» » Бақыт балалы үйге қонады

Бақыт балалы үйге қонады

qarmaqshy-tany.kz Баласын құшағына тартып, жылуына бөлеп, мейірімін төгетін — ол әрине ана.
Мына заманда мұндай атаққа лайықты болып жүрудің өзі мәртебе. Осы атқа лайықтылардың лайықтысы жатады деп білемін.
Қармақшы ауылына барған тілшілік тірлігімізде бірге жүрген ауылдық әкімдік маманы Дәулет Аруханов бізді Батыр ана, Рыскүл есімді анамыздың отбасына әкелді.

Расында да, Өмірбековтер әулеті ауылдағы көпбалалы отбасының бірі екен. Әулет отанасы Рыскүл Тоқшылыққызы жұбайы Қалдыбек Есенжолұлымен құрған бақытты шаңырақта 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Біз осындай бақыттың құшағында татутәтті өмір сүріп жатқан шаңыраққа бас сұққанда онда үй иесі Мараттың 5 жасар ұлы Арсенді сүндетке отырғызып, алыстан құтты болсын айтып, әулеттің басқа да ұл-қыздары келіп жатыр екен. Біз де олардың қатарына қосылып, сәбиге құтты болсынымызды айттық.

Одан әрі қонақжай Рыскүл апайымыз дастарқан басына шақырды. Біз де келген мақсатымызды айтып, апамыздың әңгімесін тыңдадық.

«Мен осы ауылдың тумасымын. Қарапайым шаруа отбасында өстім. Оқыдым. Құдай қосқан қосағым Қалдыкеңмен отау құрдым. Қазақтың қарапайым келіні ретінде ата-енеме қызмет көрсетіп, 11 ұрпақ өсірдім. Ауыл жанындағы фермада 20 жылға жуық уақыт сауыншы болдым. Аманкүл Берманова, Зейнеш Тарбақова, Жақсыбике Күзенбаева, Райхан Аманова сынды құрбыларыммен сиыр саудым. Еңбегім де еш кетпеді. Бірнеше рет мадақтамаға ие болдым. Исағали Жұмағұлов, Жәлел Опашев, Әбдіхамит Киізғапов деген ел құрметтілермен бірге туған халқыма адал қызмет еттім. Ағалардан үлгі алып, шәкірт те тәрбиеледік. Әлимаш Жаңқасқаева, Асылбек Алмашев, Әмит Әкімтаев, Сағынбек Досмаханов сынды азаматтармен отбасылық қарымқатынаста болдық, қазір де болып келеміз. Содан кейін автодүкен көлігін жүргізуші болып ұзақ жыл еңбек еткен отағасым Қалдыкеңмен ел ауызындағы «Қарақұм емес, Қарағым» деп аталатын Қарақұмның №2 фермасындағы, «Тышқан тамы» елді мекеніндегі малшыларға азық-түлік, пошта, басқа да тұрмысқа қажетті тауарлар жеткізіп беріп тұрдық. Бұл қызметте де абыройлы болдық. Көптеген марапаттың иесі атандық. Қазақ даналығында «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» деген үлкен мағыналы ұғым бар. Шүкір, Жаратқанның жаныма серік еткен қосағыммен бірге ұл-қыз үкілеп өсірдік. Оларды үлкен өмірге қанаттандырдық. Ұлымыз ұяға, қызымыз қияға қонды. Барлығы да өз дәрежесінде білім алып, егемен елдің жарқын болашағы үшін еңбек етіп жатыр. Әрине, мұның бәрі мен үшін үлкен бақыт. Тек отағасымның осы қызықты көре алмай ерте кеткені болмаса», – дейді алтын құрсақты Рыскүл ана.

«Тәрбиелі адам тағаланған атпен тең», – дейді атам қазақ. Мұның мағынасына келсек, ұзақ жыл өмір сүріп, қоғамға көп пайдасын тигізген, өнегелі өмір жолымен туған халқының құрметтісі болғандарды айтады.

Иә, Ұлы Отан соғысының екінші жылында өмірге келіп, оның ащы да кермек дәмін татып өсіп, омырауында Алтын жұлдыз бен «Алтын алқа» белгісі, «Ана даңқы» ордені, «Ана» медалі жарқыраған Рыскүл анамыз бүгінде 81 жаста. Ол алтын құрсағынан шыққан 11 ұлқыздан тараған 43 немере, 20-дан астам шөбересінің алақанынан су ішіп, «аяулы әже» деген ардақты есімді иеленіп отырған бақытты жан, ауылдың ақ баталы анасы.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
30 шілде 2023 ж. 683 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (10377)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (10376)

01 ақпан 2025 ж.

№7 (10375)

28 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 364
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728