» » Жастар жаңашылдыққа ұмтылады

Жастар жаңашылдыққа ұмтылады

          qarmaqshy-tany.kz Ел болашағы – білікті басшы, бірлігі бекем халық, жігерлі жас пен білімді ұрпақтың қолында. Біз өзгеріске қарай қадам басып келеміз. Бүгінде «Халық үнін еститін мемлекет» тұжырымдамасы арқылы елдің үнін, тілегін билік құрылымы еститін болды. Аудан әкімдері бұрын халық алдында жылына бір рет қана есеп беретін болса, қазір тоқсан сайын есеп беріп, облыс әкімдері жарты жыл сайын халық алдына шығып, тұрғындардың талап-тілектері тыңдалуда. Соңғы жылдары елдегі саяси-экономикалық реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқығын күшейтуге, қоғамдағы белсенділіктің қалыптасуына, түптеп келгенде ел халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту, өмір сапасы мен табысын арттыру жолында жағдай жасалуда. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпыныстың талап ететін жастық шақта ел болашағының даму жолында аянбай еңбек ету – әрбіріміздің міндетіміз. Қазақстан тарихын жаңа жетістіктермен және табысты жобалармен толтыратындар ол – жастар. Себебі жастар жаңа заманның сұранысына жылдам бейімделеді. Жаңа Қазақстанның келбеті – жаңаша ойлайтын талантты жастар. Тәуелсіздіктің тамырын тереңдетіп, елімізді іргелі мемлекетке айналдыру осы жастардың жауапкершілігінде. Біздің мойнымызда алдыңғы буын ағалардың адал жолын лайықты жалғастыру міндеті тұр.
         Жастар жас шыбық сияқты, оларды қалай исеңіз, солай иілуге әзір. Сол себепті ойы мен бойын түзеп келе жатқан Жаңа Қазақстанның өзгеруіне, ілгері дамуына жастардың жастық жігері жетеді. Ұлы ақын, ұлағатты ұстаз Мағжан Жұмабаев айтқандай, мына қоғам «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға үміт артады.
      Үйдегі болған «ыдыс-аяқтың» сылдырын тек өзара түсінісіп шешетініміз секілді, қоғамдағы қордаланған мәселені сырттан біреу келіп шешіп бермейді ғой. Қазақстан – бұл біздің өз жеріміз. Қандай іс қылсақ та, шын ниетімізбен, ақ көңілімізбен адал жасасақ, біздің қоғам дамиды, алға қадам басады. Мың шақырым жолдың алғашқы қадамнан басталатыны секілді, өзгеріске, жаңашылдыққа бет бұрсақ нәтижесіз қалмайтыны анық. Ел Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға айтқан өсиеті қандай? Әлбетте, жастарды жатыпішерліктен жиреніп, еңбекқор болуға шақырады. «Нанымызды адалынан жейік, табан ақы, маңдай терімізбен табайық» деп қысқа қайырды. Міне, бұл Жаңа Қазақстанды құруға ниеттеніп жатқан мемлекет басшысының көрсеткен бағыты. Бұдан артық қандай сөз қажет? Бізге жетіспейтіні де осы ғой. Кейбір жастар жеңіл жолмен тез байығысы келеді. Иә, бәзбіреулердің құлқынын ақша тесіп, адамдықтан аттап жатады. Түсіне білген адамға мұның астарында үлкен философиялық ой, «ала жіпті аттамау» тәмсілі жатыр емес пе?! Жастар еңбекқор болғанда ғана нарықта бәсекеге төтеп бере алады.
         Мемлекет әрдайым жастарға қолдау білдіріп, қамқорлық көрсетіп келеді. Биылғы жылдың өзінде жастарға арналған бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Айталық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деген сөзі көп жастың көңіліне демеу болды. Сәйкесінше Жаңа Қазақстанды жастар қолдайды және мүмкіндіктерін пайдалана біледі. Иә, жастар қандай да бір жарыс болсын маңдайы жарқырап көш басында келеді. Додаға түссе де  дес бермейді. Жас-жалындарымыз ақыл-ойының, тау қопарар талабының арқасында дүниежүзіндегі ең беделді жоғары оқу орындарда білім алып жатыр. Міне, бүгінгі жастарымыз осындай. Ал жас буын жемісті жетістіктерге жетуге үшін нақты іске, идеяға табан тіреуге тиіс.
         Жаңа Қазақтан – озық идеямен қаруланып, елінің гүлденуі жолына бар ерік-жігерін, күш-қайратын арнап отырған жастардың Отаны. Жаһандануға жұтылып кетпей, өз мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сақтап қалу  – жастардың, яғни біздің қолымызда. Жастар – ел ертеңі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрлеуі, елге қосар үлесі – Жаңа Қазақстанның, жарқын болашақтың кепілі болмақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
19 маусым 2023 ж. 371 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930