ЖАҢА ӨНІМГЕ НАРЫҚТАН ЖОЛ АШЫЛДЫ
Өткен жылдың желтоқсан айында жеке кәсіпкер Виктор Александрович Павлов мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Қазақстан халық банкі» АҚ арқылы «Күріштен жасалатын қытырлақ тағамдар өндіру» жобасы бойынша несие алып, Ақай ауылы орталығынан шағын цех ашқан. Міне, бүгінде ақайлық кәсіпкер аталмыш жоба бойынша өзінің мақсаттаған ісін жүзеге асыруда. 5 тұрғынды тұрақты жұмысқа қабылдап, күріш дақылынан өндірілген қытырлақтың 8 түрін, оның ішінде «Тропик», «Мексикалық қытырлақ», сонымен бірге кептірілген балық қосылған, балық және соус дәмі бар, қауын дәмі енгізілген, малина жемісі және бал қосылған және басқа да балалар, тіпті ересек адамдар да сүйсініп жейтін қытырлақтар өндіруде. Осы ретте, өңір тұрғындарына жаңа өнім ұсынып, құрметке бөленген кәсіпкермен сұқбаттасқанымыз бар.
– Қызылорда облысы елімізде күріш дақылын өндіретін бірден бір аймақ. Сыр күріші тек елімізде ғана емес, көршілес шет мемлекеттердің де сұранысына ие. Осы орайда, менің көптен іске асырғым келіп жүрген жобамның бірі – күріштен түрлі қытырлақтар шығару болатын. Міне, бұл да жүзеге асырылды. Бүгінде біз өндірген өнімдер тек Ақай ауылындағы дүкендерде ғана емес Байқоңыр қаласындағы «Скиф трейд» және «Аспан Азия» сынды ЖШС қарасты ірі сауда орталықтары мен шағын кәсіпкерлік нысандарда, Төретам, Жосалы кенттерінің, сонымен қатар көршілес Қазалы ауданындағы бірнеше сауда орталықтарының сұранысына ие болды. Алдағы уақытта Арал қаласын қамтамасыз етуге жұмыстар атқарудамыз, – дейді кәсіпкер.
Иә, еңбек түбі – береке. Өзінің еселі еңбегімен туған елінің әлеуетін арттыруға атсалысып, еңбегінің зейнетін көріп жүрген ақайлық кәсіпкер Виктор Павлов алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді, өсімдік майы мен күріш соусын және күріштен мал азығын дайындауды және осы жұмыстар арқылы тағы да бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлауда.
Н.ӘБІЛАХАТҰЛЫ