» Шешемнің қарғысы

Шешемнің қарғысы

Бұл әңгімені естігеннен кейін көңілімде біразға дейін сейілмей жүрді. Қазір анасын тыңдамай, зар қақсатып жылатып жүрген жігітсымақтар көп қой. Бәлкім солар ойланар деген оймен қалам тербеген жайымыз бұл.

Қайбір күні қаладағы жақы­нымыз қайтып, жұмысбас­ты­лықтан жол түспей, қырқында көңіл айтуға бір-ақ бардық. Ағайын-туыспен көрісіп, далаға шатырдың астына жайған дас­тарқанға қабыл болсын айтып отыра кеттік. Жағалай отырған ер кісілер бір-бірін көрмегендерімен қауқылдаса жағдай сұрасып, әңгіменің ығына көшті. Мұндайда үлкен ағалардың қалжың сөздері де жағаласып жүретін әдеті емес пе? Ондайды білгесін әдейі қастарында қатарласа жүресің ғой. Сәлден соң дастарқанға ас келіп, жаңағы күбірлеген әңгіме сәл саябырлады. Табақтағы ет туралған соң үлкендер жағы батасын беріп «ал тие берсінге» бас­ты. Ішіне ел барғандар қайтадан әңгімесін жалғастырып жатыр. Бізге қарама-қарсы отырған бір кісі жанындағысын сөзге тартып «Қалеке қалайсыз? Көрмегелі көп болды? Сіздерді Алматыға көшіп кетті деп естідім» деп әңгімесін бастады. Қолын майлық қағазға сүрткен әлгі кісі іркілместен сұрағына жауап қатты. «Иә, біраз болды. Оң аяқтан айрылғалы қаладамын. Жағдайым шүкір жақсы» дегеннен басы төмен түсті. «Естідім Қалеке. Не жағдай болды?» деп тағы сұраққа алды. Ағамыз қасындағылардан қысыл­ды ма?» «дастарқаннан тұрғасын айтып беремін» деп қысқа қа­йырды. Әлгі сұрақ мені де қы­зықтырып барады.
Ас қайырып Құран оқылған соң, қол шайып жаңағы ағалардың қасына қайта жақындай отырдым. «Иә, Қалеке айта отыр» деді әңгімесін тыңдай. Қалтасынан шақшасын шығарып, бір-екі шайқап, алақанына төгіп жіберіп бір-ақ атты да «Жаңабек менің қандай болғанымды сен білесің ғой. Қатты тентектігімнен талай ауылды шулаттым. Іштім, шектім. Ешкімді бетіме келтіргенім жоқ. Онымен қоймай шешеме сөз қайтаруды шығардым. Ішіп келіп үйден арақ сұраған кездерім болды» деп өткеніне бір күрсініп алды. Сөзіне қосылған Жәкең де «ой ол күннің несін сұрайсыз, сізді алыстан танитын едік қой» деп жұбатқандай күй танытты. Қалекең бір жымиып, әрі қарай сөзін жалғап... «Содан мен бір күні тағы мас болып келдім. Есімді білемін әйтеуір. Қорада шешем сиыр сауғалы жүр екен. Маған бұзауды шығар деді. Мен жындылығыма басып шарбаққа сүйеулі тұрған күректі алып бұзауды қуып шықпақ болдым. Анам «Ұрма! Жәй айдап шықсаң көнеді ғой» деп айқайлап жатыр. Оны тыңдап жатқан мен жоқ. Содан күректі қатты сермеп байғұстың артқы аяғын оңдырмай ұрдым кеп. Ана бұзау құлаған күйі тұра алмай қалды. Шешемнің жан дауысы шығып, жүгіріп келді. Жаны ашығаны соншалық маған «Аяғың сыңғыр, бұл қай ит қылығың» деп қарғап жібергені бар. Сол сөзі менің есімді жыйдырды. Әлі күнге есімде. Бірақ шешемнің бір ауыз қарғысынан асып кете алмадым. Көп ұзамай мотоциклден құлап аяғымды сындырып алдым. Содан бері осындаймын. Қазір бәрін тастадым. Өміріме қатты сабақ болды» деп тәбәріктен алған орамалымен көзін бір сипады.
Мұны естіген менің де ішкі жан дүнием бір шайқалды. Рас-ау. Кейде анамызды тыңдамай өз дегенімізді істеп жүретініміз бар. Ол былай тұрсын. Ішіп келіп анасына қол көтергенді көзбен көрмесек те былайғы жұрттан естіп жатамыз. Ана байғұс қашанда баласына кешірімді ғой. Дегенмен ызадан шығып кеткен қарғыстың бір сәтте қабыл болып кетпесіне кім кепіл? Ананы сыйлайық...

Ерсін ӘЛІБАЙ

---
31 шілде 2021 ж. 438 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 988

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031