ТӨЛ ГАЗЕТТІҢ тұрақты қолдаушысы
qarmaqshy-tany.kz Әріден бастасақ, қазақ баспасөзінің тарихында Мұхамеджан Сералиннің «Айқабы», Ахмет Байтұрсыновтың «Қазағы» халқымыз үшін қандай қызмет атқарғандығы мәлім. Одан кейінгі де қазақ тіліндегі газеттер, оның ішінде «Қармақшы таңы» газеті аудан тұрғындары үшін қоғамның, өмірдің көшбасшысы болып келеді. Сондықтан тұрғындар туып-өскен өлкеміздің, республикамыздың мәдениәлеуметтік, рухани өмірі, халықтың өткені, бүгінгі тіршілігі, болашаққа ұмтылысы көрініп тұратын аудандық газеттен қол үзген емес.
Республикамызда қанша газет-журнал шығып жатса да, Қармақшы өңірі үшін «Қармақшы таңының» орны өз алдына бір төбе екені белгілі.
Аудан айнасын асыға күтетін жанның бірі – Мая Мұқатова. Ол ұзақ жыл бойы ауданның мәдениет саласында қызмет етіп, құрметті зейнет демалысына шыққан жан. Отағасы екеуін ауыл жұрты «кино қоюшы» отбасы ретінде танитын. «Қазіргі «Дүр Оңғар», «Ақтөбе» ауылдарына табақтарымызды арқалап, кино қоюшы едік. Сол уақыттан бері газетпен біргеміз» деп бастады анамыз әңгімесін.
– Өзіміз елдің ортасында жүріп қызмет еттік. Әліге дейін сыйлап тұрады. Жақында ғана мәдениет күніне орай бізді ардагер ретінде қонақ етіп шақырып, марапаттап жатыр. Осындай құрметке лайық болғанымызға шүкір дедік. Өзім кітап, газет оқығанды жақсы көремін. Соның ішінде аудан айнасына жыл сайын жазыламыз. Бұрынғы «Коммунизм шамшырағы», қазіргі «Қармақшы таңы» газетінде жұртшылықтың көңілінен шығатын талапты да талантты тілшілер баршылық. Оларды бөле-жарғым келмейді. Баршасына көрінбейтін жұмысы көп істі абыроймен алып жүргені үшін айтар алғысым мол. Жалпы, «Қармақшы таңы» газетінің аудан халқына берері көп. Бұл басылым арқылы облыс, тіпті, республикамыздағы қаншама ғалым, қоғам қайраткері, ақынжазушы, еңбек адамдары, әдебиетші, тарихшы, мұғалімдер, ұйым, мекеме, өнеркәсіп қызметкерлерімен қауышып, қоғамдық өмірдің әр саласына байланысты ой-пікірлерге ортақ боламыз. Сонымен қатар бұл газеттің Сыр өңірінен шыққан талай ақын-жазушыға ыстық ұя болғанын, әдебиетке деген ықыласын арттырғанын атап өткім келеді. Өйткені «Қармақшы таңы» қазақ сөзінің қырық қатпар қыры мен сан алуан сырын ашып, тіл құнарын меңгертетін басылым деп санаймын, – дейді ол.
Қазір немере бағып, қызық пен шыжықтың ортасында отырса да газет оқудан қол үзбеген апамыз, немерелеріне де мерзімді басылым оқуды үлгі ететінін айтады.
– Мен газеттің 35 жылдан бері тұрақты оқырманымын. Газеттің әр нөмірін асыға күтемін. Үйге бір себептермен келмей қалса, іздеп отырамын. Қармақшы өңірінің жаңалықтарын, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін оқып, біліп отырамын. Газет әр түрлі мәселелерді көтеріп отыр. Адамның ой-өрісін, танымын кеңейтуге түрлі тақырыптағы танымдық мақалалардың көп көмегі бар. Қазіргі дизайн да, ондағы көтеріліп жүрген мақалалар да ұнайды, – дейді зейнеткер ана.
Міне, жылдың екінші бөлігі басталды. Әу баста газетке тұтас бір жыл мерзімге жазылуды құнт етпеген, бәлкім мүмкіндігі болмаған оқырманның қайта ойланар шағы осы болатын. Оқырмандарымыз бізбен орта жолда қоштасқан жоқ. Газетіміздің екінші жартыжылдыққа арналған таралым жоспарының жобалануы көңілімізді көркейтуде. Жаңа маусым басталғанда «Біздің үйге газет келмей жатыр» деген тұрғындардың қатары артады. Оған қуанбасақ, ренжімейміз. Мәселесін тезірек шешіп беріп, бір марқайып қаламыз. Себебі үйіне газеттің келуіне бей-жай қарамай бізді іздеп отыратын ойлы оқырманның барлығы қуантады. Жасап жатқан ісіңнің өзгеге пайдалы болғанынан артық қандай бақыт керек? Бізге шабыт беретін де осындай ойы озық оқырмандар.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ