Талапты табыстан тарылмайды
qarmaqshy-tany.kz Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағының даму жолында аянбай еңбек ету қажет. Тарихты жаңа жетістіктермен және табысты жобалармен толтыратындар ол, әрине – жастар. Себебі жастар жаңа заманның сұранысына жылдам бейімделеді. Жаңа Қазақстанның келбеті – жаңаша ойлайтын талантты жастар.
Иә, бүгінде ауданымыздағы кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындарға қайтарымсыз грант негізіндегі қаржылар, жеңілдетілген несиелер бөлу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Адалдық пен ерінбей еңбек етуді мақсат еткендер шағын кәсіптен-ақ көктеп, көгеріп отыр. Сондай жастың бірі – Ақай ауылының тұрғыны Талғат Жасанбаев.
Оның инновациялық жобасы көпті тәнті етеді. Тың кәсіпті қолға алған жас кәсіпкер күріш таяқшаларын өндірумен айналысады. Дүкендерде сатылатын кәнігі «кукурузды» білесіз ғой. Ол жүгеріден жасалса, бұл күріштен дайындалады. Дәмі де ерекше, тіл үйіреді. Бұл бүлдіршіндердің диабетін болдырмауға, тілі уылып кетпеуіне септігін тигізеді. Қазіргі таңда өнім біршама облысқа экспортталуда. Атап айтар болсақ, Төретам, Ақай елді мекендері, Қызылорда қаласы мен Шалқар аудандарына сатылып жатыр.
– Өзім Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінде «Тамақ өндірісінің технологы» мамандығы бойынша білім алдым. Кейіннен құқықтану саласында магистратурада оқыдым. Оқу бітіріп келген соң инновациялық жобалар конкурсына қатысып, грант ұттым. Кәсіп бастаған кезіміз дәл пандемия уақытымен тұспа-тұс келді. Біршама қиындықтар болғанын жасырмаймын. Қазірде күніне 1000 данаға дейін өнім шығарамыз, – дейді жас кәсіпкер.
Өнімді күріш жармасынан дайындайды. Бірінші кезекте күрішті қажетті ылғалдыққа келтіріп алады. Мұнан соң экструдтау процесі жүргізіледі. Кейіннен дәмдеуіш қосып, дайын өнімді қаптауға жібереді.
Талғат Болатбекұлы «Жиеней» атымен жеке кәсіпкерлігін ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Күріш таяқшалары жасалатын шағын зауытта Есбол, Төребала техник қызметінде істесе, Елдос – қаптаушы, Мәуе – тазалаушы, Айгерім – заңгер болып жұмыс істейді. Бұл өнім көпшілік сұранысына ие болып келеді.
Қазіргі жастар бизнеске үйір. Әсіресе шағын және орта бизнестен бақ іздейтіндер көп. Әлбетте, бұл жақсылықтың нышаны. Өйткені олар бизнеске үлес қосу арқылы елдің экономикасын демеп отыр. Дамыған елдерде экономиканың негізгі тірегі біздегідей шикізат емес, бизнес екенін ескерсек, жастардың бұл қадамы құптауға тұрарлық. Ебін тауып әрекет етсе, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Әркім тек өзіне ыңғайлы, бейіміне қарай еңбек етсе болғаны.
Ақнұр САҒЫНТАЙ