Түйе - түлік төресі
qarmaqshy-tany.kz Қармақшы ауылында Ойсылқара төлін өсіру кәсібімен айналысатын отбасылар жетерлік. Солардың бірі – жас та болса өзінің іскерлігімен, еңбексүйгіштігімен ауылдастары арасында құрметке бөленіп жүрген жас түйекеш – Ғани Жүсіпбеков.
Бала жасынан төрт түліктің осы түріне қызығушылық танытқан Ғани өсе келе арманын жүзеге асыруды әкесі Дүйсенбай Рахманқұлұлы мен анасы Мариямкүл Сәрсенбайқызының қолдауымен қолға алады. Халық ауызында «Дала кемесі» атанған осы бір үй жануарына деген қызығушылықтың арқасында бүгінде Ғанидың бағымында жүзге жуық түйе бар. Біз жас түйекешпен кездескенімізде ол түйе жануарына деген ықыласының ерекше екенін жеткізді.
«Мен Дүйсенбай әкемнің отбасындағы 4 ұл, 1 қыздың бірімін. Барлығы да білімді. Шаңырақтары бөлек. Мен бала кезден мал шаруашылығына жақын болып өстім. Әсіресе, түйе жануарына деген ықыласым ерекше болды. Түйе – түлік төресі ғой. Оның еті мен сүті емге шипа, жүні киім, мінсең көлік, жемшөпті көп керек етпейтін мал дегендей, түйе қай жағынан да адам өміріне көп септігін тигізетін асыл жануар. Міне, осындай үй жануарын қалайша жақсы көрмейсің. Менің кәсібімді ата-анам да қолдайды. Білмегенімді түсіндіреді. Анам сүтін сауып, құрт, ірімшік жасайды. Қорамда одан басқа асыл тұқымды мүйізді ірі қара, жылқыларым бар. Оларды да өсіріп, көбейтудемін. «Әйт, шуу!» деген – атанға демеу», «Әуп!» деген – ерге демеу», – дегендей, түйе тұрмысқа кіріс кіргізетін бірден бір түлік, сондықтан мен жастарды мал шаруасына, оның ішінде түйе ұстауға шақырамын. Бұған дейін әкем де мемлекет тарапынан несие алып, мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосты, қазір де қосып келеді. Мен де ата жолын қуып өрісімді кеңейткім келеді. Егер мендей жастарға мемлекет тарапынан қолдау көп болса», – дейді жас түйекеш Ғани Дүйсенбайұлы.
Жас та болса, шаруасына мығым Ғани Жүсіпбеков ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген азамат. Ол туған жерінің перзенті ретінде ауылдың көркейіп, гүлденуіне еңбек сіңіріп, өткізілетін қоғамдық, мерекелік шаралардың белсенді мүшесі ретінде көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға, дарынды жастарға қолдау көрсетуде де алдыңғы қатардан табылып келеді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ