АТА КӘСІП – МОЛ НЕСІБЕ КЕПІЛІ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт әлеуетін арттыруға арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында айқындалған басымдықтардың бірі – мал шаруашылығын өркендету.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Үкімет тарапынан асыл тұқымды малды дамытуға бағытталған бағдарламалар аясында аудандағы бірнеше қожалық құрылымына 60,9 млн. теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде, 16 шаруашылық 24450 мың теңгеге субсидия алып, жұмысын жүргізуде. Қожалықтардың ілкімді істері нәтижесінде 36 асыл тұқымды бұқа мен 127 аналық, асыл тұқымды қой бағытында өсіруге 11 бас қошқар сатып алынды. Ал, жылқы малын түрлендіруде іргелі істерімен танылып жүрген «Тұрымбет», «Қолғанат», «Шабан ата», «Тыйышбай», «Айгерім» шаруа қожалықтарымен бірге «Бертай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы алғанда 14 айғыр және 3 аналық бие сатып алып, Қамбар ата төлін түрлендіру арқылы нәтижелі жұмыс жүргізуде.
Сонымен бірге, бүгінгі таңда өңірімізде мүйізді ірі қара малын түрлендіруге байланысты жұмыс істейтін 30 шаруа қожалығы мемлекеттен 24866 мың теңгеге субсидия алып, селекциялық жұмыс жүргізу мақсатында 2360 бас асыл тұқымды аналықты түрлендіруде. Ал, қой төлін түрлендіруге байланысты 3 шаруа қожалығы 2646 мың теңгеге алған субсидиясы арқылы еткен кәсібінен нәсібін табуда. Аталмыш үш қожалық 1765 бас аналық сатып алды.
«Түлік төресі – түйе» дегендей, ежелден ата-бабамыздың мінсе көлігі, жесе асы, ішсе сусыны, күтімді қатты қажет етпейтін осы түлік түрін түрлендіруде де өңірде біршама жоба іске асырылуда. Нақтысын айтқанда, Қармақшы ауылындағы білікті сала маманы Қанибай Айтымбетов басшылық ететін «Қармақшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы түйе етін өндіріп, 590 мың теңге субсидия алды. Сонымен бірге, Біріккен Араб Әмірлігіне 6 бас түйені тірілей экспорттады. Серіктестік биыл да түйе етін өндіру және шет елге тірілей экспорттауға құлшыныс білдіріп отыр.
Бөлім мамандарының мәліметінше өткен жылы Тұрмағамбет ауылындағы Ержан Бисембаев басқаратын «НұрБерЕР» шаруа қожалығы Қазалы кентіндегі «Сыр маржаны» мал бордақылау алаңына 39 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын сатса, қожалық биыл да осы жұмысты жандандыруға белсенділік танытуда.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы аудан бойынша етті мал шаруашылығын дамытуда мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елден 150 бас мүйізді ірі қара және 7800 бас қой аналығын сатып алу, сондай-ақ 6400 бас және 1500 бас бұқашықты бордақылау алаңына өткізу жоспарда бар.
Осы ретте, «НұрБерЕР» шаруа қожалығының төрағасы Ержан Бисембаев өз жұмысын іргеліту бағытындағы жоспарымен бөлісті.
– Қазіргі таңда қожалықтың бағымында 156 бас ірі қара, оның ішінде аналығы 110 бас, 4 асыл тұқымдық бұқа бар. Мемлекеттен шаруашылықты күшейтуге бағдарламалар бойынша көмек алып жатырмыз. Елбасы сыр өңіріне сапарының бірінде мал басын көбейтуді, сол арқылы ата кәсіппен айналысып, мол табысқа кенелу керегін айтты, – деді Е.Бисембаев.
Қуандариялық Болат Бөгетов өзі басқаратын «Олжа» шаруа қожалығындағы өрелі істері жайлы хабардар етті. Одан бөлек бүгінгі таңда қожалық бағымындағы 132 бас мүйізді ірі қараның 127-і аналық, ал 5 асыл тұқымды бұқа барын сөз етті. Сонымен бірге, жүйелі жоспарларымен бөліскен қожалық басшысының өңірімізде мал шаруашылығын өркендетуге, ауыл әлеуетін арттыруға қосып жатқан сүбелі үлесіне ел-жұрт оң баға беретініне де көз жеткіздік.
Ауданда Елбасының қолдауымен төрт түлікті түрлендіру жұмысы қарқынмен атқарылуда. Нәтиже де жаман емес.
Н.ӘБІЛАХАТҰЛЫ,
«Қармақшы таңы».