Түлігі түгел, кәсібі кең ауыл
qarmaqshy-tany.kz Тарихи дерек пен көнекөз қариялардың айтуына зер салсақ, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдың соңында Кеңес Үкіметінің елімізде шағын серіктестіктер мен артельдерді біріктіріп, оларды ірілендіру саясатының нәтижесімен ауданда Құмжарған, Абыла, Көкшоқы, Алғабас, Қаракөл, Тасқын, Қайыршақты, Бозарық серіктестіктері құрылып, кейіннен оларды да ірілендіру мақсатында Абыла, 1 Май, Каганович, Қаракөл деп аталатын майда ұжымшарларды құрды.
Ал, өз кезегінде бұл ауылдарды Алмағамбет Сқақов, Жүніс Төлегенов, Хайрулла Байдүйсенов, Тарбақ Жапалақов, Ізет Қадіров, Сермахан Тұрабаев, Нұртаза Ахметов, Қалмұрат Тәжіманов, Міңкір Кішкенеев, Әбен Ниетбаев пен Әлия Арқабаева сынды ел құрметтілері басқарып, оның өркендеуіне үлкен еңбек сіңірді.
Сондай-ақ, 1950 жылы жоғарыда аталған майда ұжымшарлар ірілендіріліп, оның орталығы Каганович ауылы болды. «Қызылтам» ауылдық кеңесі ретінде оның төрағасы болып Омар Қошаманов жұмыс істеді. Осы ретте айта кету керек, манағы шағын ұжымшарда мекен еткен тұрғындарға орталыққа жиналу, жұмыс істеу қиындық туғызып, ауыл белсенділерінің ұйғарымымен, яғни шаруашылық әлеуетін арттыру мақсатында 1956 жылы «Қармақшы» қой кеңшары болып қайта құрылды. Оның орталығы Абыла стансасы болды. Кеңшар құрылған алғашқы жылы 5520 бас қой, 224 бас жылқы, 143 бас түйе мен 955 бас мүйізді ірі қара малы тіркелді.
лы тіркелді. Міне, осыдан кейін ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі арта бастады. Ал оның алғашқы директоры болып Александр Нагай тағайындалса, кейіннен оның орнын Сәндібек Нұғыманов, Смайл Байболов, Қоңырбай Молдабеков, Срайл Бектөреев деген арда азаматтар ауыстырып, елдің болашағы үшін еңбек етіп, құрметке бөленді.
Осындай атпал азаматтардың салған сара жолын жалғастыруда 1975 жылы аудандық партия комитетінің ұйғарымымен Исағали Жұмағұлов шаруашылық төрағасы болып тағайындалып, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанша абыроймен басқарды.
Осы жылдар аралығында қой саны 70 мыңға, жылқы басы 1000-нан асты, сондай-ақ, түйе 750 басқа жетті, тіпті ет-жүн өндіру де 6 есеге, қаракөл елтірісін өндіру 4 есеге өсті. Аудан дейміз ау, облыс, республика алдында шаруашылықтың беделі артты. Ауыл экономикасын нығайту, тұрғындардың әлеуетін арттыру мақсатында заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ел мақсатына жұмыс істеді. Ауыл іші көркейіп, гүлденді. Малшылар Қарақұмға жайлауға көшіп, төрт түлік санының артуына үлкен жұмыс атқарды.
Осындай еселі еңбектің арқасында «Қармақшы» қой кеңшарының аты облысқа, республикаға, одан қалды Одаққа танылды. 7 рет бүкілодақтық, 10 рет республикалық еңбек жарыстарында жеңімпаз атанса, бірнеше рет түрлі деңгейдегі ауыспалы Қызыл Туларды, Құрмет грамоталары мен дипломдарын жеңіп алып, шаруашылықтың, тіпті еңбек адамдарының суреті Құрмет тақтасына ілінді. Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесі мен республикамыздың Алтын кітабына шаруашылық пен еңбек озаттарының есімдері енгізілді.
Сонымен қатар, ауылдан Төлепберген Бөрібаев, Жұпаркүл Иманбаева сынды екі бірдей еңбек майталманы Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланды. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген Телқара Байзақов, Мыршай Қашақанова, Байтөлеп Малаев, Жұмабек Смағұлов, Әбілқасым Демеуов, Сүлеймен Құрмантаев, Түгел Абуов, Батырхан Жақсыбаевтай, басқа да орденді шопан, түйекеш, механизаторлардың атағы елге танылды.
Жуырда тілшілік сапармен осындай берекесі тасып, биік белестерді бағындырған Қармақшы ауылына жол салдық. Бізді күтіп алған ауыл әкімі Аязбек Есқараевқа мән-жайды түсіндірген соң, ол ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы әңгіме тінін тарқатты.
Әкімнің айтуынша өткен жылы жер, мүлік, көлік салығы 100 пайызға орындалған болса, жеке тұрғындар арасында мүйізді ірі қара – 2227 бас, жылқы – 1018 бас, қой – 2269 бас, түйе – 913 және құс – 687 болып тіркелген. Сондайақ, ауылда шағын және орта кәсіпкерлік те даму үстінде. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік «Ұлттық жоба» арқылы ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы қайтарымсыз грантқа қатысқан 18 тұрғын өз жобалары арқылы кәсіптерін дөңгелетуде. 3 тұрғын өндірістік бағытта шағын цех ашып, ауылдастарына түрлі кәсіпкерлік қызмет көрсетуде.
Енді бір айта кетерлік жайт, Туысбек Қалданов, Серік Сағынбек, Жандос Жолтаев сынды кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар аясында «Жылқы өсіру» бағыты бойынша еңбек етіп жатса, Наурыз Суатбеков, Орынбек Құндыбековтей жеке кәсіпкерлер бірі өз қаражатына, бірі қайтарымсыз грант арқылы «Дәнекерлеу», «Компьютер жөндеу» шеберханаларын ашып, халыққа қызмет көрсетуде.
Ауыл әкімі өткен жылы ауыл балалары үшін ойын алаңы пайдалануға берілгенін, Қызылтам елді мекеніне кіреберіс жол жөнделгенін айтты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының көптен көкейлерінде жүрген мәселенің бірі – «Қожатай» бөгетінің бүгінгі хал-ахуалы болатын. Оның да түйіні шешіліпті. Яғни, аудан әкімдігінің қолдауымен облыстық су шаруашылығы басқармасы арқылы қайта қалпына келтірілген. Ауыл тұрғындарының енді бір шешімін таппай жүрген мәселе «Қайран жарған» каналының сағасын жөндеу еді. Бұл да шешімін тауып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеп отыр. Ал, енді осы округ бойынша биылғы жылы атқарылған жұмыстарға тоқталсақ.
«Биыл ауыл орталығындағы тарихы тереңді бойлаған «Желдиірмен» жөндеуден өткізілуде, тамыз айында жұмысы аяқталып, ел игілігіне қызмет етеді деген ойдамыз. Сонымен қатар жақын арада ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуде жаңа су айдау стансасы да ел мүддесіне пайдалануға берілмек. Ендігі кезекте ауыл тұрғындары арасында бақша егуде облыстық табиғатты реттеу және пайдалану басқармасының қолдауымен жаңа насос сатып алынды. Бүгінде ауыл сыртынан бақша егуге ниет білдіргендер 18 гектар егістік алқапқа түрлі бақша дақылы, картоп, көкөніс егіп баптауда. Көп ұзамай оның жемісін көреміз деп те жүр бақшашылар. Күзде жоңышқа егуді де жоспарлап отырған жайымыз бар. Ауыл тұрғындарының аулалық бақшалық жерін аяқ сумен қамтамасыз етуде табиғатты реттеу және пайдалану басқармасының қолдауымен жаңа су айдау насосы сатып алынып, жұмыс істеуде. Бауыржан Төлеуов деген азаматымыз өз қаржысына дәнекерлеу цехын ашып, ауылдастардың сұранысын орындап жүрсе, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Гүлназ Әбдірахманова «Түйе өсіру» жобасы арқылы шұбат өндіру кәсібін қолға алуда. Енді бір айта кетерлік жайт, ауыл жастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда аудандық селолық тұтыну кооперативінің жұмыс істемей тұрған ғимаратын жастар жиналатын орынға айналдырып, аудандық жастар ресурстық орталығының демеушілігімен үстел теннисі сатып алынды. Бүгінде жастарымыз орталықта бос уақыттарын тиімді пайдалануда. Қызылтам елді мекенінде де биыл біршама жұмыс атқарылады. Атап айтар болсақ, ойын алаңын салу және елді мекенге кіреберіс жолға ауыл паспортын ілу жоспарлануда», — деді ауыл әкімі Аязбек Есқараев.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ