтап қойыпты. Ал жүзіміне келсек ол бөлек әңгіме. Қораның бір қапталын солайымен алып тұрған жүзім жемісі көздің жауын алады. Астына кірсең шатырдай төбеңнен түсіп тұр. Нағыз жүзімдікте жүргендей күй кешесің. Жеңсік астың мұнда үш түрі күтімге алынған. Кішміш, өгізкөз және сопақша түрі ерекше салып тұр.

Тілсіз табиғат тілін үнсіз түсінген ағамыз жұмыстан шаршап келгенде көңілін осында тынықтырады. Оның ерекше ықыласпен өсірген әр талы жанына қымбат. Сырт жаққа жол жүріп кетсе ұлы Ермаханға аманат етіп тапсырып кетеді.
– Әр тал менің өміріммен сабақтас. Бала күнімнен өскен жемістерде бар. Барлығына әкемнің көзіндей қараймын. Жыл сайын қай талдың жеміс беретін бермейтініне дейін біліп отырамын. Көктемде зиянкестерден залалсыздандырып, күзде өзінен түскен жапырақтарын түбіне көміп қопсытамын. Жер-Ананың адамзатқа берері көп қой. Ал соны түсініп күте алмасаң бақ өспейді, – дейді кейіпкеріміз.
Көктемде көшет сұрағандардың қолын қайтармайтын Еркін ағамыз, өзгелердің де бақшасы жайқалып көгеріп тұрғанын қалайды. «Базардан жемісті сатып алып жегеннен, қораңдағы таза өнімді тұтынғанға не жетсін» дейді ол. Биылғы келген жаңа әкімге де айтар алғысы шексіз. Себебі жыл сайын аяқсудан қиыншылық көріп келген ауылға арықтар қазып су жүргізіп бергенін айтады.

Түйін

Кейіпкеріміздің қоршаған ортаға деген жанашырлығына, оған деген сезіміне риза болдық. Табиғатты үнсіз ұққан бағбаннан алар тәліміміз көп-ақ. Бүгінге дейін еткен еңбегін Жер-Ана да құралақан қалдырмағанын жүздесуде көзімізбен көріп, санамызға түйіп қайттық.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
14 шілде 2020 ж. 1 801 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Ақсұлу
29 желтоқсан 2024 ж. 163
СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

20 қараша 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031