Әруақ сыйлаған азбас

Жұмыстан соң ішкі істер органының ардагері Ақылбек Ақтаев есімді ініміз, Әбдуәли ағай және Әсем Мерековамен бірге Қорқыт ата мемориалдық кешеніне жол тарттық.
Кеш. Күн ұясына түсе бастаған уақыт. Жарты сағатта біз діттеген жерімізге де жеттік. Әбдуәли ағаның бастауымен Қорқыт ата мемориалдық кешені жанындағы Ақсақ қыз мұнарасына келдік. Одан әрі жаяу теміржолдан өтіп, Сырдарияның жағасында орналасқан қорымға кірдік.
Сонда біз не көрдік десеңіз-ші? Қорымдағы зираттың көбісі жермен жексен болған. Кейбірінде арабша жазумен жазылған көктас бар.
Жүріп келеміз, Ақсақ қыздың көне моласы жанынан өтіп, сәл әріректе орналасқан зират басындағы құлпытасты ХVI- XVIІ ғасырларда өмір сүрген ақ боз атты Бәйтен Дәулеткеұлы батыр, одан кейін XVIІІ ғасырда өмір сүрген найман батыры Мәйгелді байдың есімі жазылған зиратты көрдік. Сәл әрі Қорқыт атаның орта ғасырдағы мазарының орнымен таныстық. Содан он метрдей қашықтықта төрт бұрышы ағаш қадамен қоршалған, бірақ ортасы түсіп кеткен белгісі жоқ зиратқа тап болдық. Әбдуәли ағаның айтуынша өткен жылдары бір адам осы зират басына мал шалғанда оның ауызынан кенеттен жалын атқылап, ол зорға тоқтаған екен. Содан біздер әрі қарай жүріп отырып, Кіші жүз табын аталығының батыры Сәрке батырдың зиратына келіп, Құран бағыштадық.
Әбдуәли ағаның жол бастауымен әріректе орналасқан тағы зираттарға тоқтадық. Онда есімі Сыр өңіріне танымал Төребай бидің мәңгілік мекен тапқан жеріне келдік. Ата рухына Құран бағыштап дұға еттік. Сонымен қатар, оның жанында баласы Ысқақтың жерленгенін, Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград майданында ерлікпенқаза болған Сердалы Дайрабайдыңтопырағы әкелініп қойылғанзиратқа да тағзым еттік. Көненнің көзі ретінде ортасы ойылып түскен көне зираттардағы араб тілінде жазылған құлпытастарды көрдік.
Әбдуәли аға бізге айтқан әңгімесінде өзін көптен толғандырып жүрген мәселенің бірі ол осы қорымды қоршау екен. «Жасым да келді. Күш-қуатым да әлсіреп бара жатқандай, десе де көзімнің тірісінде осы қорымды қоршауды мақсат етіп отырған жайым бар» деген ол «Жалғыз шауып жау алмас» дегендей, өзінің әлі келмейтінін айтып, қорымда жерленген әруақтардың ұрпақтары қолдау көрсетсе деген үмітін тілге тиек етті. Расымен де, қорымнан сәл алыстау жерде Алтын руыныңАйдар тайпасының әруақтары жерленген қорымы сол аталық ұрпақтарының қолдауымен қоршалыпты. Ендігі жерде қорымды соған қосып қоршаса деген ниетін де жасырмады.
«Бұл қорымда менің де ата-анам, бауырларым мен жарым, балаларым жерленген. Есімдерін атамай-ақ қояйын, елге танымал азаматтардың да ата-бабалары мәңгілікке мекен тапқан. Енді сол азаматтарды осында жатқан ардақтыларымыз риза болсын деген ниетпен қорым айналасын қоршауға шақырамын. Оған арнайы есепшот ашылды. «Өлі риза болмай, тірі байымас» дегендей, қорымды қоршауға қолдау көрсетсеңіздер жақсы болар еді» деді әңгімесін тәмамдаған ақсақал.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ