» » » ШҰБАТ – ЖАНҒА ҚУАТ

ШҰБАТ – ЖАНҒА ҚУАТ

Біз күнделікті қандай тағам түрін тұтынамыз? Оған қаншалықты мән береміз? Алдағы ғасырда ұрпақ денсаулығы қандай болмақ? Бұл қазіргі қоғам мен тамақтану ғылымы саласындағы ғалымдарды ойландырып жатқан бас­ты мәселе. Себебі, қай кезде де ұлттың болашағы – оның саламаттылығымен, денсаулығымен өлшенері ешкімге жұмбақ емес.  Өткен тақырыбымыздың бірінде қымыздың пайдасына тоқталсақ, бүгін шұбаттың шипасын әңгіме етпекпіз. 


БИЕ СҮТІ – ДЕМГЕ, ТҮЙЕ СҮТІ – ЕМГЕ

Шұбат – түйе сүтінен дайындалады. Дәстүр бойынша шұбатты күбіге, яки түйенің мойнағынан немесе ешкі терісінен жасалған торсыққа ашытқан. Жалпы, түйе сүті – құнарлы келеді. Емдік, шипалық қасиеті қымыздан еш кем емес. Мысалы, қымыздың құнарлылығы – 499-528 ккал болса, шұбаттың қуаты одан да жоғары – 789-991 ккалға тең. Шұбаттың құрамы – түрлі дәрумен мен пайдалы элементке толы. Әсіресе, өкпе ауруына бірден-бір ем. Қазақстанда түйенің қазақтың айыр өркешті және бір өркешті (нар) түрі өсіріледі. Түйе сүті өзінің майлылығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, ол адам денсаулығына керекті амин қышқылына бай. Айтулы сусынды күнделікті тұтынған науқас ішкі ағза мүшелерін реттеп, тазартады. Халқымызда: «Бие сүті – демге, түйе сүті – емге» деген даналық сөз бар. Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Халық медицинасында түйе сүтін ауруды емдеу­ге қолданады. Әдетте, оны қарт кісілер бір мезгіл үйде ішіп отырады. Шипа сусынды пайдаланған адам терлеп, бойындағы суығын шығарады. Ұйқысы жақсарып, серги бастайды. Түйе сүті мен шұбаты – кеңірдек, асқазан мен ішек жолдары ауруларын да емдейді.

АСЫ САУДЫҢ – ДЕНІ САУ

Заманында Әбу Әли ибн Сина: «Адам ағзасына пайдалы шөптердің дені құмда өседі», – деген екен. Ал, «дала кемесі» атанған түйе сортаң, шөлейт жерде өмір сүріп, сол жердің шүйгін шөбімен қоректенетін жануар. Осыған қарап, медицинаның атасы – ибн Сина сөзінің жаны бар дерсің. Түйе демекші, түйе шаруашылығымен айналысатын біздің өңірде шұбат өндіруден кенде емес. Еті мен сүт өнімін сататын шаруашылықтар жетерлік. Соның бірі – кәсіпкер Қанибай Айтымбетов басқаратын «Қармақшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның қазіргі таңда 155 түйесі бар. Шаруашылықта қос өркешті асыл тұқымды түйелер өсірілуде. Түйе жануары екі жылда бір төлдейді десек, шаруашылық жылына шамамен 20-30 інген боталап, төлдетуде. Серіктестік түйе етімен бірге, аудан орталығына шұбатын да әкеп сатуда.
– Қазір адамның дені жұмысбасты. Сондықтан көшеден, асханадан тамақ ішуге дағдыланған. Ал, балаларымыз болса, көбіне чипсы, кока-коланы қорек қылады. Қазақ халқы саны жағынан онсызда аз ел. Оған түрлі ауруларды қосыңыз. Обыр, қан-тамыр аурулары бүгінде алға шықты. Сонымен қоса, бұл аурулардың қатары семіздікпен, белсіздік, бедеулік ауруларымен толығуда. Бұл бізге ғана тән дерек емес, бұл – бүкіл әлемге тән. Елбасы әр жылғы Жолдаулары мен стартегиялық маңызды құжаттарында отандық өнім жайында талай мәрте айтып келеді. Айтумен шектелмей, отандық өнімді пайдалануға шақырып та жүр. Өйткені, отандық өнім құрамы жағынан таза емес, химиялық қоспасы көп шетел өнімін мың орап кететінін зердеге құйып беруде. Өкінішке орай, өз өнімімізбен салыстыруға келмейтін, керісінше ағзаны улап, қорғаныштық күшін әлсірететін шетелдік өнімге  сұраныс кемімеуде. Бұл жөнінде Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов небір мінбеде айтып жүр. Түйенің сүтінің емдік, шипалық қасиеті ғалымдарды күннен-күнге таңқалдыра түсуде, – дейді серіктестік директоры.        
Түйе бүкіл жануарлар арасындағы шөлге төзімді түлік. Далада жайылады. Жантақ, раң, селеу секілді өсімдіктермен қоректенеді. Інгені күніне 2-3 мәрте сауылады. Күтімі жағынан да қиындық келтірмейді. Алдын алуға байланысты малдың түрлі ауруына екпе егіледі, – дейді Қармақшы ауылының аға ветеринары Баян Сұлтанбекова.

Түйін:
Қазақ – ырымшыл халық. Ол дінімізде жиі айтылатын адамгершілік, адалдық қасиетпен қатар, тұтынатын асының тазалығы мен сапасына жіті мән берген.  Себебі, ата-бабамыз адамның жақсы қасиетін – сапалы да адал асымен тікелей байланыстырған. Соның бірі де бірегейі – ұлттық сусынымыз – шұбат әркез дастарқанымыздан табылғай. Тектіліктің тамыры міне, қайда жатыр


Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
26 қараша 2018 ж. 2 819 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031