Өзбекстан Қызылорда облысынан мол көлемде түйе сатып алды
Өзбекстан Қазақстаннан ірі көлемде түйелер сатып алды. Атап айтқанда, түйе шаруашылығын дамыту мақсатында Өзбекстанның Тамдын ауданы Ок такир кентіне Қазақстанның Қызылорда облысынан 1 мың 500 түйе сатып әкелінді. Олардың арасында түйенің сүтті мол беретін аналық тұқымдары да бар, деп жазады "Қазақпарат" агенттігі "Уза"-ға сілтеме жасап.
«Түйелерді өсіру үшін 61 мың 814 гектар жер бөлінді. Келесі жылға дейін бұл жерден түйе сүті - шұбат жасап шығарылатын цех ашу жоспарланып отыр. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болады. Бұдан бөлек, түйенің жүнін тиімді қолдану бойынша шаралар жасалуда», - деп атап өтті «Навои-коракул» қауымдастығының төрағасы У. Халилов.
Сондай-ақ, осы мақсатты Канимех ауданында 3 мыңнан астам түйе өсіріліп жатқан үлкен аумақ бөлінген.
Былтыр осы ауданға түйеге міну үшін, сондай-ақ адамның иммундық жүйесіне қуат беретін шұбаттан дәм тату үшін мыңдаған турист келген.
Айдаркөл маңында 1000 түйеге арналған заманауи мал шаруашылығы кешенін ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл кешенде жылына 1000 тонна шұбат өндірілмек. Болашақта оны жылына 10 мың туристі қабылдайтын қазіргі заманғы экотуристік орталыққа айналдыру жоспарда бар.